XІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүз қазақтарының сауда-саттық кәсібі

0

Кіші жүз жерінде патшалы әкімшілік-баскару жүйесінің орнауы, қазақ даласында хандықтың жойылуы елге саяси өзгерістер әкелсе, сонымен бірге шаруашылық саласында да көптеген өзгерістер ене бастады. Ресейдің отарлық саясаты ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, Кіші жүз даласын экономикалық жағынан оған тәуелді етіп қойды. Себебі өндірістің пайда болуы казақ даласындағы байырғы шаруашылықтың ыдырауын туғызған. Казақстан біртіндеп патшалы Ресейдің шикізат өндіретін аймағына айнала бастады. Ал мұның өзі сауда-саттық істің жандануына әкелді. Осыдан соң қазақ даласында бұрыннан келе жатқан керуен саудасы дамумен қатар тұрақты жұмыс істейтін жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңке базар болғаннан кейін оған апаратын тауар керек. Сондықтан қазақтардың шаруашылығы осыған бейімделе бастайды. Қазақтар саудаға араласады. Сөйтіп, XІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардан сауда кәсіпкерлері қалыптасты. Алғашқы қазақ саудагерлері бай мен сұлтандардан шығады. Қазақ саудасымен айналыспаған, сауда оның ата кәсібі болмаған деген пікір соңғы кезде айтылып жүр. Бұл дұрыс емес. Сонау ерте кезден-ақ қазақ даласынан керуен жолдары өткен ғой. Ал Жібек жолы ше? Ол Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жері арқылы өтеді емес пе? Жібек жолындағы қалалар сауда орталығы болған жәрмеңкелерге малдарын әкеліп сатқан қазақтар сауданы білген және онымен айналысқан керуен жолдарындағы қазақтар малдарын өзіне қажет тауарға айырбастаған. Ал Орта Азия хандықтарымен көрші, сондай-ақ Ресей шекарасында жақын жердегі қазақтар саудамен айналыса отырып, малдарын өз өнімдеріне ақшаға да сатқан. Алып сатарлық сауда жүйесі онша дами алмаған. Сауданың бұл түрі Кіші жүз даласында барлық жерде бірдей дамыды.

Қазақтардағы сауда-саттық дала өнімдеріне сәйкес, өз ерекшелігімен дамыды. Сондықтан қазақ саудасының үш түрі болды. Біріншісі – ежелден келе жатқан керуен жолдарындағы ішкі қазақ даласындағы айырбас сауда, екіншісі – жәрмеңкелердегі сауда жазғы және күзгі мал жайылымдарына жақын жерлерде жасалды. Үшіншісі – тұрақты сауда — XІХ ғасырдың екінші жартысында патшалы Ресейдің отарлық саясатының ішіне енуіне басталып, Қазақстан жері түгелдей өлкеге айналған кезеңі қалыптасты.

Қазақ даласындағы сауда ісі қалай дамыды, енді соған тоқталып көрейік. ХVIII ғасырдың басы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ-орыс саудасы дами бастады. Айырбас сауда Кіші жүз қазақтары үшін Орынбор қаласы орталығы болды. Орынбор қаласының маңындағы қазақтар үшін және Орта Азиямен сауданы дамыту үшін орыс әкімшілігі Орынбор қаласынан тұрақты жәрмеңке ашты. Бұқар, Хиуа хандықтарынан келген керуенмен бірге қазақтар да малдарын Орынборға әкеліп айырбас сауда жүргізген. Орынбор қаласы өзі салынған күннен бастап, Кіші жүз қазақтары басқаратын әкімшілік орталығы болумен қатар, сауда орталығы да болды.

Патшалық Ресейдің отарлық саясатының көздеген мақсаты сауданы дамыта отырып, қазақтарды Ресей рыногына тартумен қатар, болашақта қазақ даласы арқылы, Орта Азияға және Қытай мен Үнді елдеріне бару, біртіндеп Орта Азия хандықтарын өзіне бағындыру еді.

Ресей отарлық саясатын жүргізген алғашқы қадамында, осы міндет бірінші орында тұрған. Сондықтан Орынбор қаласына татар саудагерлерін әкеліп, орыс өндірісінің тауарларын көптеп толтырып байқау жасалған. Сауданы ынталандыру шаралары жүргізе отырып, патша өкіметі 1747 жылы қыркүйек айының 22-і күні сыртқы істер коллегиясының жарлығымен «Қытай шекарасынан бергі қазақтарымен сауда Орынбор қаласында ешқандай салықсыз жүргізілсін», — деп шешкен.[1] Бұл шара тек Кіші жүз қазақтары емес, Орта жүз қазақтарының да Орынбормен сауда жасауына жол ашты. Қазақ сауда ісін алғаш қолға алғандар қазақтың хан, сұлтан, старшындары мен билері болды.

