Экономикалық әріптестік жандана түспек

0

Жиында сөз алған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Словакия Орталық Еуропадағы Қазақстанның маңызды серік­тестерінің бірі екенін айта келіп, екі елді байланыстыратын ортақ салаларға тоқталып өтті. 

– Экономиканың индус­триялық-аграрлық бағыты, да­мы­ған адами капиталы, тиімді географиялық орналасу секілді ұқсастықтары бар. Биыл біз екі елдің арасында дипло­матия­лық қатынастарды орна­тудың 25 жылдығын атап өту­деміз. Қазақстан мен Словакия ара­сындағы достық пен се­ріктес­тіктің осы мерзімінде сенімді саяси диалог қалыптасып, сауда-эко­номикалық және мәдени-гума­нитарлық ынты­мақ­тастық­ты дамыту үшін қолай­лы жағ­дайлар жасалды, – деді Б.Сағын­таев.

Бұл тұрғыда Үкімет басшысы сауда-экономикалық сала­дағы байланыстарда жақсы қар­қын байқалып жатқандығын жет­кізді. Бүгінде Қазақстанда слова­киялық капиталдың қатысуымен 60-тан астам кәсіпорын тір­кел­ген.

− Біз алдағы уақытта да сау­да-экономикалық және ин­вес­тициялық қатынастарды кеңейтуге мүдделіміз. Ол үшін барлық жағдай бар. Бүгінде Қа­зақстан тиімді бизнес жүр­гі­зуде жаңа мүмкіндіктер мен ауқымды әлеуеті бар мемлекетке айналды. Біздің ЕАЭО мүшесі екенімізді білесіздер, бұл ретте 180 миллион адамды қамтып тұрған үлкен нарық бар, – деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен қатар Үкімет басшысы бірлескен жұмыстарды жүргізуге қос тараптың да іскер топтары қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті.

Өз кезегінде Словакия Пре­мьер-министрі Петер Пеллег­рини екі ел арасындағы өзара экономикалық қатынастарды дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ ол слова­кия­лық кәсіпкерлерге Қазақстанда қолайлы жағдай жасалғанын айтты. 

− Экономикалық байланыс­тарды талқылаған кезде Қазақ­стан Словакия үшін Орта­лық Азия өңірінде басымдыққа ие екенін атап өткен жөн. Ын­тымақтастықты нығайтуда балама энергетика, автомобиль өнеркәсібі, машина жасау, суды тазарту технологиясы, азық-түлік өнімдерін өндіру секілді салалар қарқынмен дамып келеді, – деді П.Пеллегрини.

Екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың 8 айында 13,9 пайызға өсіп, 33,5 млн АҚШ долларын құрап отыр. 

Бизнес-форумда «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төр­аға­сының орынбасары Марат Бірімжан шетелдік инвесторларды тартудағы еліміздің басым тұстарына тоқталды. 

− Қазақстанға келген инвес­тор­лардың назарында болуға тиіс жайттар бар. Біріншіден, еліміз – өте ыңғайлы стратегиялық локацияда орналасқан. Әлемдегі ірі экономикалық держава саналатын Қытай мен Ресейдің аралығында орналасқанбыз. Бізге инвестор болғысы ке­ле­тін ел Қытай мен Ресейдің, Еу­разиялық экономикалық қауым­дастық елдерінде жоқ нарық­қа кіре алады. Қазақстан тек 18 млн адамы бар нарық емес. Қазақстан – 500 млн тұты­нушысы бар нарық. 180 млн-дық нарық – Еуразиялық ынты­мақтастық аясындағы елдер, 50 млн халық шоғырланған Қа­зақ­станның оңтүстігіндегі көр­шілес Өзбекстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан, т.б. елдер бар, соны­мен қатар шығысында Қытай­дың батысындағы 300 млн адам­дық нарық бар. Міне, бұл – өте ауқымды нарық. Бізде тауарлар, қызметтер және адамдар ке­ден салығынсыз әрекет етіп, инвесторлар өз тауарын еркін сата алады, – деді.

Оның айтуынша, Қазақстан Қытай – Батыс Еуропа тран­зитінен мол табыс табады. Со­нымен қатар спикер кез келген шетелдік инвестор тауарын елі­міз арқылы тез жеткізе алатынын айтты. 

− Қазақстан арқылы өтетін транзит арзан. Елдегі көлік ин­­фр­­а­құрылымын дамытуға арнал­­ған «Нұрлы жол» ұлттық бағ­дарламасы аясында мем­­лекеттік және шетелдік инвести­цияның көлемі – 6 трлн теңге, шамамен 18 млрд доллар. Бұл инфрақұрылым арқылы Батыс Қытай мен Батыс Еу­ропа арасы жалғасады. 10 мың шақырым жолдың 3 мың ша­қырымы Қазақстан аумағы арқылы өтеді десек, бұл көр­сеткіш жалпы алғанда қанша­лықты маңызға ие екенін бағам­даймыз. Осы жол арқылы Қы­тай­дан Еуропаға тауар 10-12 күнде жетеді, ал теңіз арқылы 45 күнде барады. Әрине теңіз жолы арқылы арзан. Дегенмен, мәселе 10-12 күнде бірнеше есе артық көлемде тауар жеткізуде екенін назарға алған жөн, деді М.Бірімжан. Ол Қазақстанның биз­нес бастауға қолайлы елдер­дің рейтингінде 190 елдің ішінде 28-ші орында тұрғанын да атап өтті.

Екі ел арасындағы іскерлік кеңесте словакиялық «Coloseo EAS» компаниясының бас директоры Ян Дженка Қазақстан нарығындағы жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар форум аясында инвестиция тарту, көлік-транзит, ІТ-технологиялар және инновациялар, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша екі ел арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәсе­лелері талқыланады. Бизнес форумның қорытындысы бойынша инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»