Соғысты өз көзімен көріп, жарты әлемді тамсандырған қазақ қызы: Роза Бағланованың өмір жолы — Қазақстан жаңалықтары

0

Stan.kz әсем даусымен жарты әлемді тамсандырып, 30-дан астам тілде ән салған ержүрек майдангер әнші, қазақтың бұлбұл қызы Роза Бағланова жайлы сыр шертпек.

Роза Бағланова

Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысының Қазалы өңірінде Тәжібай есімді азаматтың отбасында дүниеге келген. Ол кішкентайынан өнерге әуес болып өсті. Әжесі – Күндей мен анасы – Ақкүріштің айтқан «Жайдарман», «Қараторғай», «Айнакөз», «Екі жирен» сынды әндері әншінің көкейінде мәңгіге жатталып қала берді. Әжесі тігіп берген кәмшат бөрік пен қамқа бешпетін киіп алып, әке-шешесімен бірге тойға да баратын. Халықтың алдыға шығып ән айтып, айнала билейтін. Қазалыдағы мектептің 10-сыныбын бітірген Роза Қызылорда қаласындағы педагогика институтына оқуға түседі. Осы тұста әкесі қайтыс болып, отбасындағы жағдай қиындап кеткендіктен Роза үшінші курста сырттай оқуға ауысады. 1941 жылдың ақпанында Ташкент қаласындағы Әбдірахман атты жамағайынын сағалап келген Розаға жуық арада жұмыста табылай қоймайды. Алайда, болашақ әншіні бұл қалада басқа тағдыр күтіп тұрған еді. Сол кезде Өзбекстан филармониясының директоры, Шығыстың Шаляпині атанған Кари Якубов үйлердің жанынан өтіп бара жатып кездейсоқ жас қыздың әсем даусын естіп қалады. Талантты тез тани кететін жайсаң жан Розаны бірден филармонияға шақырып, Гаухар Рахимова жетекшілік ететін ансамбльдің құрамына алады. 

Осылайша, Роза Бағланованың өнердегі жолы ең алғаш Өзбекстан филармониясының сахнасында басталады. Филомонияның үлкен залында әртістер өзара күбірлесіп отырғанда сахнаға өзбек әртісі Кари Якубов шығып: «Қазір сіздерге қазақтың керемет әнші қызы ән салып береді» деп Роза Бағыланованы таныстырады. Сонда Роза сахнаға қымсына шығып ән орындайды. Ән орындап біте бергенде, жан-жақтан «Жарайсың қызым! Тамаша! Мынау қайдан келген періште» деп шуылдаса жөнеледі. 

Сахнадағы тағдыры осылай басталған әнші Роза Өзбекстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Осман Юсуповтың әкелік қамқорлығын көремін деп ойлап па? Әнші даусына тәнті болған бірінші хатшы жаз қызға Ташкент шаһарының орталығынан бесқабатты үй беріп, тіпті Мәскеудегі концерваторияға да жолдама береді.

Соғысты өз көзімен көріп, жарты әлемді тамсандырған қазақ қызы: Роза Бағланованың өмір жолы

1941 жылы 22 маусымда ойда-жоқта басталған сұм соғыс өнер әлеміне енді ғана қадам басқан Розаның да үмітін үзгендей болды. Әнші Ташкент вокзалынан жөнелтіліп жатқан вагон-вагон пойыздарды, зарлаған ана, жылаған елді күнде көріп, қатты қиналушы еді. Жақсы ән – жан азығы деген халық даналығын терең ұққан Роза көп ұзамай филармония әртістерімен бірге майдан шептеріндегі әскерлерге өнер көрсету үшін аттанып кетеді. Жаңбырдай жауған оқтың астында Солтүстік, Батыс майдан шептерінде, Калинин, Минск, Киев сияқты және т.б қалаларда айлап жүріп, концерт берді. 

