Жастар жылынан не күтесіз? Сауалдамадаға қатысқандар пікірі
Туған жерге сүйіспеншілікті күшейту маңызды
«Жастар жылы» деп еншілеп, үкі таққаннан кейін келер жыл жастар қауымы үшін жақсылыққа толы болады деп ойлаймыз. Соның ішінде жастардың баспаналы болуына мүмкіндік көбейсе, тұрмыс сапасы артуының нақты көрінісі болар еді. «Болашақ» бағдарламасымен шетелге шығып, білімін жетілдіруді көздеген жастардың кепілге қояр бағалы мүлкі болмауы да түйткілді мәселенің бірі.
Тікелей өзім қызмет атқарып жатқан салаға келсек, Орал қаласындағы бүкіл ЖОО-лармен бірлесіп, жаңа жоба жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – жастарды жергілікті музейлерге тарту, туған өлкенің тарихын білуге қызықтыру. Жоба бойынша студенттер өңірдегі музейлердің жұмысымен танысып, тіпті гид, экскурсовод қызметін де атқарып көреді. Бұл жоба болашақ музей қызметкерлерін іріктеуге де көмектеседі. Қазірдің өзінде біздің музейге келіп, қосымша қызмет атқарып жүрген студенттер бар. Жалпы, ол студенттер болашақта музей қызметкері болмаса да, бұл жерде алған білімі, тәжірибесі өмір бойы азық болып, туған жерінің терең тарихы мен тұлғалары туралы жақсы біліп жүрері сөзсіз.
Мирболат ЕРСАЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры,
Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) Қазақстандағы өкілдігінің вице-президенті
Ауыл жастары қолдауға мұқтаж
2019 жылдың «Жастар жылы» деп белгіленуі – біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар Елбасы ауылдың жағдайын жағдайын жақсарту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Мен осы тапсырманы ойлай отырып, Жолдауды жүзеге асыру құжаттарында ауылдағы жастар мәселесін арнайы бір бағыт етіп енгізсе деймін. Себебі ауыл жастарының жағдайы, олардың спорт, мәдени-рухани шаралармен қамтылуы, бос уақыттарының тиімді ұйымдастыруы күні бүгінге дейін шешімін таппаған мәселе. Мысалы, мектеп спорт залдарының жастар үшін есігі әрқашан ашық емес, бірқатар ауылға кәсіпкерлер спорт залдар сыйлаған, ал мұндай кәсіпкері жоқ ауыл жастары қайтпек? Сондықтан бұл мәселені шешу тетіктерін «Жастар жылы» аясында іздестірсе дейміз.
Сондай-ақ тасада қалып қойып жатқан талантты ауыл жастарын, өнерпаздарды, өнертапқыштарды тауып, оларға қолдау көрсету, серпін беру, жеңілдетілген шағын несиелер алуына жағдай жасау да маңызды.
Тағы бір мәселе – ауылға барған жас мамандарға қолдау қажет. Қазіргі таңда шалғайдағы елді мекендерде дәрігер жетіспейді. Сондықтан оларды қызықтыратын қандай да бір тетік қажет және ауылға барған соң оның материалдық жағдайы түбегейлі шешілсе деймін. Жас маманның қызметте өсу сатысы ауылдан басталып, іс-тәжірибені ауылдан бастап жинағаны дұрыс.
Ауыл жастары белсенді, мысалы жыл сайын мектеп бітіргендер мерейтойын атап өту кезінде жастар жиған қаражаттарына думандатып тойлауды емес, туған ауылына қолғабыс тигізуді дәстүрге айналдырған. Бұл – жеріне болсын деген жақсы тілек, елінің қолтығынан демей білген перзенттік пейіл. Әр жылы ауылға түлектер сыйлаған сыйлықтарға қарап отырып, олардың қиялының шексіздігіне, ауылға не қажеттігін терең білетіндігіне сүйсінесің. Осы орайда ауылдың кем-кетігін және оны қалай еңсеру қажеттігін жақсы білетін жастардың өз кәсібін ашуына қолдау көрсетіп, олардың ұшқыр қиялдарын, жалынды күш-жігерін халық тұрмысына, ауыл өміріне жұмылдырып, қажетті игі істерді құзырлы орындармен бірге атқаруына неге жол ашпасқа?!
