Тарихи — экономикалық материалды оқытудың әдiстемелiк жолдары туралы қазақша реферат

0

Тарих ғылымы, мектептiң тарих пәнi адамзат тәжiрибесiн, оның басынан кешкен қоғамдар тарихын баяндайтын болғандықтан, ол қоғамның барлық салаларын, қырларын қарастырады. Ал қай қоғамда болмасын, халық кәсiп еткен шаруашылығы- экономикасы, оның жетiлу, даму өркендеу тарихы болғаны белгiлi. Шақпақ тастардың көмегiмен тiршiлiк ету үшiн ағаштан, тастан қарапайым құралдар жасаған алғашқы адамдар тiршiлiгi мен қазiргi машина жасайтын зауыттарды жүргiзiп тұрған адамдар арасындағы кәсiби мамандық жөнiндегi айырмашылықты салыстыру тiптi мүмкiн емес. Осы өзгерiстердiң бәрi экономикалық дамудың нәтижесi. Сондықтан да басқа тарих курстары сияқты Қазақстан тарихындағы тарихи-экономикалық материалды оқытып, үйретудiң бiлiмдiк, тәрбиелiк әрi дамытушылық маңызы зор. Мұндай оқу материалы оқушылырдың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруға, тарихи дамудың заңдылықтарын түсiнуге, қоғам дамуындағы еңбектiң рөлiн, тарихтағы халық бұқарасының қызметiн ашып көрсетуге көмектеседi.

Қазақстандағы адамзат қоғамының дамуын алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, қазiргi уақытқа дейiн қарастыра отырып, оның шаруашылығында, экономикасында болған алуан түрлi өзгерiстердi, елiмiздiң қазiргiдей экономикасы гүлденген заманға қалай жеткенiн тарихи шындық тұрғысынан ашып көрсетуге болады.

Мектепке арналған тарих бағдарламалары мен оқулықтарында экономика мәселесi арнайы бөлiм болып, бөлек берiлмейдi. Қайта белгiлi дәуiрдегi, кезеңдегi елдiң қоғамдық дамуын баяндайтын бөлiмде, көлемдi тақырыптар құрамында, қоғамның басқа да салаларының даму тарихымен бiрге баяндалады. Мәселен, қоғамдағы саяси өмiр, Отанды қорғау, мәдени ескерткiштер туралы оқиғалар мен фактiлер бiр-ақ рет кездеседi, дәл осындай оқиға, фактi қайталанбайды, ал әр тарихи кезеңде кездесетiн осындай оқиғалардың бiр-бiрiне ұқсастықтарын және олардың айырмашылықтары мен ерекшелiктерiн оқушыларға түсiндiру үшiн бiр қатар фактiлердi жинақтау және талдау қажет. Әрине, бұл– күрделi жұмыс. Бұған қарағанда тарихи-экономикалық материалды оқытып үйрету жеңiлдеу. Өйткенi мұндай сипатты материал өте жиi кездеседi. Мәселен, ертедегi барлық жердегi, барлық елдердегi адамдардың бәрi де тiршiлiк ету үшiн өнiм өндiру керек болды және ол күн сайын, үнемi қажет едi. Бұл– қажеттiлiк, әрi тарихи заңдылық. Қазақстан тарихының ежелгi және орта ғасырында болған экономикалық құбылыстар дүние жүзiнiң көптеген елдерiнде де болған. Мұны оқушылар Қазақстан тарихы мен дүние жүзi тарихын қатар өтетiндiктен, оқып бiледi. Демек, қазiргi бағдарлама бойынша екi курсты қатар оқыту оқушылардың тарихи-экономикалық материалды тиiмдi оқып, меңгеруiне жағдай жасайды. Сынып жоғарылаған сайын тарихи-экономикалық материал кеңейе, әрi тереңдей түседi. Бұл– жалпы қоғамдық дамудың, әсiресе, экономикалық дамудың қоғам iлгерi басқан сайын күшейе түсетiндiгiнен болатын жағдай.

