«Теледидар көру, домбыра үнін тыңдау – харам»: Әйел өзге ағымның жетегінде кеткен күйеуінен қалай құтылғанын айтты

0

Ақмола облысының тумасы Тоғжан Ахметова 37 жаста. Ол өзге ағымның жетегінде кеткен күйеуімен 8 жыл бірге тұрған. Оған 5 бала туып беріпті. HOLA News интернет-порталына эксклюзивті сұхбат берген Тоғжан өзге ағымның жетегінде кеткен күйеуімен ажырасып кетуінің себебін айтты.

Әйелдің айтуынша, түсініксіз жайттар оның болашақ күйеуімен бірге тұра бастағаннан басталыпты. Басында алкогольдік ішімдікке жақын ол, бір сәтте қойып кеткен. Өзіне «бауырлар» тауып, намаз оқи бастапты.

«Күйеуім үйде көп болмайтынды шығарды. «Бауырларымен» кездесуге кететін. Ал маған тек солардың әйелдерімен араласуыма талап қойды. Олардың барлығы хиджаб киетін. Кейіннен мен де хиджаб кие бастадым. Өйткені күйеуім үшін барлығын істеуге дайын едім. Бірте-бірте ол менің туыстарыммен араласуыма қарсы бола бастады. Бір жерге бару үшін күйеуімнен арнайы рұқсат сұрайтынмын. Ол жұмыс істемеді. Үйге ақша емес, хадистерін көтеріп әкелетін. Ал мен соның сөзінен шықпай, бала туып үйде отыра бердім», – дейді Тоғжан.

Алайда, уақыт өте келе Тоғжан хиджаб кию, небір хадистер оқудың қажеті шамалы екенін түсінгенін айтады. Бір күнде үстіндегі хиджабын шешіп, күйеуімен ажырасып кеткен.

«Біз ет сатып алмайтынбыз. Өйткені ол – харам болып саналды. Домбыра және ұлттық аспаптардың дыбысын да тыңдауға күйеуім тосқауыл салды. Өйткені ол да – харам. Тіптен үйге қонақ шақырмайтынмын. Балаларымды да үйірмеге апаруға тыйым салды. Ол ғана емес, әжетханаға кіргенің үшін де дұға оқисың. Теледидар көруге, телефон ұстап, әлеуметтік желілерде отыру да харам деп саналды. Үйде аш отырсаң да әйелге жұмысқа шығуға болмайтын. Өйткені – харам. Кейіннен балаларым ауыра бастағанда жанымды қоярға жер таппадым. Сонда ғана намаз оқып, тек сыйынып отыра берудің ешбіреуі көмектеспейтінін түсіндім.  Балаларға екпе салуға да тыйым салынған. Бірақ мұсылмандық тұрғыда емдеймін деген өтірік әңгіме екен. Балаларым ауыра бастаған соң күйеуіме білдірмей дәріханаға антибиотикке бардым. Сол кезде сыныптасымды кездестіріп қалдым. Оған басымдағы жағдайды айтып, қиналып жүргеінмді жеткіздім. Кейіннен ол маған Алматыға қашуыма көмектесті», – дейді бұрынғы өмірін қорқынышпен есіне алған әйел.

Содан бері Алматыда бес баласымен пәтер жалдап тұрған әйел қазір бақытты екенін айтады. Кәдімгі әйелдер секілді өмір сүре бастаған. Екі жерде жұмыс істеп жүрген ол балаларын үйірмеге де беріп үлгеріпті. Ал күйеуімен содан кейін еш хабарласпаған. Тіпті оның қайда екенінен хабарсызбын дейді.