Қазақ хандығы

0

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ НЫҒАЮЫ

Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқы негізінде бірігуі арқылы 15-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендегсн қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешушi рөл атқарды.

1456-жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болған едi. Бұл оқиғаның мән-жайы мынадай болатын: 1428-жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай одағы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан Әбілхайыр хан бұрын Орда Ежен ұрпағы билеген Ақ Орда территориясы — шығыс Дешті-Қыпшаққа 40 жыл (1428—1468) үстемдік етті. 15-ғасырдың ортасында Әбілхайыр хандығында толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді. Аласапыран соғыстар мен феодалдық бытыраңқылық салдарынан Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан мал жайылымын пайдаланудың дағдылы көшіп-қону тәртіптері бұзылды, көшпенді тайпалар мезгілінде жайлау-қыстауларына бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың үстемдігінен құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың балалары Керей мен Әз Жәнібек бұл жағдайды өз мақсаттары үшін шебер пайдаланды да, «Әбілхайыр ханның үстемдігiне қарсы күрескен қазақ тайпаларының көсеміне айналды. Қалың қазақ тайпаларын бағыттап батыс Жетісуға қоныс аударды. Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434—1462-жылдары билік еткен) бұл қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Бұлар батыс Жетісуді тіректі мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды.

1462-жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы Тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті.

Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа телім болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті-Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып, масайрап отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Ол жаңа құрылған Қазақ хандығын тарпа бас салып жойып жіберуге сұқтанды. Он шақты жыл айналасында батыс Жетісу өңіріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қоныс керек етті. Ал көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық — Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтардағы егіншілік өнімдерін өткізiп егіс көлігін алуды аңсаған егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп шикізат (жүн, тері, т. б.) алуды аңсаған қолөнершілер де, сауда тауарын өткізіп пайда табуға саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтар мен қалаларды қол астына қаратуға феодалдар тіпті де мүдделі еді, әсіресе жаңадан шаңырақ көтерген.  Қазақ хандығын саяси-экономикалық база негізінде нығайту үшін Сырдария бойындағы қалаларды қарату төтенше маңызды еді. Сөйтіп жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдына үш үлкен тарихи міндет қойылды.

1.   Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дағдылы тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран арқылы бұзылған) көшпелі шаруалардың көкейкесті мүддесі еді.

2.   Шығыс пен батыс арасындағы сауда  керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы  Сығанақ,  Созақ, Отырар,  Яса   (Түркістан)   т.  б.  қалаларды  қазақ  хандығына қарату. Бұлар осы өңірдегі саяси-экономикалық және әскери-стратегиялық берік база болатын.

3.  Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын   біріктіру,   бұлардың   ішіндегі   маңдайалды маңызды міндет — Сырдария жағасындағы қалаларды қарату күресі болды.

Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің — Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Бұдан бұрынғы тарихта осы Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардыц саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді. Сырдария бойындағы егіншілігі мен қолөнері өркендеген қалалы аудандар мен сауда-саттық жасауға тек даланың әкімдері ғана емес, Дешті-Қыпшақтың шаруалары да ділгір болып отырды.

Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан еді. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен — тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ ойрат жоңғарларының тайшасы Амасанжының Моғолстанға ІІІабуыл жасауынан және Әбілханыр ханның Жетісудағы қазақ хандығына шабуыл жасауынан тізе қоса отырып қорғануды мақсат етті. 1468-жылы қыста Әбілхайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты. Әбілхайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің кеңеюіне үлкен орай тудырды. Әбілхайыр өлгеннен соң оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады: «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кеттi. Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың тап болған ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды, бұрыннан бері Әбіл-хайырмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары — Ахмет хан мен Махмұд батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханмен, сондай-ақ Ноғай одағын билеген мырзалармен одақтасып тізе қоса отырып күрес жүргізді.

Әбілхайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар бұл күресте мүлде жеңілді және өлтірілді. Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады, Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте толық жеңіске жеткен қазақ хандығы Әбілхайыр хан 40 жыл билеген шығыс Дешті Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. «15-ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды». Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.

Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық ханның (1480—1511) тұсында да толастаған жоқ. Сырдария бойындағы қалаларды алу үшін қазақ хандығымен таласқан белді бәсекелес Мұхаммед Шайбани еді. Сонымен катар Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да бұл қалаларды қолдарына түсіруге сұқтанды. Булардың бәрінің назары — Сырдария жағасындағы стратегиялық маңызы зор шұрайлы қалалы аудандарға арқа сүйей отырып, қазақ даласын басып алу және ондағы халыққа өктемдік жүргізу еді. Бұл қалалар үшін қазақ хандары да қажырлы қайрат жұмсады. Бұл күрестің мән-жайы мынадай болды: Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар өлтірілген соң Астраханьға барып паналаған Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани Астрахань қоршауынан қашып шығып, Туркістан аймағына келіп, Әмір Темір тұқымынан шыққан Мұхаммед Мәзит Тарханға паналады. Ол Мұхаммед Шайбаниды қолдап, қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470-жылы қыста қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі (Иренжі) Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұқараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы екі қала — Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының кұрамына кірді.

Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай ордасының әмірі Мұқса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді, Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған казақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынылық түбінде Мұхаммед Шайбанидiң әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды, бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай үздіксіз өмір сүріп отырды.

15-ғасырдың сексенінші жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан хандарына болысып, олардың колдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Қазақ ханы Бұрындық хан қырдан келіп Сығанақ каласып қоршады. Бұл кезде Мұхаммед Шайбани әскерлерінің бір бөлігі қала бекінісін қорғауға кетке-ді. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті. Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яса (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани жеңіліске ұшырады, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1466-жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.

Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласумен қатар, Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында да арпалыстар асқына түсті. Осындай арпалыстар барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482—1485-жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Моғолстан билеушілері Әмір Темір әулетіне қарсы жұмсау үшін Мұхаммед Шайбаниды қолдады, ал Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан оларға қарсы қазақ хандығымен одақтасты. Сонымен бұлар екі шекке айырылды. 15-ғасырдың басында Моғолстан билеушісі Жүністің баласы Сұлтан Махмұд хан Отырар қаласын басып алды да, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Мұндағы мақсаты — Мұхаммед Шайбаниды Әмір Темір әулетінен шыққан Ахмет мырзаға қарсы аттандыру еді. Моғолстан ханының қолдауына және Отырар сынды маңызды стратегиялық орынға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Яса (Түркістан) қаласын басып алды.

Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы аттанып, Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың атақты адамдарының бәрі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланысты еді. Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Сауранды билеуге қалдырған туыстарын қамап ұстап алды. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тиянағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен, қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. М.Шайбани қазақтармен 30 жыл соғысты. Ол осы соғыстарда бірде Әмір Темір әулетіне, бірде ноғай мырзаларына, ақырында Моғолстан хандарына сүйенді.

Бұл Соғыстар Сырдария жағасындағы отырықшы-егінші аудандар мен қалаларды қатты күйзеліске ұшыратты. 15-ғасырдың ақырында Отырар, Яса (Түркістан), Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлiгі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.

Қазақ хандығы шаңырағы көтерілген батыс Жетісудағы иеліктерін және Сырдария бойындағы отырықшы-егіншілік аудандары мен сауда, қолөнер және мәдениет орталығы болған Сығанақ, Созақ, Сауран қалаларын саяси шаруашылық және әскери тірек еткен қазақ хандары Дешті-Қыпшақты басып алуға ұмтылғандардың бірінен соң бірін жеңіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты. Қазақ хандарыныц билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауараннахрға ығысуға мәжбүр етті. Ол 1500-жылы ондағы Әмір Темір әулегін талқандап, Мауараннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауараннахрға енген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақ) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды.

Бұл көршi тайпалар  Дешті Қыпшақтан ала келген өзбек деген атау бiрте-бірте, Мауараннахрдың байырғы тұрғындарына жалпылас-ты. Бірақ олар «өзбек»  деген аты болмаса жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмаған». 15-ғасыр мен 16-ғасырдың өліарасында (1500-жылы.) Мұхаммед Шайбани (Шайбах) хаанның Дешті Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауараннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен қазақ хандығының жерін кеңітіп, беделін арттырып, ерікті елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау 6-7-ғасырдан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатуға мүмкіндік  берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бірі-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылатын болды»

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!