«Баспана» басшысы «7-20-25» бағдарламасы жөнінде айтып берді
2018 жылғы 16 қараша 10:54 76
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматыда өтіп жатқан Қаржыгерлер конгресінде «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасының нәтижесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің әріптес банктер құны 50 млрд теңге болатын өтінім қабылдады. Оның ішінде 35 млрд теңгенің несиелері мақұлданды. Бүгінде ипотекалық ұйыммен 7 банк серіктесе жұмыс жасап жатыр. Біз ипотекалық нарықтың инфрақұрылымын жақсартатын, кредиторлардың құқығын қорғайтын, бизнес-процестерді автоматтандыратын, барлық нарыққа тиімді ықпал ететін дүниелерді қолға алмақпыз», -деді Қайрат Алтынбеков панельді отырыста.
Айта кетсек, ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы болатынын 5 мамырда мәлім еткен еді. Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі — алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық займдарды ҚР кез келген азамат ала алады. Ол үшін ең басты шарт — адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау және Шымкент қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады.