Қазақтың балаға ат қою рәсімі
Азан шақырып ат қою
Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтын, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Кейде жастармен келісе отырып, бала есімін үлкен кісілер таңдайды. Балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады.
Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына қайталайды. Ежелде ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қойған екен.
Сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін немесе айқайлап тұрған есімдерден аулақ болған жөн.
Есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме деген сауал төңірегінде ғалымдар XX ғасырдан бері зерттеулер жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі.
Ырымға байланысты ат қою
Көбіне қазақтар ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт және т.б. Бірақ қазірде бұл ескірген ырымдар қатарында.
Бұрынырақта балаға қолбасшы, пайғамбар, батырлардың есімін берсе көтере алмай, ауырып қалады деп сенген. Сондықтан ондай есім бергеннің өзінде есейгенше еркелетіп, басқа атпен атаған.
Адам есімі тағдырына байланысты дегенді ескерсек, ежелде бала аурушаң, не үлкен қасіреттен аман қалса, тағдырын өзгерту мақсатында атын да өзгерткен. Алайда бұл ырымның қаншалықты өмірде іске асқандығы жайлы нақты деректер жоқ.
Басқа халықтардан енген есімдер
Қазақтарда сонымен қатар өзге халықтардан сіңген есімдер өте көп. Айтылуы да, естілуі де әдемі, өзге тілде жақсы мағына беретін есімдерді қою соңғы жылдары кең танымал. Әсіресе, қазақтарда ежелгі түркі, араб, Иран есімдері көп. Мысалы, ежелгі түркі есімдері: Едіге («жақсы»), Ораз («байлық, сәттілік»), Манас («Сұмдық алып»), Бөкей («батыр, мықты»).
Араб есімдері
Абылай («ата, әке»), Аида («сыйақы, пайдалы»), Әсел («бал»), Әмина («сенімді»), Асхат («бақытты, сәтті»), Ғазиза («сүйікті, қымбатты»), Ғани («бай»), Данияр («жақын, таныс»), Динара («күміс ақша»), Жамал («әдемі, тартымды»), Қадір («құрметті»), Қайрат («күшті, қуатты»), Мәлік («патша»), Мұхит («мұхит, қоршаған орта»), Мұхтар («ерекше, таңдамалы»), Рәзия («сүйікті, тартымды»), Сәбит («нық, сенімді»).
Иран есімдері
Айдана («ақылды, дана»), Айнагүл («таза, мөлдір»), Ахан («темір»), Бақтияр («ба-қытты, қалаулы»), Бибігүл («Гүл шашқан ханым»), Дана («данышпан, ақылды»), Жәния («нәзік жанды»), Раушан («көрнекті, ашық-жарқын»), Рүстем («батыр, ержүрек»).
Қазірде түрік (Айлин, Әмина, Айша), ұйғыр (Ділназ, Гүзел, Адель, Гүлзар, Арслан), татар (Замира, Зухра, Мунира, Насима) аттары қазақтар арасында кең таралған.