Ләйлі АЙТЖАНҚЫЗЫ,
Қалалық перинаталдық орталық директорының орынбасары, акушер-гинеколог
Маңғыстау облысы
Идеяларымызға мән берілсе
Менің ұсынысым – «Жастар жылында» өскелең ұрпаққа еліміздегі реформалардың мәнін «Рухани жаңғыру» аясындағы нақты іс-әрекеттермен тығыз үйлестіре жүргізген абзал. Өйткені кей замандастарым әлі күнге дейін тоғышарлық түсініктен, немқұрайлылық пен жайбасарлықтан арыла алмай жүр. Бұл санаттағылар ұлттық, мәдени құндылықтардың, қоғамдық пайдалы еңбектің қадір-қасиетін жете түсіне бермейтіндіктен, күнделікті өмірде нарық, жаһандану талап етіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болмай жатады. Бұл орайда, табысты тұлға болудың, ел азаматы дәрежесіне көтерілудің бір факторы ата-бабадан мирас болған ұлттық-рухани дәстүрді жалғастыруға, ізгі қасиеттерді дағдылы мінез-құлыққа айналдыруға келіп тірелетінін айрықша атар едім. Сондықтан сана-сезімге әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылтудың жолдарын күшейтпей болмайды.
Мүгедек адамдар үшін инклюзивті орталық ашу барысында кездескен бюрократтық кедергілер аз емес. Сондықтан біз сияқты жүріп-тұруы қиын жандардың жаңашыл ойлары мен идеялары бірінші кезекте ескерілгені дұрыс болар еді. Екіншіден, бұл бағыттағы грант мөлшерін көбейткен жөн. Өміршең, сұранысқа ие бағдарлама, жоба мән-маңызына қарай қаржыландырылса, жастардың зор ынтасын тудырары сөзсіз. Еліміздегі жастар бағдарламаларының бестен бірі ғана нақты қатысушысын тауып жатады екен. Демек, жастар саясатында ескеретін мәселелер аз емес деген сөз.
Ақжан КӘРІМ,
«Ардос-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің жетекшісі
Солтүстік Қазақстан облысы
Жастарды қолдан жасалған тосқауылдар тұсайды
2010-2014 жылдар аралығында мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасын игерген жастардың қатарында Нью-Йорк Кино өнері академиясында оператор мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінде «Мотор» жеке студиясында жарнама роликтерін, әншілердің бейнебаянын, ара-тұра телевизиялық жобалар түсірумен айналысамыз. Кейінгі кезде Украина, Ресей, Грузия тарапынан Қазақстанда ғана түсіруді діттейтін өте көп тапсырыстар ала бастадық. Себебі біздің студиямызда жас, талантты, кәсіби мамандар ғана жұмыс істейді, халықаралық тапсырыстар – біздің сапаға жұмыс істейтініміздің көрінісі. Маған жастарға қолдау білдіретін кез келген мемлекеттік бағдарлама бұрыннан ұнайтын. Президентіміздің арнайы «Жастар жылын» жариялауының аясында ауылдағы қарапайым жастардың, шығармашылық ортада жұмыс істейтін өнерлі жастардың, түрлі әлеуметтік салалардың бел ортасынан табылып жүрген маман жастардың басын біріктіріп, кәсіби, тұрмыстық қиындықтарын шешетін кешенді бағдарлама дайындалса, алдағы жыл расында да нағыз «Жастар жылы» болар еді. Қалтасында артық қаражаты бола бермейтін шығармашылықпен айналысатын жастардың әртүрлі шеберлік сағаттарына қатысуға, қатысып қана қоймай өзінің де ұйымдастыруына, тәжірибе толыстыруына, ал оқуын бітіріп, қолына диплом алғандардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалса, сөзден іске көшудің нағыз көрінісін көрер едік. Жас адамға ең алдымен не керек? Білгенін, жинағанын дәлелдейтін орта, кәсіби қабілетін жүзеге асыратын мүмкіндік керек. Жастарды, негізінен, қолдан жасалған тосқауылдар тұсайды, әйтпесе олардың қабілеті, қарымы көп дүниені жаңаша жасауға, жақсылап жасауға жетеді-ақ. Уақыт алға озып барады, айнала тұтас өзгеріске түсіп жатыр, жастардың да осы өзгеріске, кезеңдік дамуға қосар өз үлесі бар.
Айнұр ҚАШҚАРИМОВА,
кинооператор
АЛМАТЫ
Жаңа технология енгізу қажет
Елбасының биылғы Жолдауында 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы ерекше қанаттандырып отыр.
