Димаштың мәрттігіне әлем сүйсінді, бірақ қазақ үнсіз…
Маңдайымызға біткен жалғыз жарық жұлдызымыз—Димаш Құдайбергенді жұмыр жердің барлық түкпіріндегі ел біледі. Оның ешкім қайталай алмас саф алтындай өнерінің қыр-сырын осы порталда басылып жатқан белгілі жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың кітабында тереңнен талданып, жан-жақты сараланған. Бұл үшін авторға үлкен рахмет демесек, оған қосып-аларымыз жоқ.
Ал біздің айтпағымыз осы бір асыл қазынамызға айналған інжу-маржанымызбен неге мақтана алмайтынымыз хақында болмақ. Қазір бүкіл дүние жүзі оның айдай әлемді аузына қаратқан Америкада өтіп жатқан «Әлемнің үздігі» (The World`s Best) атты конкурстан саналы түрде бас жүлдеден бас тартып, бұл сынақ сөресіне қос бірдей жас жеткіншек — өзіміздің Данелия мен индиялық жас талант — Лидианға жол беретінін мәлімдегені қызу талқылап жатыр. Шындығында да бұл нағыз ерлікке пар-пар шешім еді.
Димаш бүкіл әлемге қазақтың тектілігі мен тек қазағымызға ғана тән үлкендердің өзінен кейінгілерге жол беретін мәрттігін жарқырата танытты. Мұндай қадамға мыңдаған, миллиондаған, тіпті миллиардтаған жандардың ішінде бара алатын адам мүлдем сирек еді. Менің өзім атағы жер жаратын әншілердің ішінде мұндай жомарттық жасаған жанды кездестірген де, естіген де емеспін. Бұған шындығын айтқанда қарапайым жұрт түгілі, сол бәсекенің тағдырын шешіп отырған, 50 елден сұрыптап алынған қазылар алқасының өзі таң қалып, кейбіреулері тіпті түсіне де алмады. Әсіресе, Димашты үнемі көтермелеп, ылғи бір аса жоғары баға беріп отырған бас қазының бірі Ру Пол қатты ренжіген сыңайлы. Әйгілі артистің бұлайша қапа болуы біз үшін таңқаларлық жағдай болғанымен, қандай да бәсекеде жеңіс үшін ешкімді де, ештеңені де аямайтын, сол жолда қандай да құрбандықтан тартынбайтын қағидаға қатты сүйенетін Америка секілді елде қалыпты жағдай десе де болғандай. Ру Полдың Димашты жеңістің шырқау шыңына шығып, жұрттың бәрінің сүйсіне қол шапалақтаған сәтін бір көргісі келген шығар? Ол да пенде ғой. Ол да Димашқа елден ерекше құрметін осылайша танытып, оның жұлдызды сәтін тамашалауды армандады ма екен?
Ал шындығында да, өзгесін былай қойғанда бас жүлде осал емес еді, тура 1 миллион АҚШ доллары. Мұндай қолақпандай қаржы Димашқа да артық етпес еді. Шоу-бизнес деген дүние кім-кімге де тым қымбатқа түседі. Бір концертінің өзіне миллиондаған қаржы кетеді. Оған қатысатын оркестрге, бишілер тобына лайықты ақша төлеп, сахнаны безендіру дегеніңіз де қып-қызыл ақша. Әлемдік сахнаға енді ғана қадам басқан Димашқа бұл ақша қолтығынан демеп жіберер ме еді, кім білсін. Дегенмен, Димаш материалдық қазынадан гөрі рухани қазынаның жоғары екенін барша әлемге танытты. Мұның бір сыры оның қашанда қазақтың қара шаңырағының асыл қасиетін бойына сіңірген әжесінің тәрбиесінен туындағандығынан деп білдік.
