Серікбол Сайлаубек: Салық төлемеймін, алдымен мемлекет әншілердің жағдайын жасасын — Қазақстан жаңалықтары
Бүгінде той-томалақтан долларлап ақша тауып жүрген әншілердің басым бөлігі мемлекетке ешқандай салық төлемейді екен. Олардың қатарында Серікбол Сайлаубек те бар. Өнер иесі салық салмас бұрын, мемлекет әншілердің жағдайын жасап берсін дейді.
Бұл туралы «Еуразия» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
«Салық қою үшін алдымен әншілердің жағдайын қарау керек. Жағдайымыз дұрыс болса, салықты төлеуден қашып тұрған жоқпыз біз. Көбісі ойлайды, әншілердің өмірі өмір деп. Көбісі біле ма? Ақшаны аласың, әнді жаздыруға бересің, аранжировкаң, киімің, бейнебаяның бар. Клип түсіргеннен кейін оны тегін айналдыра ма? Ол да ақша. Республика сарайына концерт қою үшін 4 миллион теңге төлейсің. Ал ол 4 миллионды табу үшін сен бүкіл Қазақстанда тентірейсің, бала-шағаңды көрмей», — деген әнші салық төлемейтінін де кесіп айтты.
Айтуынша, бір көзі мүлде көрмей, екіншісі нашар көретіндіктен, ол 16 жасында зейнетке шыққан. Сол себепті:
«Үкіметтен зейнетақы аламын. Бір жағынан зейнетақы беріп, бір жағынан салық алмайтын шығар деп ойлаймын», — дейді ол.
Серікболдың сөзіне қарағанда, күніне бірнеше тойға дейін қызмет көрсететін әншілердің табысын бақылаудың өзі мүмкін емес.
«Біз ақшаға барғаннан гөрі тегін көп жүреміз. Туған-туысқаның, дос-жараның бар. Туған-туысқаныңның араласатын достары бар. Бармасаң ренжиді. — Жұлдыз болып кеттің ба? — дейді. Бала-шағамыз тағы бар. Мысалы, менің төрт балам бар. Несін жасырайын, әлі пәтерде тұрамын. Ақырын-ақырын бой түзеп, 1-2 жылдай болды, намысқа тырысып, анама үй салып берейін деген ниетпен салып жатырмын. Ешкімді арбап, я бір тоналған ақша емес. Маңдай теріммен тапқан ақшам», — дейді Серікбол.
Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.
stan.kz