Кенесары Қасымұлы

0

 

    Жоспар

 І. Кіріспе

 ІІ. Негізгі бөлім

а)Кенесары Қасымұлы- аса көрнекті мемлекет қайраткері

б) Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісінің басталу себебі

в)Ұлт-азаттық көтерілістің қозғаушы күштері.

г) Қазақ хандығының қалпына келтірілуі

д) Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің жеңілу себептері мен салдары.Көтерілістің тарихи маңызы.

ІІІ. Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер.

Кіріспе. 

Кенесарының  саяси    көзқарастарының  қалыптасуына  әсер  еткен   әкесі- сұлтан  Қасым. Сұлтан  Қасымның  40  шаңырақты  ертіп  Көкшетау  маңынан  қоқан  шекарасына  көшуінің  басты  себебі — оның  патша  үкіметінің  округтік   приказдарды  құруына  қарсылығы.

Көтеріліс  бүкіл  үш  жүзді   түгел  қамтып ұлт-азаттық  сипат  алды. Көтерілістің  басты  қорғаушы  күші  қазақ  шаруалары  сонымен  қатар  ірі  ақсүйектер  да  қатысты. Олардың  мақсаты:

— Көтерілісті пайдаланып , бұрынғы артықшылықтарын қайтарып алу.

— Көшпелі феодалдың дербес мемлекеттің негізін салу.

Кенесары  бастаған  ұлт-азаттық  көтерілістің  тарихта  алатын  орны   ерекше. Сонымен  қатар  негізгі  міндет  жұмыстың  ішіндегі  Кенесары  бастаған  көтерілістің  негізгі  тауарлары  мен  пунктерінің  мәнін  ашып,  оларға  сәйкестік  беру.

Кенесары  көптеген  шайқастарда  өз  мақсатына  жету  жолында  асқан  қайсар  мінезі  мен  жауларына  қатыгездігі  оның  әмбе  қолбасшылық, әмбе  ұйымдастырушылық  ролі- тіпті  патша  генералдарының  өзін  таңқалдырып  отырғандығы  да тарихтан  белгілі. 

Көтерілістің  негізгі  мақсаттары:

1. Қазақ елінің патшалы Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген өңірлерінің дербестігін сақтау.

2. Қазақ жерлерін бекіністер мен округтік билеу арқылы отарлауды тоқтату.

3. Қоқандықтардың тепкісіндегі қазақтарды азат ету.

XVIII ғасырдың 30-40-жылдарынан бастап патшалық Ресейдің Қазақстанның біраз бөлігін өзіне қаратып, билік жүргізуі, қазақ дәстүрлі қоғамының ішкі істеріне күш көрсету, не болмаса қорқыту, сескендіру арқылы белсенді түрде араласуы ондағы сан ғасырлар бойы қалыптасқан түрлі құқықтық және әлеуметтік институттар арасындағы тепе-теңдікті бұзды. Ескі құндылықтар эрозияға ұшырап, өмір сүрудің жаңа тәсілдері мен формалары – өз халқының ортақ мүддесінен гөрі жеке басының мүддесін жоғары қоюшылық, сатқындық пен жікшілдік етек ала бастады. Қазақ халқының мемлекеттілігінің іргесі сөгіліп, шаңырағының шайқалуы салдарынан қазақтардың біраз бөлігін жат жұртшылыққа бодандық көңіл ауаны баурады. Бірақ қазақ қоғамындағы бұл психологиялық ахуал адамдардың шынайы өз еркінен гөрі мәжбүрліктен туындады. Бұл дертке, әсіресе, қазақ қоғамында мемлекеттілік символы ретінде саналып келген төре тұқымы тез шалдықты. Ресей боданына айналуға байланысты орнайтын «жаңа заманда» орын алып қалуға асыққан сұлтандар Орынбор мен Омбыға сабылып, өзіне қарасты рулармен «патша ағзамның құзырында болу» жөнінде ант-су ішті. Ақсүйектер әулеті екіге жарылды, ерте замандардан хан-сұлтандарының соңынан ерген қара халықтың арасына да жік түсті.

ХІХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында отарлау жүйесінің дәстүрлі қазақ қоғамының барлық өрісінде кең етек алуына себепші болды. Қазақ қоғамын көтеріліске бастау, халықтың күш-жігерін Ресей үстемділігіне қарсы бағыттау үшін оның арасынан көсем болуға лайық тұлға шығуы қажет еді. Дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай тұлға ақсүйек төрелердің ішінен шығуы – заңды құбылыс. Атадан балаға мирас болған билікке мүдделі ақсүйектер ішінен тарих осы рөлге Қасым сұлтанның отбасын, соның ішінде Кенесары Қасымовты бейімдеді.