«Біз майдан шебіне өтіп кетіппіз. Негізінде мен майдандағы әскерлерге үлкен концерт қою үшін барған болатынмын. Кенет бізді майор көлікке отырғызып алып, бір жаққа қарай апаратын болды. Біз қайда бара жатырмыз деген сауалыма майор біледі деп жауап қайтарады. Біздің жолға шыққанымызды генерал біле ме деп сұрасам да, көліктегілер тырп етпейді. Аспанда фашистің ұшақтары зуылдап ұшып жатыр. Үстімізден бомбалатып, снарядтар атылып жатыр. Танкілер бізге қарай зеңбіректерін атып жатты. Зәрем қалмады. Кенет, артымыздан үш мотоциклге мінген жауынгерлер келіп тоқтатып, біздің майдан шебіне өтіп кеткенімізді айтты. Дереу генералдың алдына баруымызды бұйырды. Әрине, генералдың ашулы екені түрінде тұр еді. Ол бізге сөгіс жасап: «Мен ол жаққа тіпті, тәжірибелі барлаушыларымды жібере алмаймын, ал сіздер еш тосқауылсыз майдан шебіне өтіп кеткенсіздер. Бұл қалай болғаны» ?- деді де, өзімді жеке қалдырып: «Қызым-ау, олай-бұлай болып кетсе қалай болар еді. Соғыс ошағына барлаушылардың өзін әбден електен өткізіп жібереміз, өзіңе абай бол» деп, қамқорлық танытты. Содан әскерлерге ән орындап беруімді өтіне отырып, кім біледі бәлкім, бұл жігіттер сенің даусыңды соңғы рет тыңдап тұрған болар деп мұңайды. Бірақ, барлықтары аман-сау қайтып келді»,- деді Роза Бағланова сұхбаттардың бірінде.

1943 жылы генерал Роза Бағланованы қайта шақыртып, тағы да майдандағы әскерлерге концерт қойын беруін сұрайды. Қазақ қызының өнеріне тәнті болған ол Розаға алғысын айтып, 1943 жылдың 1 мамырын салтанатты парадта қарсы алуға шақырады. Сөйтіп, ол өз қолымен қазақ қызына «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тағады. 

1945 жылдың 22 ақпанында Роза Бағланова Варшава қаласына концерт беруге барады. Олар мұнда келгенде қалада бірде-бір сау ғимарат қалмаған. Бәрі де қираған еді. 

«Концертті тура жарақат алған жауынгерлердің алдында беретін болдық. Олардың жан қиналысы көз алдымнан кетпейді. Барлықтары жерде жатыр. Мен екі рет сахнадан кетіп қалдым. Жарақаттанған жауынгерлер «қарындасым кетпеші» деп сұрады. Менің жетекшім өте өжет кісі  болатын. Атыс-шабыс әлі тоқтамаған еді, сонда ол кісі маған: «Розажан маңдайымызға осы жерде өлуді жазса, амал нешік. Ешқайда кетпей концертті жалғастыра берейік. Оның үстіне кеудеңде «Жауынгерлік ерлігі үшін» деген медаль бар емес пе», деді. Не керек концертті аяқтадық. Мен сол кезден кейін қатты күйзеліске ұшырадым. Жаралы әскерлердің қиналғанын көріп, жүрегім жараланды. Содан сол күні Варшава уақытымен кешкі сағат 6-да Константин Константиновичтің өзі екінші рет маған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты. Міне, мен соғысты да өз көзіммен көрген адаммын»,- деді Роза Бағланова.

Соғысты өз көзімен көріп, жарты әлемді тамсандырған қазақ қызы: Роза Бағланованың өмір жолы

Роза сұрапыл майданда жауынгерлерге рухани дем беріп, талай ұйқысыз түндерді басынан өткерді. Соғыс зардабы әншіні де айналып өтпеді. Жар дегенде жалғыз бауыры майданда мерт болып, өзінің көзіне минометтің жарықшағы түсіп, жарық күні түнекке айналған кездері де болды. Көп ұзамай қуанышты күнде келіп жетті. Әнші 1945 жылы 9 мамыр Жеңіс күнін «Мәскеудің офицерелер үйі» қонақүйінде қарсы алды. 