 

Қазақтардың Орынборда сауда жасауға деген ниеттерін біліп, әкімшілік тек қана қазақ сұлтандары мен билері емес, кім сауда жасағысы келеді, олардың бәріне Орынбор қаласының қақпасы ашық деп жариялап қазақтарды саудаға тартты. Мысалы, орынбор қаласына қазақтар көптеп келе бастады. 1764 жылы 14 563 қазақ келсе, 1786 жылы 67 602 қазақ келген. Ал 1764-1792 жылдарда барлығы 365 788 қазақ Орынборға келіп сауда жасаған.[2]

Орынбор сауда орталығына ішкі Ресейден мата, оның ішінде кендірден тоқылған және жібек мата дайын киім, қой терісінен жасалған сырт киім, әр түрлі бояумен боялған орыс былғарысы, жер майы (керосин), былғары заттар, темір, шойын, мыстан жасалған тауарлар әкелген. Қазақтар малдарын бидай мен ұнға да айырбастаған. 1762 жылы – 14 776 пұт,  1772 жылы – 132 876 пұт бидай мен ұнға айырбастап сауда жасаған. Астық саудасының көбеюіне негізгі себеб, Ресей әкімшілігі бұл кезде орыс-қазақ саудасына кеден салығын жойған еді. Астықты көбіне Кіші жүз даласындағы қазақтар алып отырған.

Бөкей ордасында қазақ саудасы негізінен жәрмеңке арқылы дамыды. 1813 жылы хан ордасы болған Орда селосында жәрмеңке ашылды. Орда селосы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының жерінде қазір де бар екенін жоғарыда айттық. Хан ордасы болған бұл тарихи селоның бұл күнде азып-тозып бара жатқандығы туралы көп айтылып жүр. Оның жөні де бар. Орда селосына мемлекет тарапынан қамқорлық керек. Өйткені онда өткен тарихымыздың ескеркіштері сақталған. Орда жәрмеңкесі Кіші жүз даласындағы ірі сауда орнына айналды.

Жәрмеңкеге тауар мен мал әкелген адамдардың саны жыл сайын өсіп отырған. 1846 жылы 1750 адам келсе, 1847 жылы 2184 адам келген.[3] Әр губерниядан келгендер малдың өздеріне қажетті түлігін сатып алып отырған. Мысалы, ірі қара малды көбіне Владимир және Саратов губерниясының көпестері, жылқыны – Саратов губерниясы саудагерлері, Дон және Жайық казактары, қойды – Пенза мен Тамбов, түйені – Орынбор губерниясының көпестері сатып алған. Сонымен бірге жәрмеңкеге қазақтар қойдың жүні мен терісін көптеп әкелген, оларға да сұраным көп болғанын көп болғанын көреміз. Теріні Мәскеу мен Симбирск көпестері сатып алса, жүн мен ешкі түбітін Тамбов көпестері алған.

Хан ордасындағы жәрмеңкеге келген қазақтар саудадан түскен ақшаларына өздеріне керекті тауарларын сатып алып отырған. Олар: орыс көпестері әкелген астық, елтірі, маталар, барқыт, парча, Бұқар мен Хиуа халаттары, қант, шай, мыс пен жезден жасалған заттар және ағаштан жасалған бұйымдар.

Тұрақты сауданың дамуы қазақ даласында тауар-ақша қатынасын күшейте түсті. Қазақ шаруашылығы бұл тауар-ақша кәсібіне бейімделе бастады. Кіші жүзде тұрақты сауда орталықтары Гурьев, Уральск, Калмыкова, Ақтөбе, Қазалы, Перовск қалалары болды. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары қалаларда кішігірім дүкендер мен сауда лавкалары пайда бола бастады. 1850 жылы Орал қаласында 658 дүкен, Гурьевте – 171, Калмыковада – 6 дүкен, барлығы – 835 дүкен болған.[4]

Қазақ даласында Ресейден астық әкеліп жатса, орыс губернияларына мал көп сатылған. Мал қазақ-орыс саудасында бірінші орын алған. Қазақ малдарын орыс көпестері сатып алып Ресейдің ауыл шаруашылық өнімдерін ұқсататын өндіріс орындарына өткізген. 1837 жылы Орынбор қаласында жылына 70 мың пұт қойдың майы ерітіліп, өңделген. Мал саудасында Ресейге қазақ жерінен Орынбор және Кіші жүз жеріндегі жәрмеңкелер арқылы жылына 100 мыңдай мал апарылған. 1816-1820 жылдар арасында Орынбор арқылы 592 251 мал сатылса, ал Троицк қаласы арқылы 14 743 мың мал сатылған. [5]

Орыс-қазақ саудасында Ресейден қырға қант әкелініп, орыс көпестері қантты малға және мал өнімдеріне айырбастап көп пайда тапқан. Қантпен сауда жасау жыл сайын өсіп, қазақ даласына көп әкелінген. Мысалы, 1803-1807 жылдары – 1900 пұт қант әкелінсе, 1842-1845 жылдары – 16 959 пұт қант сатылған. 1800-1840 жылдары қант саудасы 8 есе өскен.[6]