Кенесары бастаған көтеріліс Ресейдің төңкеріске дейінгі тарихшыларының мұқият назарына іліккен болатын. ХІХ ғасырдың 40-жылдарының аяғынан бастап бұл оқиғаның жекелеген мәселелерін сипаттаған М.И.Венюков, В.Потто, А.Г.Серебренников, барон Услар, П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, Ш.Ш.Уәлиханов, И.Ф.Бабков, И.Завалишин, Л.Мейер, М.Красовский, Н.Коншин, Н.Середа, А.К.Гейнс, А.Янушкевич сияқты буржуазиялық-либералды бағыттағы зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапты. Олар өздерінің қоғамдық-саяси көзқарастарына орай бұл мәселені әртүрлі деңгейде қарастырды. Орыстың дворяндық-буржуазиялық та­рихнамасының монархиялық-отарлаушылық бағытының кейбір өкілдерінің бұл көтерілісті «бүлік», «қарақшылардың ісі» деп бағалауы және қазақ халқының азаттық үшін күресін теріс, субъективті түсіндіруінен туды.

ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін бағалау белгілі дәрежеде патшалық Ресей, кеңестік кезеңде де қолға алынып, тарихи зерттеу еңбектерінде көрініс тапты. Бірақ қай заманда да үстемдік еткен билік тарихи тұлғалар мен ұлт-азаттық күрес басшыларын өз идеологиясына қарай зерттеуді ұйымдастырып отырды. Патшалық Ресей үшін қазақ елінің хан, сұлтандары, би-батырлары орыс үкіметі жақтастары мен екінші топ «қарақшы», «барымташы», «бүлікшіл» атауларымен анықталды. Бұл дәстүр кейіннен кеңестік тарихнамада да жалғасын тапты. Соның ішінде хан, сұлтандардың қоғамдық-саяси қызметтері, олардың көзқарастары ашық бұрмалаушылыққа ұшырады. Кенесары тарихын зерттеген көрнекті тарихшылар мен әдебиетшілер Е.Бекмаханов, Б.Сү­лейменов, Е.Дильмухамедов, Е.Ысмайылов қудалауға ұшырап, ғылыми шығармашылығына тыйым салынды. Осыдан соң қазақ хандары мен сұл­тандарының қызметтеріне оң баға берілмей, олардың тарихын толыққанды танып білу мүмкін болмады.

Сондай-ақ аталмыш қозғалысқа қатысты құжаттар жинағын жинап бастыру ісі де ХХ ғасырдың бас кезінде қолға алына бастады. 1908-1915 жылдар аралығында Ташкентте Ресей әскери министрі А.Н.Куропаткиннің тапсыруымен полковник А.Г.Серебренников «Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края» деген атпен 14 томдық құжаттар жинағын бастырып шығарды. Осы көптомдықтың алғашқы бес томында Кенесары хан бастаған қозғалысқа қатысты 176 құжат жарық көреді. Мұның өзі Кенесарының көтерілісінің қырларымен танысуға мүмкіндік берген еді.

ХІХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында Қасымовтар отбасылық қауымының Орта жүздің және олармен көршілес Ұлы және Кіші жүздердің руларына ықпалы зор болатын. Көтеріліс кезінде сұлтан Бегалы Қоңырқұлжаұлының хабарламасында былай делінген: «…сұлтан Қасым Абылаевтың елірген ордасы мен балалары Ақмола округінің маңайын кезіп жүрген кезде, Бағаналы, Қыпшақ, Алшын-Жаппас, Табын, Керейіт және Жержетім – Шекшек болыстарында тонау мен барымта толастамайды, тіпті ізгі ниеттегілерді де жолдан тайдырады».

Бұл – көтерілістің әлеуметтік негіздері анықталған кезде Ресей өкіметімен қарым-қатынас құруға мүдделі ат төбеліндей саяси топтың жазғаны. 1837 ж. желтоқсан айындағы әкімшілік өкілінің құжатында: «Қасым Абылайхановтың елірген ордасын түбімен жою үшін басқарманың шешімімен (қазынадан қандай да шығын қажет болса да) қатаң шаралар қолдану. Әйтпесе Қасымның үрім-бұтағы біздің үкіметке қарсы қисынсыздықтарды, әсіресе, орыстарға бағынғаннан кейін өздерінің оған дейінгі бостандықтарынан айырылғандығы туралы ойларды біздің алаңғасар қырғыздардың көкірегіне ұялатып, олардың көңілдерін бұзуы мүмкін».

Бұл хабарламада Қасымовтар тегіне «елірген» деген анықтама берілген, сонымен қатар олардың ауызбіршілігі мен саяси бағыттылығы аталып көрсетілген. Ресей билігі Кенесарының, оның әкесі мен аға-інілерінің қайраттылығы мен жігерлігін назардан тыс қалдырмаған. Н.Середа өзінің мақаласында былай деп жазған: «1840 жылдан бастап Орынбор даласына Кенесары және оның әкесі сұлтан Қасым Абылаев келісімімен халық наразылығы айқын, үрейлі және созылмалы сипатқа ие болды. Орынбор әкімшілігі Кенесарының ерекше қасиеттерін ескеріп, оның әрбір қадамын аңдып, оның әрекеттерін алдын алуға мүмкіншілігінше тырысып бақты».