Қазақстан тарихындағы тарихи-экономикалық материалды оқытқанда мұғалiм төмендегiдей мiндеттердi орындауға назар аударғаны дұрыс.

1. Қазақстан тарихының тарихи-экономикалық материалында кездесетiн фактiлердi, құбылыстарды дүние жүзi тарихында оқытылып жатқан елдердiң осындай ұқсас материалмен байланыстырып отыру, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарының себептерiн анықтауға оқушыларды белсендi қатыстыру (8-сыныптан жоғары қарай).

2. Осы сипатты материалды өткенде 7-сыныптан бастап жиiрек кездесетiн негiзгi тарихи-экономикалық ұғымдарды: қанау, өндiрiс тәсiлiнiң ауысуы, пайда, шығын, салық, еңбек рыногi, жұмыссыздық, макроэкономика, бәсеке, рыноктiк жүйе, нарық, нарықтық экономика, қор биржасы, құнды қағаз, фирма, акционерлiк қоғам, валюта, дағдарыс, т.б. оқушыларда қалыптастыру қажет.

3. Қазақстан тарихының негiзгi бөлiмдерiн: ежелгi және орта ғасырларды, жаңа заман мен қазiргi заманды өткенде сол тарихи кезеңдердегi экономикада болған өзгерiстердi, ерекшелiктердi ашып көрсетiп, олар туралы оқушыларда берiк , әрi толық бiлiм қалыптастырған жөн.

4. Тәуелсiз Қазақстан Республикасы экономикасында болған аса маңызды өзгерiстердi, олардың себептерiн, нәтижесiн, келешегiн жан-жақты ашып көрсету, алыс-жақын шетелдермен орнатылған экономикалық байланыстарды нақты тарихи фактiлерге сүйене отырып түсiндiру, олардың елiмiз үшiн экономикалық пайдасын деректi мәлiметтермен дәлелдеу керек.

5. Мұғалiм тарих пәнiн оқытуда өзiнiң жинаған тәжiрибесiн; әсiресе жоғары сынып оқушыларының өздiгiнше атқаратын жұмыстарын ұйымдастыру әдiс, тәсiлдерiн тиiмдi пайдалана отырып, оларды тарихи-экономикалық сипатты оқу материалдарын талдауға, жинақтап қорытуға, меңгерген теориялық бiлiмдерiн оқу үрдiсiнде пайдалануға үйреткен дұрыс.

6. Тараудың тақырыбы тәрбие мәселесiне арналғандықтан, әрбiр тарихи-экономикалық оқу материалын өту барысында, сондай-ақ, оқытып болғаннан кейiн де оқушыларды белгiлi бiр тәрбиелiк қорытындыға әкелу керек. Мәселен, 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың бiрiншi жартысындағы қиындықтарды толық ашып көрсету, оларды болдырмаудың жолын iздестiру, бұл туралы оқушылардың пiкiрiн тыңдау – орынды. Немесе, елiмiздiң келешектегi экономикалық жоспарлармен таныстыра келiп, оқушыларды олардың ойдағыдай орындалуына мен де үлес қосамын деген қорытындыға әкелген пайдалы.

90-жылдары баспадан шыққан тарих оқулықтарында, жоғары сыныптардағы ХХ ғасырдың 30–80-жылдарының тарихын баяндайтын тақырыптарда тарихи-экономикалық материалдарға көп орын берiлген. Мұғалiм оларды сабақта пайдалануға да, iрiктеуге де шығармашылықпен қарағаны дұрыс. Бiрiншiден, оқу материалын iрiктеуде педагогика теориясының тарихилық ұстанымын басшылыққа алып, Кеңес мемлекетi кезiнде Қазақстан экономикасында болған жетiстiктердi тарихи шындық тұрғысынан көрсету керек. Екiншiден, оқулықтағы статистикалық материалдарды барынша сұрыптап, аса маңыздыларын ғана пайдаланған дұрыс. Басты назар сандық мәлiметтерге емес, адамдардың еңбегiн, оның нәтижесiн көрсетуге арналуы тиiс.

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!