Николас Мадуро үкіметтің отставкасын талап етті
Венесуэла президенті Николас Мадуро үкіметке отставкаға кетуді ұсынды. Бұл туралы елдің вице-президенті Делси твиттер арқылы хабарлаған. Мадуроның өзі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Венесуэладағы Meganálisis компаниясының 17 наурызда жариялаған әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша, Венесуэла тұрғындарының 89 пайызы президент пен үкіметтің оставкаға кетуін қалайтынын білдірген.
Венесуэла саяси және экономикалық ауыр дағдарысты бастан өткеріп жатыр. 2018 жылы елде инфляция көрсеткіші бір миллион пайыздан асқан, тұрғындар азық-түлік пен дәрі тапшылығын тартып келеді. Өткен аптада бірнеше күн бойы елдің көп бөлігінде жарық болмады.
Венесуэлада жаппай наразылық акциялары қаңтар айының аяғында басталды. Оған Николас Мадуроның мемлекет басшысы қызметіне екінші мерзімге түсетіні туралы мәлімдемесі себеп болды. Сол кезде парламент басшысы Хуан Гуайдо өзін президент қызметін уақытша атқарушы деп жариялап, елде тәуелсіз сайлау өткізуді талап етті. Гуайдоны АҚШ, Латын Америкасының көптеген елдері және Еуроодақ елдерінің дені қолдады. Қазіргі президент Николас Мадуроны Ресей, Қытай, Куба және Мексика заңды мемлекет басшысы деп санайды.
Сенбі күні Гуайдо аймақтарда Мадуроны биліктен тайдыру үшін қолдауға ие болу мақсатында ел аралауға шықты. Гуайдо сапары Каракаста жаппай акциямен аяқталуы тиіс. Акция кезінде оппозиция жетекшісі Мадуродан билікті «халыққа қайтарып», президент сарайын босатуды талап етуге уәде берген.
Abai.kz