Кенесары көтерілісінің және оның ағасы Саржан бастаған қозғалыстың басты ерекшелігі – оған патшалық тәртіпке қайыспас қарсылық көрсеткен Қасым сұлтан және оның балаларының қатысуы. Көтерілісті тек Кенесары ғана емес, бүкіл Қасымның үрім-бұтағы басқарды, сол себепті де ол бүкілхалықтық сипатқа ие болды. Дәстүрлі қазақ қоғамында ұжымдық бастаулар маңызды рөл атқарды. Сондықтан Кенесары бастаған көтерілісті зерттегенде, оған ерген адамдардың басым көпшілігі осы бастауларды ұстанды. «Оған Орта және Кіші жүздердің ең ержүрек батырлары қосылып, бірге көшіп-қонды. Оған берілген көшпенділердің көбі орыстарға көніп өз қыстауларында отырғанмен, оған жасырын түрде зекет төлеп, орыстарға қатысты жаңалықтарды жеткізіп отырды» деп жазады Ахмет Кенесарин. Көтерілісте қазақ қоғамының саяси әлеуметтік және рухани өмірі көрініс тапты. Көтерілістің өзі күрделі, қайшылықтарға толы болды.

Кенесарының көтерілісі 1837 жылдың көктемінде, ол Ақмола даласына көшкеннен кейін басталды. Оның туының астына халық ағылып келіп жатты. Байдалы, Әлекі, Қойлыбай – Шағрай, Жасай – Қалқаман, Темеш, Тінәлі болыстарының қазақтары қосылды. Олар мал, қару-жарақ тартып алумен айналысты. Көтерілісшілермен келіссөзге кеңесші Менькович және Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин жіберілді, алайда олардың әрекетінен ештеңе шықпады. Менькович өзінің мәлімдемесінде былай деп жазады: «Оларды ауыздықтау үшін отрядтарды пайдалана отырып қатаң шара қолдану қажет, онсыз табысқа жетуіміз мүмкін емес, өйткені бұл болыстар бостандыққа үйренген, бағынуды ауыр езгі деп есептейді» деді.

1837 жылдың аяғында Кенесары қозғалысына 3858 отбасы қатысты, бұл көтеріліс идеяларының өміршеңдігі және Кенесарының беделінің жоғарылығының куәсі еді. Уақыт өте көтеріліс қарулы күрес сипатында жүрді, күз бен қыста қарулы әрекеттер орын алды, екі жақтан да шығын болды, «қолға түскен олжаны Кенесары өзіне берілген қырғыздарға өз қолымен таратты».

Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда Николай І патшаға жазған хатында ол атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «… Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, – деп жазады Кенесары император Николай І патшаға, – халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе, оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», – деп жазды. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, Кенесары ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады.

1838 жылдың жазына қарай көтерілістің тактикасы анықталды: олар бекіністерге шабуыл жасады. Ақмола қонысына, Тіленім-Шат, Көшекі бекіністеріне жасалған шабуылдар – осының айғағы. Кенесары Қазақстанның барлық ішкі аудандарында билігін жүргізді, оның жасақтарының саны жүздеп саналды. Саяси ұстанымы – патша әкімшілігі билігінің орнаған, рубасылары отаршыл саясатқа бейімделген бекіністерді шабуылдау болды. Кенесары қойған басты талап – бекіністерді жою және ішкі пункттерге шегіну болды. Өзінің талаптарын орындату үшін Кенесары қуатты бекіністерді, соның ішінде Ақмоланы басып алуға тырысты, 1838 жылдың тамызында Ақмола алынып, өрт құшты, Кенесарының қолына әскери тұтқындар түсті. Кенесары Абылайдың мұрагері ретінде Орта жүздің ханы болып мойындалғанмен, сонымен қатар Кіші жүздің рулары өзін хан ретінде мойындауын өте маңызды деп есептеді. Жалпы, қазақ ханы Абылайдың мұрагері ретінде ол өз билігінің заңдылығын нығайтуды және оны Торғай мен Ырғыз даласында бекітуді мақсат тұтты.

Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісте қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Середаның өзі былайша тамсана ой толғайды: «Кенесары өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді. Кенесары ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тос­қауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қарекет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады». Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән».

