Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде Президенттік өкілеттігін тоқтататынын жариялады.
Әрі Мемлекет басшысының қызметін атқарушы болып — ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілді. Назарбаев өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға лайық тұлға екенін айтты.
Айта кетерлігі, Елбасы елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметінде қала беретінін мәлімдеді.
— Халқымыздың қамы — менің мүддем болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы менің міндетім — басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізде жаңғырту процестерін жалғастыратын болады, — деді Президент Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде.
Abai.kz