Элизабет Тұрсынбаеваның анасы қызын сынағандарға жауап берді
Қысқа сілтеме алу
Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль алып, сенсация жасады
НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз – Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева мен оның анасы Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатынан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алдымен Элизабет Instagram-дағы жеке парақшасында барлық бапкеріне алғысын білдірді.
«Этери Георгиевна, Даниила Марковича, Сергея Викторовича, Сергея Александровича және Людмила Борисовна қиын сәттерде маған сенім артты. Қолдау көрсетіп, дайындағаны үшін барлығына алғыс айтамын. Сондай-ақ жеңісіммен құттықтап жатқан жанкүйерлерге де ізгі ниетімді білдіремін. Керемет хаттар мен сыйлықтар жіберген жапониялық жанкүйерлерге жеке алғыс білдірсем деймін», — деп жазды қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы.
Сонымен қатар ол анасының жақсылығын ешқашан ұмытпайтынын жеткізді.
«Анам мені осындай жетістікке жеткізді. Әрқашан жанымнан табылып, қолдау білдіріп келеді. Анамды жанымнан артық жақсы көремін. Мені осылай тәрбиелеп, өсіргені үшін оған алғысым шексіз. Барлығы соның арқасында», — деді Элизабет Тұрсынбаева.
Спортшының анасы Падишахан Сұлтанәлиева қызы төрт айналымдық сальховты сәтті орындаған әлемдегі тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы екенін атап өтті.
«Элизабет Тұрсынбаева таланты мен қажырлы еңбегінің арқасында керемет дүние жасады. Ол Универсиадада жеңіске жеткен кезде танымал жаттықтырушылар мен спорт комментаторлары ол кездейсоқ екенін, жолы болғанын айтқан еді. Енді оның бұл нәтижесі – нақты жеңіс және Қазақстанның жеңісі. Шындықты айтатын адамдарға алғысымды білдіремін», — деп жазды ол Facebook-тегі жеке парақшасында.
Айта кетейік, 22 наурызда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Осылайша, ол тарихта ересектер арасындағы сайыста төрт айналымдық сальховты сәтті орындаған тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы атанды.
sputniknews.kz