Кенесарының көтерілісін басып-жаныштауға белсенді әрекет жасаған Орынбор Шекаралық комиссиясының төрағасы М.В.Ладыженский Шығыс, Батыс, Орта Орда бөліктерінің аға сұлтандары Ахмет Жантөринге, Баймұхамед Айшуақұлына және Арслан Жантөринге жолдаған алғашқы бұйрықтары мен нұсқауларында-ақ Кенесары қосындарына барып қайтатын тыңшылар санын көбейтуді талап етті. 1844 жылдың 25 қыркүйегінде жазылған осындай құжатта: «Қазірдің өзінде аға сұлтан Арслан Жантөриннен мәліметтер келіп түскені, енді Ахмет Жантөриннен күтіп отырғаны» туралы айтылып, Кенесары ауылдарына таяу маңдарда көшіп-қонып жүрген қазақтардан, болмаса оның сенімді адамдарынан шынайы мә­ліметтер жинап, құпия түрде Шекара комиссиясының төрағасына хабарлап отырудың қажеттілігі көрсетіліпті. Мұндай жұмыстар үшін аға сұлтандарға «құрметті марапаттар», ал «жансыздарға» ақшалай сыйлық беруге уәде етіледі (ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 385-іс. 52-п.). Осы нұсқауға сәйкес аға сұлтандар барлау жүргізуге лайықты деген адамдарды іріктеп алып, Кенесары жасақтары орналасқан жерлерге жіберіп жатты. Оларға ешбір күдік тудырмайтындай желеулермен көтерілісшілер қосындарына еніп, мына жайттарды анықтау жүктеледі: 1) Кенесары ауылдарындағы үй саны қанша? 2) Ауылдары бір жерде ме, әлде әр жерде ме? Қонған орындары қайда? 3) Кенесарының үй-жайы, дүние-мүлкі қай ауылдарында, оларды бір жерде ұстай ма, әлде бөлектеп пе? Кімдер күзетеді? 4) Кенесарының өзі қай жерде және оған жақын жүрген сұлтандар мен құрметті кісілер кімдер? Қасында қанша адам бар? Барымтаға жіберілгендері бар ма? Болса, қанша кісі, қай жаққа жөнелтілді, кім бастап кетті? 5) Кенесарының шептерге, әскери отрядтарға, орыс бодандығына өткен қазақтарға қарсы қандай қимыл-әрекет жасау ниеттері бар? 6) Ол Сібір және Орынбор отрядтарының шыққаны туралы біле ме? Оған қарсы қандай әрекет жасамақшы? 7) Сұлтандар мен старшындардан шеп маңына шабуыл жасауға, барымтаға кімдерді қолайлайды, кімдерді көбірек жұмсайды? Олардың арасынан ең сенімді кісілері кімдер?  Шеп тұрғындары мен «қырғыздардан» барымталап алған мал-мүліктері қайда және олар қандай мөлшерде? 9) Тұтқындар қайда және қалай ұсталады, оларды қашырып жіберуге қандай мүмкіндіктер бар? 10) Кенесарының аға сұлтандарға және Ордадағы өзге де әкімшілік шен иелері мен құрметті кісілеріне пікірі қандай? 11) Осындай кісілермен астыртын байланыстары бар ма? Орыс бодандығына өткен, әкімшілікке жақын «қырғыздар» арасынан шепте және Орынбордың ішінде болып жатқан жайттарды жасырын жеткізіп тұратын кісілері бар ма? 12) Кенесарының өзі қай жерді қыстамақ? Қыстауда үй-орманымен бола ма, жоқ салт басы ма? 13) Оның мініс аттары, әсіресе, ұрысқа даярланған көліктерінің күйі қалай? 14) Оқ-дәрі мен мылтықты қайдан және қандай бағаға алады? (ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 385-іс. 5-10-п.п.).

Барлаушылар, әсіресе, Мыңбай мен Үмбет нұсқауда көрсетілген он төрт бап бойынша толық мәліметтер жеткізеді. Соңғылары Кенесары ауылы Қарақұмның «Қарасүңгір-Тұздақ» аталатын құдығында, оның отбасы, дүние-мүлкі, өзі де осында, Ордасы ауылдың нақ ортасында, жанында жүргендер Шоқпыт, Құдайменде, Ержан және Наурызбай сұлтандар, Жеке, Жанайдар, Сүтен және Шоқпар батырлар бар деп хабарлайды.

Осындай мәліметтер негізінде Орынборда Кенесары жасақтарының іс-қимылы, бір жерден екінші жерге қозғалуы, әскери қарымы қалт жібермей қадағаланады. Аға сұлтандар Кенесары мен Орынбор әкімшілігі арасындағы қатынастарды ушықтыруға, сөйтіп, Кенесарымен келіссөз жүргізуге мүмкіндік бермеуге барынша күш салады. Баймұхамед Айшуақұлы, әсіресе, Кенесарының Орта Азия хандықтарымен байланысы барлығы туралы хабарды тікелей Ладыженскийге жеткізіп, көтерілісті күшпен басу керектігіне ақыл-кеңес береді. Оның жоғарыда айтылған Жұмыр Ізмұхамедұлы деген тыңшысы қару-жараққа айырбастау үшін 1100 қой айдатқанын және оған қоса Кенесарының Хиуа ханына 30 жорға, 2 тұтқын орысты бір өкілімен бірге жібергенін, ханнан «орыстарға қарсы тұру үшін» деп екі зеңбірек, екі жүз шамхал (мылтық) сұратқанын естиді (ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 385-іс. 245-п).

