Адамзаттың қасіреті болған АЛЖИР
АЛЖИР (Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері) – атақты ҚарЛагтың дербес бөлімшесі. Лагерьге кілең әйел азамат қамалған. Халық арасында “Нағыз тозақ мекен” деген атқа ие болған нысанның тарихы көптеген зерттеуді қажет етіп тұр.
Лагерь 1938 жылы 6 қаңтарда №17 еңбекпен түзеу лагерінің орнына қайта құрылған. Еңбекпен түзеу деген аты ғана болмаса, бұл – нағыз қасірет мекені. Бұл кезең жаппай қуғын-сүргін науқанының әбден өршіген шағы болатын. КСРО Компартиясының ХVІ съезінде Иосиф Сталиннің “Репрессия – шабуылдың қажетті элементі” деп жариялаған қаулысы асқан зұлымдықпен дереу жүзеге аса бастайды. Сол сәттен бастап үкіметке қарсы көзқарастағылар түгел қамауға алынды. Дұрысы, мың-мыңдаған жазықсыз құрбанның өліміне себепші болған ең ауыр саяси науқан басталды. Ар жағында қитұрқы саясатты жүзеге асыруды көздегендер ішкі сұрқия ойын шолақ белсенділердің қолымен тарихта зұлымдықтың шегіне жеткен науқан жүргізді. Таяқтың бір ұшы еш кінәсі жоқ жандардың басына тиіп, ел ішін ерекше тінту етек алды. Азғана уақыт ішінде жала жабылып сотталғандардың әйелдерінің саны АЛЖИР-де 8 мың адамға жетті. Олар адам жаны шыдамас қиындықты бастан кешті. Қысы-жазы аш-жалаңаш жүріп, мемлекетке тегін жұмыс істеді.
АЛЖИР қазіргі Астананың солтүстігіне қарай 55 шақырым қашықтықта, Ақмола облысына қарасты Ақмол ауданының аумағында орналасты. Бүгінгі таңда бұл жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған “АЛЖИР” мемориал музей-кешені бар. Кешен ҚР Президентінің жарлығымен 2007 жылы ашылды.
Зерттеушілердің айтуынша, тұтқындар жазған хаттарды оқыған адамның құлағына аналардың жылаған дауысы, көмек сұраған жалынышты үні естілгендей болады. Олардың балаларының жазған хаты, тіпті тебірентіп, толқытып жібереді.