Кіші жүз қазақтары үшін керуен саудасының маңызы өте зор болды. Қазақтар саудаға араласып, керуен жолдары өтетін ауылдарда керекті тауарларын малға және мал өнімдеріне айырбастап алып отырған. Мысалы, темір мен жезден жасалған тауарлардың 41-64 %, матаның 44-66 %, басқа тауарлардың 55-71 % қазақ даласында қалдырып отырған. [7]

Кіші жүз даласы арқылы Орта Азия мен Ресейді байланыстырып тұрған бірнеше керуен жолдары өтті. Бірінші керуен жолымен Орта Азия тауарлары Маңғыстау жері арқылы Каспий теңізіндегі Қараған айлағына дейін. Одан әрі Каспий теңізі арқылы Еділ өзенінен шығып, Астрахань арқылы Нижний Новгородқа дейін барған. Хиуадан Қарағанға дейін сауда керуені үш жеті жүрсе, осы жол арқылы Бұхарадан Қарағанға дейін төрт жеті жүрген, ал Қарағаннан теңіз арқылы Астраханьға дейін екі күннен сегіз күнге дейін жүрген.[8]

Екінші керуен жолы Орынбор қаласынан Жайықтың сол жағалауынан жүріп отырып Оралға дейін, одан әрі Сарайшық фортын басып Гурьев қаласына дейін.

Үшінші керуен жолы Бұхарадан Ор бекінісіне дейін, Кіші жүз даласы арқылы Сырдария өзеніне дейін, одан әрі 300 шақырым Әмудария өзеніне дейін.

Төртінші керуен жолы қысқа жол деп есептеледі. Орынбордан – Елек бекінісіне дейін, одан әрі Елек өзені арқылы Ембі өзенінің жоғарғы сағасы, одан Сыр өзенінің төменгі сағасы арқылы Қазалы, Перовск қалалары, Түркістан, Ташкент, одан әрі Бұхараға дейін. [9]

Бесінші керуен жолы Орта жүз жері арқылы Шығыс Сібір қаласы Тобыл – Бұхар керуен жолы. Тобыл қаласынан Ертіс өзені арқылы, Есіл өзенінің жоғарғы сағасына дейін, Орталық Қазақстан даласы арқылы жүріп отырып Сарысуға дейін, одан әрі Түркістан қаласы, Сыр өзенінен өтіп Бұхар қаласына жеткен.

Раин  бекінісі салынғаннан кейін Арал теңізінде мемлекеттік кеме флотилиясы құрылып, Арал теңізі арқылы да тауар тасылып, жылына 1500 пұт әрі жүк тасымалданған.[10]

Қазақ жерінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап, одан кейінгі жылдары қазақтан басқа ұлттар өкілдері — өзбек, татар, башқұрт, армян, орыс, түркмен, қарақалпақ, әзірбайжандардан да саудагерлер шыға бастаған. Сондықтан көп ұлтты саудада адамдар бірін-бірі түсіну үшін, сондай-ақ тиісті құжаттарды толтыру үшін, сауда саласында тілмаштар керек болды. Тілмаштар халықтар арасындағы елшілік міндеттерін де атқарып отырды. Тілмаштардың көбі қазақ тілін білген. Олар қырдағы жәрмеңкелерде дел далдық қызметін атқарған. Сөйтіп, қазақ жерінде сауда-саттық ісінің дамуы Ресей арқылы қазақ тауарларының шетелге шығуына, болашақта қазақ саудагерлерінің әлеуметтік тап болып қалыптасуына, қазақ даласының дүниежүзілік қауымға таныла бастауына жол ашты.



[1] Аполлова Н.Г. Экономические и политические связи Қазахстана с Россией в XVIII начале ХІХ в. М., 1960, 235-бет.

 

[2] Сундетов С.А. Торговля в Казахстане в начале ХХ вв. // Казахстан в канун Октябрь Алма-Ата 1968, 82 бет

[3] Бұл сонда 83 бет

[4] Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. А., 1994, 126-бет.

 

[5] Якубов Н.В. Русско-казахская торговля (1760-1880 гг. // Народы Азии и Африки. 1977, № 6, 134-136 беттер.)

 

[6] Якубов Н.В. Русско-казахская торговля (1760-1880 гг. // Народы Азии и Африки. 1977, № 6, 143- бет.)

 

[7] Рычков М.К. Экономические связи России со Средней Азии. 49-51-беттер.

 

[8] Аполлова Н.Г. Исторические значение торговых связи России со средней Азией( XVI-XVII вв.) // Феодальная Россия во всемирно-историческом процессе. 1967, 333-бет.

 

 

[9] Басин В.Я., Бекмаханова Н.Е. К  истории освоения Аралского моря. // Военно-исторический журнал. 1971, № 11, 119-бет

[10] Бұл сонда, 335-бет

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!