Осы деректерді Баймұхамед сұлтан Орынбор Шекаралық комиссиясына жеткізіп, Кенесарының сөздеріне де, елшілеріне де сенбеуге үгіттейді. Отаршылдарды Кенесарының Орта Азия хандықтарымен қатынасы барлығы аса абыржытты. Патша өкіметі барлау мен тыңшылық қызметті өрістете отырып, 1845 жылдан бастап көтерілісті тезірек жаншу қамына көшеді. Бірақ 1845 ж. Ұлы жүз сұлтандары мен билерінің Ресейге бодан болуды қабылдауы көтерілісшілердің жағдайын ауырлата түсті. Патша өкіметі Ұлы жүз қазақтары мен Алатау қырғыздарының көтерілісшілер қатарына қосылмауы жөнінде сан алуан айла-амалдарды қолданды. Генерал-майор Вишневский Орта жүздің Аягөз, Қарқаралы, Көкпекті округтерінің аға сұлтандарын Кенесарыға қарсы күреске тартты.

1846 жылдың бас кезінде Кенесары Балқаш пен Іле өзені маңына қоныс аударды. Алайда осы уақыттан бастап Кенесарының опат болуына дейінгі көтерілістің соңғы кезеңі туралы зерттеулерде бірізділік жоқ. Е.Б.Бекмаханов пен Ж.Қасымбаевтың еңбектерінде патшалық Ресейдің Алатау қырғыздары мен Қоқан хандығының күштерін Кенесарыға қарсы бағыттаудағы әрекеттері нанымды деректер негізінде қарастырылған (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында. А., 1994. 335-б.; Қасымбаев Ж. Кенесары хан. А., 1993.). Е.Б.Бекмаханов орыс әскери шендері мен қырғыздар арасында тікелей байланыс орнатылғаны, жасауыл Нюхаловтың қырғыз билеріне хат жолдап, Кенесарыға қарсы бірлесіп күресуге шақырғаны туралы құжаттарды келтіреді.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде, яғни 1923 жылы Алаш зиялылары Ташкентте «Кенесары-Наурызбай» және «Қыз Жібек» қиссаларын біріктіріп кітап етіп шығарған. Оны құрастырған және түсініктерін жазған – белгілі қоғам қайраткері, ауыз әдебиетін зерттеуші Халел Досмұхамедов. Зерттеуші, әсіресе, «Кенесары-Наурызбай» қиссасының авторы Нысанбай ақынның сөздеріне және Кенесары өміріне байланысты кеңірек түсініктеме берген. Автор Кенесары бастаған көтерілістің соңғы күндеріне кеңірек тоқтады. Кенесарының қырғыздармен болған соғысына былайша тоқтаған: «Кенесары әуелі қазаққа жақын отырған Қосшы мен Солтыны шапқан. Онан кейін Сарбағышты шапқан. 1846 жылы осы күнгі Бішпектің төңірегінде бір үлкен соғыс болған. Келе жатқан Кенесарыны тоқтатам деп, Сарбағыш Қалпақ батыр көп қолмен Бішпектің төңірегінде Кенесарыға жолыққан. Көп қырғын болған. Соғыста Қалпақ өлген. Қырғыздар жеңіліп қашқан. Екінші үлкен соғыс 1847 жылы көктемде болған. Кенесары көп қолмен келіп, Кекілік тауына ордасын тігіп, Алатаудың теріскей жағындағы қырғыздарды шаба бастаған. Соғыстың мықты болған орны – Самсы (Шамшы) асуы, Ержанның қолға түскен жері де осы Самсы асуы» (Досмұхамедов Х. Кенесарының соңғы күндері. // «Жалын», 1994. №9-10. 228-294-бб.).

Кенесары Ұлытаудан, Кішітаудан, Іле өзенінің Балқашқа құяр жеріндегі «Қамауға» ауып барған. Кенесары «Қамауда» жатқанда 1846 жылы Аягөзден Кенесарыға қарсы патша үкіметі әскер жібереді. Әскердің бастығы Нюхалов деген жасауыл болады. Кенесары «Қамауды» тастап, Шуға қарай өрлейді. Нюхалов Қызылағашта жатып, қырғыздың манаптарына хат жазады: 1. Бұғы руынан Боранбай Баймұратұлына; 2. Сарбағышты билеп тұрған Орман Ниязбекұлына; 3. Солты руын билеп тұрған манабы Жанғараш Есқожаұлына. Ол хатта «Кенесарыға көнбеңдер, Кенесарыны жойыңдар. Кенесары – сендердің де, патша үкіметінің де дұшпаны. Патша үкіметі сіздерге жәрдемдесетін болады» деген мазмұнда (Недзвецский В.Е. Памятная книжка и адрес-календарь Семиреченской области на 1905 г. Верный, 1905. с.11.).

