БҮГІН СЕРІК СӘПИЕВТІҢ ТУҒАН КҮНІ

0
Олимпиада чемпионы бүгін 35 жасқа толды.

Серік Жұманғалиұлы 1983 жылдың 16 қарашасында Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген. Боксшы, олимпиада чемпионы, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, Парасат орденінің кавалері (2008 жыл), Отан орденінің иегері (2012), спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы атанған әлемдегі 13-ші спортшы, қазақстандық ең танымал боксшылардың бірі, 2014 жылдың қарашасынан бастап Astana Arlans командасының бас директоры.

Жартылай орташа салмақ пен бірінші жартылай орташа салмақта әуесқой бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы (2012), Баркер кубогының иегері (2012), әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007), күміс (2011) және қола (2009) медальдарының иегері, Бейжің және Лондон Олимпиадасында бокстан құрама команданың капитаны.
 

Балалық шағы

Болашақ әлем чемпионы бокспен 11 жасынан айналысып келеді. Өзі туып-өскен Қарағандының іргесіндегі Абай қаласында ол Александр Стрельниковтың тәрбиесін көрді. Жас талапкер білікті бапкерге бірден ұнады. Өйткені боксқа деген бейімділік оның қанында бар. Серіктің немере ағасы Бақтай да кезінде еліміздің қабырғалы боксшыларының бірі болған. Көзі қарақты көрермендер жетпісінші жылдары шаршы алаңда атой салған ол азаматты әлі ұмыта қойған жоқ. Бақтай Сәпиев кезінде жастар арасында КСРО чемпионы, ересектер арасында КСРО чемпионатының екі дүркін жүлдегері, социалистік елдер арасында өтетін «Достық» ойындарының жеңімпазы атанды. 1972-1976 жылдар аралығында Одақ құрамасының сапында болып, тоғыз бірдей халықаралық турнирде топ жарды. – Серік менің алдыма келгенде 11 жаста еді. Өзі нәзіктеу, тұйық болатын. Бірақ көзіне қарап-ақ тегін бала еместігін аңғардым. Жанарында бір ұшқын бар. Уақыт оза байқасам, өнері аздап ағасына келіңкірейді. Бақтай да техникалық арсеналы өте бай, жылдам боксшы болатын. Сондай қасиеттер Серіктің де бойынан табылды. Сол кезде мен бұл жігіттің шабысы ширақ болатынын байқадым, – дейді бапкері Александр Стрельников. Бір жылдай Стрельников бапкерден тәлім алған Серік әкесінің ақылымен Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында, білікті бапкер Сайын Аратаевтың қол астында үш жыл өткізеді. Интернатта үш жыл өткізген кейін Абай қаласына, алғашқы бапкері Александр Стрельниковке қайтып келеді.

Алғашқы жетістіктері

2004 жылы қарағандылық боксшы әскерилер арасында әлем чемпионы атанып, өзінің алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Сол маусымда ол 60 келі салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан чемпионы атанды. Осы табыстар талантты боксшыны қанаттандырып жіберсе керек, енді ол қарсыластарын қуып жүріп сабайтындай деңгейге жетті. 2005 жылы Серік Сәпиевтің жұлдызы жарқырай жанды. Ол 64 келі салмаққа ауысып, Қытайдың Миньян қаласында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғады.
 
Серік Алматыда өткен оқу-жаттығу жиынында сол қолынан жарақат алған болатын. Бірақ бұл жарақаты жайында бапкерінен басқа ешкімге тіс жарған жоқ. Өйткені бақталастары немесе дәрігерлер біліп қойса, жарысқа қатыспай қойдыруы да мүмкін ғой.
 
Сол жылы Сәпиев әлем кубогы бәсекесінде де теңдессіз өнерімен тамсандырды. Мәс­кеуде өткен додада Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орын алғанымен, Серік бірде-бір жекпе-жегінде жеңілістің дәмін татқан жоқ. Бірінші кездесуінде ол 10 секундтың ішінде Африка боксшысын нокаутқа түсірсе, жартылай финалда кубалық Йорданис Эрнандесті 46:35 есебімен еңсерді.

Бейжің олимпиадасы
 
Серік Сәпиев Бейжің Олимпиадасына соңғы өткен Әуесқой бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы ретінде өнер көрсетті. Қазақстанның алтын медальдан үмітті ең басты спортшысы Серік Сәпиевтің бұл Олимпиада ойындарында жолы болмады. Әлем чемпионатында топ жарған Серік 1/16 кезеңіне қатыспай, шаршы алаңда өнер көрсетуін бірден 1/8 бастады. Алғашқы қарсыласы венесуэлалық Джонни Санчесті 22:3 есебімен тізе бүктіреді. Келесі кезеңде 2004 Афина Олимпиадасының жеңімпазы таиландық Манус Бунджумнонг қарсы өткізді. Қарсыластарын әдетте оңай жеңетін Серік Сәпиев Манус Бунджумнонгтан айласын асыра алмады. Таиландық спортшы 7:5 есебімен жеңіске жетіп, әлемнің екі дүркін чемпионны Серік Сәпиевті медальсіз қалдырды.
 

Лондон олимпиадасы
 
Бакуда өткен Бокстан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Серик Сәпиев Лондон олимпиадасына жолдама алады. AIBA рейтингісінде өз салмақ жәрежесінде жоғары орында тұруына байланысты, Серік Олимпиада ойындарын 1-айналымнан емес, 2-айналымнан бастайды.

3 тамыз 2-айналымда жапондық Ясухиро Сузуки 25-11 есебімен оңай жеңіп, ширек финалға жолдама алады.
8 тамыз Ширек финалда венесэуалалық Габриэль Маэстре Перезпен кездесіп, 20:9 есебімен айтарлықтай оңай жеңіске жетті.
10 тамыз Жартылай финалда Серик Миланда өткен Бокстан әлем чемпионатында жеңіліп қалған ресейлік Адрей Замковоймен кездесіп жеңіске жетті.

14 тамыз Финалда шаршы алаң иесі Фредди Эвансқа жолыққан Серік, қарсыласын 17:9 есебімен тізе бүктірді. Серік бұл жеңіске қол жеткізу үшін 17 жыл аянбай тер төкті — деп, Александр Стрельников бапкер ағынан жарылды. Қазақ боксының ғана емес, әлем боксының жарық жұлдызына айналып үлген Серік Сәпиев Олимпиаданың ең үздік боксышы атанып, Баркер кубогын қанжығасына байлады.

Отбасы

Әкесі — Жұманғали Дәуітұлы Сәпиев
Анасы — Ирина Фоминична Сәпиева
Ағасы — Сергей Жұманғалиұлы Сәпиев
Ағасы — Бақытай Жұманғалиұлы Сәпиев
Қарындасы — Людмила Жұманғалиқызы Сәпиева
Жолдасы — Мөлдір Балғабайқызы
Серік бүгін де үш қыз тәрбиелеп отыр.

Дереккөз: kk.wikipedia.org