Розаның әсем даусын алғаш рет 1943 жылы Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебінде болған концертте естіген ақын Жұбан Молдағалиев қаракөз қарындасына «елге қайт» деп қолқа салады. Бірақ, әнші өзбектердің жасаған жақсылығы мен Өзбекстанның бірінші хатшысы Осман Юсуповтың әкелік қамқорлығынан аттап кете алмады. Арада жылдар өтіп, Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов 1949 жылы арнайы адам жіберіп, Осман Юсуповтың алдынан өтіп, қазақтың бұлбұл әншісін елге қайтарады. Розаның Қазақстанға келген беттегі сахнадағы кәсіби қадамы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында басталғанымен, әнші операға жанының жақын емес екенін байқап, кейін филормонияға ауыстыруын өтінеді. 

1949 жыл әншінің жұлдызы жанған жарқын кезең болды. Роза Бағланованың даңқын асқақтата түскен «Әлем жастарының дүниежүзілік фестифалі» осы 1949 жылы өткен болатын. Венгрияның астанасы Будапешттегі фестивальде 80 мемлекеттің өнер тарландары сайысқа түсті. «Березка» жастар ансамбілімен сол кезде аттары кеңге жайылған Петров, Далуханова, Измаилова, Плисецкая, Ойстра, Растрапович сияқты өнер шеберлерінің арасында Қазақстанның атынан Роза да қатысты. 

Роза үлкен театр сахнасында Ілияс Есенберлиннің сөзіне жазылған Евгений Брусиловскийдің «Қыз арманы» әнін айтты. Келесі кезекте халық әндері «Екі жирен», «Қараторғай», Байқадамовтың «Домбыра», орыстың «Ах, Самара городок» әнін орындады. Роза Тәжібайқызы осы сапарында «Дүниежүзі жастары Будапешт фестивалінің» лауреаты атағымен қатар, бірінші дәрежелі диплом алып қайтты. 

Содан кейін ол басқа өнерпаздармен бірге Мергерт аралында концерт береді. Ол жақта да бәрі керемет өтті. Майя Плисецкая Сенсанстың «Ажал құшқан аққуына» билесе, Роза әдеттегідей концерттік бағдарламаны аяқтады. Жалпы, Будапешт қаласы Розаға ерекше әсер қалдырды. Шығармашылық жолын ашты десе де болады. Сол Будапештте өткен фестивальден соң, ол 49 елді аралап, саяхаттауға мүмкіндік алды. 

«Огонек» журналы өзінің 1949 жылғы қараша айындағы санында «Осынау көрікті жас қыздың мөлдіреген, таза, айқын да ашық, сұлу сазды үні ғажайып күйге бөлейді. Роза Бағланова қазақтың халық әнін айтсын, немесе, қазіргі қазақ композиторларының  «Домбыра», «Қыз арманы», орыстың халық әні «Ах, Самара городок» әнін айтсын, соның бәрінде де ол өзінің талантымен тыңдаушыларын баурап алады» деп айрықша атап өтсе, шетелде шығатын «За честь Родины» газеті «Ах, Самара, горок» әнін орындаушы әншілер көп. Бірақ, солардың бір де біреуі дәл Бағлановадай әсерлі шығара алмап еді»  деп жазады.

Фестивальден кейін Роза Бағланова өзге де жүлдегерлермен қосылып, Венгрия, Чехословакия, Германия, Австрия, Польша елдерін аралап, концерт қойды. Елге оралғаннан кейін де, әнші еңбегін әрі қарай жалғастырып, әлемнің АҚШ, Франция, Дания, Канада, Испания, Жапония, Корея, Иран, Қытай сияқты бас аяғы 54 мемлекетте болып, 30-дан астам тілде ән айтты. Бірақ, қай елге қонаққа барса да, Роза алдымен өз халқының әнімен бастап, концерттің соңын сол елдің әнімен аяқтайды. 