Сонымен қатар Х.Досмұхамедов Кенесары мен Наурызбайдың қалай қырғыздар қолына түскенін былайша жазады. Кекілік Сеңгірде қазақтар бытырап, жан-жаққа қашып кетеді. Кенесары мен Наурызбай да қашқан. Қырғыздар қуып, Шудың күншығыс жағындағы Кекіліктен он-он бес шақырымдай жердегі Алмалы сай, яки Су алман деген жерде аты тұрып қалған Кенесарыны ұстап алған. Наурызбай да сол шамада Кенесарыдан бөлек ұсталған. Төрелерді атқа мінгізіп, қырғыздар тау ішіндегі еліне апарады. Өздерін бөлек үй тігіп беріп, құрметпен сыйлайды. Кенесары, Наурызбайдың жатқан үйі Жолба деген қырғыздың үйі екен. Осы үйде төрелер жеті күн жатқан. Кенесарыны Сарбағыш Тастанбек балалары, Наурызбайды Сарбағыш Тілеуқабыл балалары жабылып өлтірген. Екеуі екі бөлек қойылған. Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқмақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағы болады. Наурызбайдың қайда көмілгені әлі анық емес (Досмұхамедов Х. Кенесарының соңғы күндері. // «Жалын», 1994. №9-10. 290-294-бб.).

Кенесары көтерілісінің кейбір қырларын аша түсуде Ә.Ділібаевтің еңбегінің орны ерекше. 1949 жылы Кенесарының қырғыздармен соңғы рет ұрыс жасаған жерлерін жаяу аралаған. Оқиғаға қатысқан батырлардың ұрпақтарынан көптеген әңгімелер жазып алады. Қолжазбадағы мағлұматтар ұзақ жылдар бойы ғылыми айналымға тартылмай келді. Ә.Ділібаев жинастырған материалдар тек 1999 жылы жарық көрді. Қордай ауданының «Талапты» колхозының солтүстік жағында жатқан бір қырқа болады. Ол жерді бұрын халық «Кене ханның ақ қырқасы» деп атайды екен. Ол туралы Нұрпа Төлебайұлы деген ақсақал былай дейді: «Ел жайлаудан түсіп, Шудың бойында отырған кез екен, бір күні ертең-ерте ақ қырқаға толған ақ үй қонып қалыпты. Сөйтсе, ол Кене ханның ауылы екен. Қордайдан түнде асып, сол жерге келіп қонған екен. Біраздан кейін ауылға жасауылдар келіпті. Менің әкем қасына кісі ертіп, ерулікке сойыс алып, ханның ауылына барыпты. Оларды қонақүйге түсіріпті. Бір кезде: «Хан шақырады», – деп екі жігіт келіп, оларды ертіп, ханның үйіне алып кіріпті. Сәлемдесіп, жөн сұрап болғасын Кене хан: «Жантай, Ормандармен ұрысайын деген жоқ едім. «Ел болайық» дегенге көнбеді. Жауға қосылды. Елшімді байлап, ұрлығын былай істеп жатыр. Кінә өздерінде, ертең елін шабамын. Дулат баласы, іргелі ел едіңдер, көздеріңмен көріп, олжаларыңды алыңдар», – депті. Бішпектің қасында қырғыздармен соғыс болып, қырғыздар қолы жеңіліп қашыпты. Түскен олжаны хан елге таратып беріпті де теріскейге қайта көшіп кетіпті деп менің әкем соның ішінде болып, олжа алған әңгімелерін айтып отырар еді. Кене ханның ту тіккен жері Майтөбе болған. Мен ол Майтөбені және Алмалы мен Суалман сайларын әдейілеп барып көрдім. Майтөбе, Шу өзенінің бойындағы кішілеу төбе. Оң жағынан 1-2 шақырымдай жерде арынды Шу ағып жатыр. Одан ары шығыстан оңға тартып, батысқа қарай кеткен қырғыздың Алатауы тұр. Оның төсінен құлай аққан Қызылсу, Самсы, т.б. сулар Шуға құйып жатыр. Майтөбенің терістік шығысына тие Кекілік тауының биігі «Әулие шоқы» тұр. Батыс жақ баурайында Чапаев атындағы колхоз бар. Оның батысында Шуға келіп тірелген үлкен сай жатыр. Ол сай қазір Қарақоңыз сайы деп аталады. Шудан бастап терістікке қарай шалқая сол Қарақоңыз сайымен 11-12 шақырымдай жүргенде үлкен екі тарау болады. Соның біріншісін «Алмалы сай» немесе жай ғана «Суалман» деп атайды. Ол екі сайдың іші толған қалың ағаш, ағын суы бар. Кенесары мен Наурызбай сол Алмалының ішінде қолға түскен (Ділібаев Ә. Ауыз әдебиеті үлгілері мен зерттеу мақалалар. Алматы, 1999. 85-88-бб.). Ә.Ділібаев Кенесарының жорығы кезінде қырғыздардың Шу өзенін бөгеп, қазақ жасағын сусыз қалдырды дейтін кейбір мәліметтерді де теріске шығарып, оның себебін айқын дәлелдермен көрсетіп береді. Кейбір әңгімелерде: «Манаптар Шуды бөліп жіберіп, Кенесарының жасағын сусыз тастапты» дейді. Оның ешбір шындыққа сыяр жері жоқ. Мен Шу бойымен өрлеп Майтөбеден жоғары 50-60 шақырым жердегі «Колос» колхозына және одан да ары бардым. Ол арада Шуды бұрған және бұратындай ешбір арна немесе ыңғайлы жер жоқ. Шудың оң жағы қайқы, көтеріңкі дөңес болып кетеді. Ол жаққа Шуды бұрды деушілік – тек жер жағдайын білмеушіліктің әсері. «Сол жаққа бұрды» – деуге тағы болмайды, өйткені ол жағы Буамнан бастап, Майтөбеге дейін Шуды жанай жарыса жатқан тау болады. Ал сонымен қатар таудан құлап, атырыла ағып, тас ағызып жатқан арынды Шуды ағызбай байлап қойды деу тіпті құлаққа кіретін емес. Оны тіпті осы күнгі техникалық дәуірдің өзінде істеуге болмайды. Сондықтан «Шуды байлап, сусыз қалдырды» деушілік – жер жағдайын білмей айтып жүргендердің сөзі. «Қазақ ССР-ның тарихында да» сондай етіп көрсетілген, бұл дұрыс емес деп жазады (Ділібаев Ә. Ауыз әдебиеті үлгілері мен зерттеу мақалалар. Алматы, 1999. 88-89-бб.).

