ИМ Сириядағы соңғы территориясынан айырылды
«Ислам мемлекеті» (Қазақстанда ДАИШ деп аталады) экстремистік тобы Сирия аумағында бақылауда ұстап отырған территорияларынан толығымен айырылды. Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрлігі хабарлады. Ақпаратты 22 наурызда Ақ үй растады.
21 наурызда АҚШ қолдап отырған Сирия демократиялық күштері Сирияның оңтүстік-шығысындағы Багуз қаласын алу операциясы сәтті аяқталғанын хабарлаған. Багуз «Ислам мемлекеті» тобының Сирия аумағындағы соңғы территориясы болған.
«Ислам мемлекеті» — 2012 жылдары Сирия мен Ирак аумағында құрылған ұйым. БҰҰ мен әлем елдері бұл ұйымды террористік топ деп танылған. Олар Ирак пен Сирия аумағында шариғат заңымен өмір сүретін мемлекет құруды көздеген. 2013 жылдары Сирия мен Ирактың біраз аумағын басып алған. ИМ қысымынан кейін екі елден миллиондаған адам босып кеткен. Орталық Азия елдерінен ИМ қатарына қосылу үшін жүздеген адам Сирия мен Иракқа барған. Ұйым Еуропа және Азияда болған бірнеше терактіні өз мойындарына алған.
2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп ИМ тобының күйрегенін мәлімдеген.