Роза үкімет басшылары делегацияларымен бірге көптеген елдерде болды. Ол КСРО Орталық комитетінің бас хатшысы Хрущев бастаған делегациямен бірге Үнді еліне екі рет сапар шекті. Үндістан елінің басшысы Джавахарлал Неру Розаның әнін естіп, талантына бас иген еді. Ол Нерудің анасының сүйіп тыңдатын «Сен менің жүрегімді жаулап алдың» атты әнін орындап, президенттің қолынан гүл шоғын да алды. Осы сапарда Роза Индира Гандидің де үйінде екі рет қонақта болып, жақынырақ танысады. 

«Роза талантты тұлға, өмірде сирек кездесетін жандардың бірі. Ол қарапайым ән «Ах, Самара, городок» әнін қалай орындап шықты десеңіздерші. Ол әнді бәріміз де бұрыннан білеміз. Ел аузында жүрген, еш ерекшеленбейтін әннің бірі болатын. Алайда, бұл әнді Роза орындағаннан кейін оны барлығы сүйіп тыңдайтын болды. Әнге жан бітірді. Тыңдармандармен қайта қауыштырды деуге болады. Қаншама жылдар өтіп кетсе де, Розаның сол орындауындағы ән әлі күнге тыңдарманның есінде. Бұл әннің өміршең болып қалуының себебі – Розаның орындаушылық шеберлегінде деп ойлаймын. Әрине, Роза басқа да әндерді шебер орындағаны белгілі. Бірақ, біз оны «Ах, Самара, городок» әнін орындайтын әнші ретінде жақсы танимыз. Ол бізге, біздің әнімізді жаңадан ашып берді. 

Ол сүйкімді, көрікті, қуыршақтай әдемі. Оның үстіне ол Будапештің тыңдармандарын жаулап алды. Олар «Ах, Самара, городок» әнін бұрын білмейтін. Десе де, олар оны қабылдап қана қоймай, сүйіп тыңдайтын болды. Міне, өнер қалай орындалды дегенде, осы Розаның өнерін айтуға болады. Ол өз өнерімен әнді қалай орындағанның маңызды екенін дәлелдеп берген әнші. Біз, бұрын сіздердің елдеріңіз туралы көп білмейтінбіз. Қазіргідей Алматыда фестивальдер, концерттер көп бола бермейтін. Өйткені, соғыс болып жатты. Біз Роза арқылы сіздердің елдеріңізді білдік, таныдық»,- деді КСРО Халық әртісі Майя Плисецкая Роза Бағланова жайлы берген сұхбатында. 

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі ұлт өкілдері мен қарайым халықтан бастап, Сталин, Хрущев, Брежнев, Ким Ир Сен, Қонаев сияқты талай үкімет басшыларының сүйікті әншісіне айналған Розаның еңбегі қайда жүрсе де елеусіз қалмады. Жауынгерлік медальдармен қатар, 1950 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1955 жылы Қазақстанның Халық әртісі, 1967 жылы КСРО Халық әртісі атақтарына ие болды. 1982 жылы Халықтар достығы орденімен марапатталды. 

Ерек талантымен, әсем әуенімен туған халқын, қала берді жарты әлемді тамсандырған дала сандуғашы Роза Тәжібайқызына сұм соғыс жарақатынан айығу қиынға соқты. 1979 жылдың 13 желтоқсанында Роза Бағланова Павлодар қаласының концерт залында кезекті концертін беріп жатқан болатын. Кенеттен шамдары жарқырап тұрған сахна тас түнекке айналып шыға келді. Табан астында екі көзі бірдей көрмей қалған Роза халыққа еш білдірместен концертін жалғастыра берді. Бір жылдай уақыт емделгенімен, құлан-таза айығып кете алмады.