Әдебиетші-ғалым Е.Ысмайылов тарихи жырларға сүйеніп және мұрағат деректері мен 1917 жылға дейін жарық көрген орыс зерттеушілерінің еңбектерін пайдалана отырып, Кенесары бастаған көтерілісті жан-жақты сипаттаған. Ғалым Қалижан Бекхожинмен біріге отырып, 1941 жылы Кенесары, Наурызбай және олардың батырлары жайындағы жыр-дастандар мен аңыз-әңгімелер жинағын баспаға әзірлеген. Зерттеу сол кезде еш жерде жарияланбай, тек 1948 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихында» Кенесары, Наурызбайға арналған VІІІ бөлімінде ғана кішігірім үзінді ретінде берілген. Ғалымның өз қолымен жазған 275 беттен тұратын қолжазбасы Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы. Е.Ысмайылов Кенесары бастаған көтерілістің тарихи маңызының зор екендігін байқатып, өз ойын былай деп баяндайды: «Кенесары бастаған қазақ халқының көтерілісі Ресейдің қатал, реакцияшыл патшасы Николай І-дің монархиясын Орта Азиядағы тегеурінді күшімен он жыл бойы сілкіндіре, үрейлендіре білген бұл ұлы зор қозғалысты тарих бетінде жоққа санау тарихты танудағы топастық екендігін мойындау керек» (Ысмайылов Е. Кенесары-Наурызбай бастаған халық көтерілісі. Алматы, 1941. ОҒК-ның қолжазбалар қоры. 1328 бума. 2-3-бб. ). Міне, автордың сол кездегі қоғамдық ойды қорықпай, ұлттық тарихты объективті түрде жазуға тырысуы оның еңбегінің құндылығын арттыра түседі. Ғалым «Кенесары-Наурызбай бастаған күресті қазақ халқының ұлт-азаттық күресі деуге бола ма? Мұны осы уақытқа дейін қалай түсініп келдік?» деген сұрақтар қоя отырып, бұл көтерілісті бағалаудағы үш түрлі көзқарас бар екендігін айтады.

Бірінші көзқарас – сол замандағы буржуазияшыл-шовинист тарихшылардың, патша шенеуніктерінің Кенесары ұры, ел тонаушы, барымташы «шайкілер» тобы деген. Бұл көзқарасты осы заманда да жаңартып, бірақ түрлі ауыр, жаман сөздермен бояп жақтаушылар табылады. Бұл жөнінде Якуниннің «Большевик Казахстана» журналының 1939 жылы 8-санында басылған мақаласын айтуға болады. Мұнда ол Кенесары ел тонағыш «шайкілер» тобы, хандыққа, шенге өкпелегіш, арғы тегі хан болып еді, тегі жаманнан жақсы адам шықпайды, сондықтан мұның қозғалысы халықтыкі емес, феодалдық қозғалыс дейді.

