Қазақстан қалаларында астана атауының өзгеруін қолдаған концерттер өтті
Қазақстан астанасы әкімдігі алаңының алдында ел астанасының атауын «Нұр-сұлтан» деп өзгертуді қолдау концерті өткен. Шараға 800-ге тарта адам жиналған. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Әкімдік хабарлауынша, жиында сөз сөйлегендер «Қазақстан астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілгенін қолдайтынын» айтқан.
Осыған ұқсас шаралар тағы бірнеше қалада – Алматы, Шымкент, Семей, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Атырауда өткен. Басылымдар жазуынша, Қарағандыда өткен жиынға «он мыңға жуық адам қатысқан».
Шарадан хабар таратқан мемлекеттік басылымдар Қазақстан астанасын «Нұр-Сұлтан» деп атауды қолдаған қала тұрғындары мен танымал азаматтардың сөзін келтіреді. Биліктегі «Нұр Отан» партиясы мен жергілікті әкімдік өкілдері Назарбаев саясатын қолдай сөйлеген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурыз, сенбі күні Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау туралы жарлыққа қол қойған. Dknews.kz сайтының жазуынша, ел астанасының атын өзгертуге шамамен 47 миллиард теңге (немесе 125 миллион доллар) жұмсалуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қызметіне кірісе сала Конституциядағы қайшылық көрінді
Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кірісті.