Мен Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Жылысу ауыл округі Мырзашоқы елді мекенінде тұрамын. Ауылда жұмыс көп. Мал бағып, егін егіп, көл-көсір пайда таппасақ та, бір әулетті асырауға мүмкіндік мол. Жеке кәсіп ашып, биыл 15 гектарға мақта ектім. Мақтаның бір келісін 188 теңгеден сатып жатырмыз. Бұдан бөлек, қорада 10 жылқы, 15 сиыр ұстаймын. Биыл мемлекеттік бағдарламамен несие алып, шаруашылығымды үлкейтсем деп отырмын. 2019 жылдан үлкен жаңалықтар күтемін. Әсіресе «Жастар жылы» ауылдың жастарына үлкен қолдау болады деп сенемін. Бүгінде ауылдардағы ахуал осыдан 10 жыл бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түсті. Істің басына жастар шықты. Өзімнің құрдастарым ауылға келіп, шаруа қожалықтарын құрып, тұрмысын түзетуде. Мақтадан дайын өнім шығару осы «Жастар жылы» жүзеге асады деген үміттемін. Ол үшін ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен қатар терең өңдеуді осы жастардың қолға алғанын, жаңа технологияларды енгізгенін және соған мүмкіндік жасалғанын қалар едім. Сондай-ақ барша қазақ жастары ауылдарды түлетуге аянбай атсалысса, айтулы жылдың тағы бір жаңашылдығы болар еді, яғни жастарды ауылға шақырамын.
Рүстем НАМАТТУЛАЕВ,
жеке кәсіпкер
Түркістан облысы,
Жетісай ауданы
Экологиялық жобалар ескерусіз қалмасын
Жастар жылына байланысты айтарым, экологиялық жобаларға мемлекет тарапынан көбірек қолдау болса, экология мәселесімен шұғылданып жүрген жастарға грант бөлу мәселесі қарастырылса деймін.
Қазір өздеріңіз байқасаңыздар біздің қоғам еліміздегі экологиялық жағдайды өте қатты сынайды. Бірақ экология жақсаруы үшін ештеңе істегілері келмейді. Сөз көп, іс жоқ. Әлеуметтік желіде айқайлап, пікір жазғанымен, тиісті орындарға хат жазуға, кездесулерде өз пікірін ашық айтуға келгенде тайсақтайды. Өздерінің заңды құқығын талап ете алмайды. Жақында біз Өскеменде экологиялық сенбілік ұйымдастырғанда көп адамның үйінен шығып, өз үйінің алдын тазалауға ерінгенін көрдік. Сенбілікте қала тұрғындарына аялдамаларға немесе қоғамдық орындарға орнатылған экоконтейнерлерге қоқысты қалай дұрыс бөліп, сұрыптап салу керектігін үйреттік. Біз негізі қоқысты үй ішінен сұрыптап, бөліп алып шығуға тиіспіз. 2019 жылдан бастап полигондарға қоқыстың бірнеше түрін тастауға тыйым салынатындығы белгілі. Демек, қоқысқа кез келген дүниені, оның ішінде пластикалық бөтелкелерді лақтыруға болмайды. Осыны жұрт әлі біле бермейді, бұған дайын емес. Сондықтан экология мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек.
Александра ОСИПОВА,
блогер, қоғам белсендісі
ӨСКЕМЕН
Жеңіл несие қарастырылса
Елбасы әрдайым білім мен жастар мәселесін егіз ұғым ретінде қарап келеді. Биылғы Жолдауында да білім, ғылымға бөлінетін қаражатты арттыруды, оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар жастардың кәсіппен айналысуы керектігін жиі айтып келеді. Бұл орайда жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған, оңтайландырылған жеңіл несие қарастырылса деймін. Себебі бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастар жетерлік. Мәселен, республикалық деңгейдегі жастарға арналған «Жас Прожект» жобасы талай жастың жұмыспен қамтылуына жол ашты.Қазіргі кезде елімізде үлкен жобаларды қолдауға арналған несие көптеп қарастырылған. Мұндай несиелерді де үлкен жастағы азаматтар алады. Келесі жылы жастар үшін жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобаларды күтеміз. Екіншіден, жастардың жиі бас қосып, пікір алмасып тұруы олардың ойы мен санасының дамуына өзіндік септігін тигізеді. Осы орайда жастардың бас қосатын орталығы «Жастар сарайы» болса деген ұсыныс бар. Бұл орталық ертең еркін пікір алаңына айналып, жастардың бәсекеге қабілеттілігін артыратын орын болатыны анық.
Үшіншіден, бүгінгі жаңа дәуірді жастар ақпарат ғасыры деп атап жүрміз. Осы ретте жастардың біліктілігін арттыруға арналған республикалық, халықаралық басқа арналармен мобильді байланыс орнату мәселесі өзекті. Бұл ұсынысты да жастар қолдайды деп сенемін.
Сонымен қатар Елбасы Жолдауда жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс екендігін ескертті. Одан бөлек, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды тапсырды. Сондықтан да келесі жылдан күтер жақсылық көп.
Үміт ІЛИЯС,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті
Жамбыл облысы