Мінекей, біз Димаштың мұндай ерекше шешімін жоғары бағалап жатқан жандардың қазір бүкіл ғаламторды жаулап алғанын айтып өттік. Бізді таң қалдырғаны ол емес. Біздің санамызды жаулап алған сан сауалдың ішінде «Мұндай қадамға Димаштың өз елі неге қуана алмайды?» дегені жанымызды жай таптырмай отыр. Біздегі әншейінде кімнің не алғанын, кім кімге қандай сый-сияпат көрсеткінін тәптәштеп айтып, жағы талмайтын блогерлеріміз неге аузын буған өгіздей үнсіз? Әлде олар үшін Димаштың қазақтың тектілігін танытқан шешімі емес, «кімнің өз туған күнінде жан-жаққа қанша ақша шашты, болмаса кім қандай қымбат көлікті иеленді, кім кімге асыл жүзік сыйлапты» деген қысыр әңгімеден қолдары босамай жатыр ма? Бұлар неге қазақтың баласының мәрттігін былайға жұртқа қуана хабарлап, «қазақ деген осындай халық» деп неге масаттанбасқа? Бұл жайды біз емес, алдымен ана белорустың блогері Жан Содель, болмаса Ресейдің Петербург қаласынан берілетін «Эхо Петербурга» атты теле хабары тезірек беруге жанталасып жатыр? Бұған біздің намысымыз келмей ме? Әлде кезінде Абай хәкімнің өзі айтып кеткен көреалмаушылық пен қызғаншақтықтың қызыл иті бой бермей кетті ме?
Мұны айту да, жазу да маған оңай емес шығар, алайда Димаштай асылды насихаттауда қазақ блогерлері тасада қалып, пендешіліктен аса алмады. Оған қарағанда ғаламторда бірді-екілі болса да орыс ұлтының өкілі мен өзіміздің орыстілді бауырларымыз ғана өзгелермен қатар атсалысып жүр. Ал енді анау алты құрлықтың барлығында да дерлік Димаштың бізден басқа жанкүйерлері жеткілікті. Мыңдап емес, миллиондап саналады. Тіпті Америкада бір бүлдіршіннің Димашты тыңдауға әкесін сүйрелеп әкелетінін, ал мына көршіміз Ресейде осындай бір баланың өз әжесін Димаштың жанкүйеріне айналдырғанын көргенде өзіміз үшін жерге кіріп кеткендей күй кештік. Ана Корей жұртының белгілі әншісінің «Мен Димаш секілді айта алмаймын. Менде ондай дауыс жоқ» деп ағынан жарылғанының да куәсі болдық. Ал біздің тойдың деңгейінен аса алмайтын, алайда өзін жұлдыз санайтын әншіміздің қайсысы осылай деп ағынан жарыла алар еді? Үлкен күмәнім бар. Өйтсе тағынан түсіп қалатын шығар. Әлде тойдан табатын табысы азайып кете ме? Мен бұл жерде тіпті Димаштың сыйқырлы үнін есту үшін сонау Америкадан, Еуропадан ат арылтып келетін мыңдаған жанкүйерлері жайлы тіпті ауызға алып отырған жоқпын.
Біз неге осындаймыз. Біреудің табысына, жеткен жетістігіне қуана білмеу де сырқаттың бір түрі шығар. Ал ол сырқат болса, оның емі қандай?
Әрине, дәл қазір Димаш біздің қолдауымызға мұқтаж емес те шығар. Ол әлемдік деңгейдегі қайталанбас талант. Күні ертең Наурыз мерекесінде Мәскеудің төрінде өтетін жеке концертінде де Ресей жұрты ғана емес, жұмыр жердің барлығындағы жанкүйерлері оның өнеріне тағы бір сусындап, құмары қанары рас. Одан соң ғаламторда ыстық лебіздер мен сырлы сезімдердің тағы да дүр етері ақиқат. Біздің әншейінде ауыз жаппас блогерлеріміз бұл жолы да үнсіз қалар ма екен?
Ал біз қаймана қазақ ретінде Димаштың Мәскеудегі жеке концертіне ақжол тілеумен осы ойымызды түйіндеуді жөн көрдік. Біздің сыйымыз осы болсын.
Жайберген Болатов
Abai.kz