Әйтсе де, 1980 жылы Республика сарайында үлкен қорытынды концертін береді. Баласы Тәженнің жетелеуімен сахнаға шығып, бір кездері соғыс даласында шырқаған «Қараңғы түн» әнімен концертін бастап, халқына іштегі шерін тарқатқандай болды. Осы концерттен соң әнші Мәскеуге барып, көзіне 3 рет ота жасатып, жарық әлеммен қайта қауышады. 

Әнші республикамыздың Жұбанов, Хамиди, Байқадамов, Рахмадиев, Тілендиев, Еспаев, Қалдаяқов, Жамақаев сияқты композиторларымен шығармашылық байланыс жасап, өз репертуарын үнемі байытып отыратын. 

«Мен барлық сахнаны бірдей көремін. Бұл колхоздың клубы деп салғырт дайындала салмаймын. Халық алдына шығуды қасиетті деп санаймын. Сол себептен де, мен сахнаға шығарда тыңғылықты дайындаламын. Кейбір атақ-даңқы зор әртістер сахна таңдап, салғырт дайындалады. Соларға таңғаламын. Сахнаның үлкен-кішісі болмайды. Мен халық алдында бар өнерімді салам. Кейбіреулер бұл әнді халық тыңдамайды, ұнатпайды деп жатады. Олай деуге болмайды. Мәселе әнді халыққа жеткізе білуде. Мәселен, мен неміс, швед әнін орындап шықтым. Халық керемет қабылдады. Ән – халықтың жүрегі. Әнді орындай халықтың жүрегіне жеткізе білу керек»,- деді қазақтың бұлбұлы атанған Роза Бағланова сұхбаттардың бірінде.

Әлемнің талай сахналарында ән салып жүрген Роза Тәжібайқызы өз халқының да үлкен сахнасы мен концерт залдары болғанын қалады.  

«Біз Шакен Айманов екеуміз көрші тұрғанбыз. Бір күні Шәкен аға келіп, «менің киностудия тұрғызсам дегем арманым бар» деді. Ол кезде оның сол сөзіне аса мән бермеген едім. Содан Дінмұхаммед Қонаевқа кіріп шығатын болдық. Ол кісі бізді қуана қабылдап, келгенімізге қуанып қалды. Көршілер келді деп, күлді. Сонда біраз сөйлестік. Шәкен аға киностудия тұрғызу мәселесін шешіп алды. Сосын Шәкен аға «Роза концерттік зал салғысы келеді, оған қалай қарайсыз» деп айтқанда, өзім аң-таң болып қалдым. Қонаев та  таңғалып, солай де, деп қарады»,-дейді Роза Бағланова.

Роза Бағланованың сол кездің өзінде жеке концерт беруді қолға алуы және қазақ халық әндерін орыс тілінде шырқай бастауы ұлттық эстрадамыздың өркен жаюына үлкен әсер етті. Санкт-Петербургтағы «Эрмитажға» алып кеткен тайқазанның Түркістан мешітіне қайтарылуына да Роза Тәжібайқызының себепкер болғанын көпшілігіміз біле бермеспіз. 

«Самара қаласында Роза Бағлановаға арнап неге ескерткіш қоймасқа. Бір орыс айта алмаған «Ах, Самара, городокты» Роза Бағланова жалғыз өзі өмір бойы айтып шықты. Ол кезде Самара деп айтуға қорыққан. Себебі, Совет үкіметі кезінде қаланың аты Куйбышев болатын»,- дейді ҚР Халық әртісі, профессор Ғафиз Есімов.

Халқына өлшеусіз еңбек еткен майдангер әнші 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастарының рухани тілекшісі бола білді. Әнші 1996 жылы Халық қаһарманы атағына ие болды. Бар ғұмырын әні мен халқына арнаған Роза Бағланова 2011 жылдың 8 қаңтарында мәңгілік сапарға аттанды. Халқы барда Роза есімі ешқашан ұмытылмақ емес…

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз

stan.kz