Екінші пікір – буржуазияшыл-ұлтшылдардың пікірі. Бұлар өз пікірін 1934 жылы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы қойылған кезде ашық айтты. Кенесары сияқты қанаушы таптан, хан тұқымынан шыққан алаяқ ұры арқылы қазақ халқының күресін көрсетемін деу – алжасқандық. Кенесарыны дәріптеушілер ханды арман етушілер деген провакациялық өсектерін таратып, қастық ниетпен пьесаны сахнаға қоюды тоқтаттырды. Кенесары-Наурызбайдың ерлік әрекетін сахнадан көріп, сүйсіне қол шапалақтаушы жұртшылықты – ұлтшылдық, обывательдік деп сөкті (Сейфуллин, Қабылов, т.б.; сонда 6-б.).

Келесі үшінші пікір айтылған 5-бет жыртып алынған. Дегенмен 6-бетке өткенде автор Кенесарыны айбынды батыр, халықтың шын қамқоры, досы болған ерлер деп бағалайтын пікір туралы айтады. Әрі қарай өзіміз осы үшінші пікірді қуаттайтын болғандықтан, осыны кеңірек түсіндірейік, – деп, Кенесары көтерілісін сипаттауға кірісіп, көтерілісті тудырған тарихи-қоғамдық себептерінің бастыларына тоқталады (Сонда. 10-20-бб.). Сонымен қатар зерттеуші салыстыру барысында Кенесары көтерілісі бұған дейінгі болған көтерілістерден аумағы кең және Қазақстанның негізгі аймақтарын қамтыды деп, қай аймақтар қатысқандығын айтады. Бүкіл қазақ даласы Кенесарыға тілектес болды, әр ауыл, әр үй Кенесарының қорғаны болды. Сондықтан көтеріліс бірден тез қанаттанып, ұлт-азаттық жолындағы бүкіл қазақ даласының зор халықтық қозғалысына айналды, – деп орынды тұжырымдайды. Кенесары қырғыздар қолынан мерт болғаннан кейін, Ресей империясының отарлауына қарсы күресті оның ұлдары Жапар мен Сыздық сұлтандар жалғастырды. Сыздық сұлтан Ресей билігіне қарсы жиырма жылға жуық ат үстінен түспей күресе білді.

 Қорытынды

Қорыта келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақ жерінде үш жүздің халқын түгелге жуық қамтыған және ұзақ уақыт бойы жүргізілген көтеріліс еді. Оның патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бұқаралық сипатымен және қазақ халқының тарихында ірі прогресшіл бағытымен айқындалды. Біріншіден, бұл қозғалыс бұқараның азаттық үшін белгілі саяси мектебі ретінде көзге түсті. Патшаның отарлау саясатына қазақ халқының кейінгі жылдардағы қарсылығы осы көтерілістің  негізінде өсіп дамыды. Оның сабақтары отарлау саясатының қаншалықты озбыр, қанішерлік, халықтың тәуелсіздігін аяқ асты етіп отырған саясат екенін түсінуге, оған қарсы күресте өзінің еркі мен жігерін ұштауға көмектесті. Екіншіден, патша өкіметіне тегеурінді қарсылық көрсетіп, оның отаршыл аппаратына ірі-ірі соққы берген бұл көтеріліс халықтың күш-жігерін дұрыс ұйымдастыра білгенде жеңіске жетуге болатынын көрсетіп берді. Сонымен бірге ол қазақ халқының өсіп-өркендеуіне, ұйымдасып дамудың даңғыл жолына шығуына феодалдық бытыраңқылықтың тұсау болып отырғанын да көрсетті. Үшіншіден, Кенесары көтерілісі патша өкіметінің қазақ халқына құлдық қамытын кигізіп, біржола езгіге салатын, отарлау саясатын ширықтыра жүргізетін сәтін біраз кешеуілдетті. Көтеріліс отаршылдық саясатты қазақ даласына енгізудегі соңғы тосқауыл, ақырғы қамал іспетті.

                                  Қолданылған әдебиеттер

  1. Әбдіров М. Кенесары және қазактар // Жамантаев К. Абылай.- Алматы, 1993.- б.120-125
  2. Бекмаханов Е. Кенесары Қасымов бастаған азаттық қозғалысы. Кенесары көтерілісінің қозғаушы күштері // Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында.- Алматы,1994.- Б. 174-200
  3. Дүйсәлиев Т. Қазақ халқының ресей отаршылығына қарсы КенесарыҚасымұлы бастаған 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы // Қазақ тарихынан.- Алматы, 1997.- Б. 492-520
  4. Bigox.kz Қазақша рефераттар
  5. Кенесары хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.98-101
  6. Бекмаханов Е. Кенесары-Наурызбай немесе Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан оның туысқандары жайлы кейбір деректер // Қазақстан әйелдері.- 1998.- №4.- Б. 4-6

.

Тағы рефераттар

 

 

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!