Мәнерлеп сырғанаушы Тұрсынбаева әлем чемпионатында күміс алды
Мәнерлеп сырғанаудан Сайтамада (Жапония) өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева әйелдер арасындағы жарыста күміс медаль алды.
22 наурызда өткен негізгі бағдарламада Тұрсынбаева төрт айналым сальхов элементін секірді. Ол төрт айналым элемент секірген алғашқы әйел мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихқа енді. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында әйелдер арасында ешкім төрт айналым элемент секірмеген.
Тұрсынбаева негізгі бағдарламада Астор Пьяццолланың «Otoño Porteño» (Буэнес Айрестегі төрт мезгіл) музыкасына билеп, 148,80 ұпай жинады. Ал 19 наурызда өткен қысқа бағдарламада Бетховеннің «Piano Sonata #14» музыкасына билеп, 75,96 ұпай алған. Қос бағдарлама нәтижесі – 224,76 ұпай.
Тұрсынбаева ақпанның ортасында АҚШ-та өткен Төрт құрлық чемпионатында 207 ұпаймен күміс медаль алған еді.
Тұрсынбаеваны 2018 жылға дейін канадалық маман Брайан Орсер жаттықтырған. Ал 2018 жылдың жазында ол ресейлік жаттықтырушы Этери Тутберидзенің командасына ауысқан. Қазір Мәскеуде жаттығады.
Тұрсынбаева 2016 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиадада қола алған. 2018 жылы Саппорода (Жапония) өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.
Тұрсынбаева – әлем чемпионатында медаль алған екінші қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Қазақстандық Денис Тен 2013 жылғы әлем біріншілігінде күміс, 2014 жылғы әлем чемпионатында қола алған.
Тен 2018 жылы 19 шілдеде Алматыда ауруханада қайтыс болған. Көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болған спортшыны екі адам пышақтап кеткен. Сот спортшының өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты — 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.