Шығарма: Патриот болу – Қазақстан мемлекетін өз жүрегінде сақтау

0

Шығарма: Патриот болу – Қазақстан мемлекетін өз жүрегінде сақтау казакша Шығарма: Патриот болу – Қазақстан мемлекетін өз жүрегінде сақтау на казахском языке

Молдабай Ляйля
11 сынып, №35 мектеп
Павлодар қаласы

«…бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек . Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн»
Н.Ә.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік білім құжаттарында маңызды орынды патриотизм, патриоттық тәрбиеге береді. Әсіресе, жас ұрпақ өзінің «қазақстандық» екенін мақтанатындай етіп тәрбиелеу қажет екенін айтады. Отанын сүю және азаматтығын мақтан тұту, өз Отанының болашағы үшін, мамандығы үшін қызмет ету, ана тілін жетік меңгеріп сүйе білу, халқының салт-дәстүрін, ерекшеліктерін білу, дінге, тарихи мұраларға құрметпен қарау, өз отандастарына, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдеріне адамгершілік көзқарас білдіру патриоттық тәрбиенің негізгі мазмұны болып келеді . Қазақстандық патриотизмнің басты және қажетті мәні — кеше мен бүгіннің байланысы, ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлерінің, мәндерінің, құндылықтарының тоғысы. Патриотизмнің қайнар көздері — ел тарихын терең білуде, оның тәуелсіздігі мен гүлденуін қамтамасыз еткен, оған күш салған бабаларымыздың іс-әрекетін ұғыну мен құрметтеуде жатыр. Елбасымыз өзінің бағдарламалық мақаласында: «Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, демек зейнет жасындағы, бірақ еңбекке қабілетті жастағы адамдар санын арттыру денсаулық сақтауды дамытудың нақты нәтижесі болып табылады» — дей келіп, алдыңғы аға ұрпақтың мол тәжірибелерін пайдалану қажеттігін ескертеді.
Қазақстандық отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, елдегі барлық халықтарды достық қатынасқа тәрбиелеу аса маңызды міндет. Қазір Қазақстан Республикасы – тәуелсіз мемлекет. Мұнда көптеген ұлттар мен халықтардың бір-бірімен тату-тәтті, сыйластық, ынтымақта қатынас жасауы тиіс. Қазақстан олардың бәрінің Отаны болғандықтан, біздің елді мекендеген барлық халықтар отаншылдық рухында тәрбиеленуі қажет. Қазақстанның байырғы тұрақты халқы – қазақтар, жердің де, елдің де негізгі, түпкі иесі солар. Сондықтан да алдымен қазақ жастарын отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ерекше маңызды . Патриоттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру үшін әр уақыттағы қазақ халқының басынан өткен оқиғаларды айта отырып, түсіндіру қажет. “Бір жылға жоспар құрсаң егін ек, Жүз жылға жоспар құрсаң ағаш ек, Болашаққа жоспар құрсаң баланы тәрбиеле”,- деп шығыс нақылында айтылғандай, біз — жас ұрпақ патриоттық тәрбие негізінде тәрбиеле алсақ, егеменді еліміздің көк байрағы көк аспанда мәңгілік желбіремек.
Өз халқыңның тарихының өнегелі жақтарын білу, өз еліңнің кешегі және бүгінгі қаһармандарын мақтаныш ету, олардың ерлігіне тағзым ету, оларға сай болу — патриотизмнің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Патриот болу – Қазақстан мемлекетін өз жүрегінде сақтау» деген сөздері терең ой салады. Өз елінің патриоты болу әрбір азаматтың парызы мен міндеті. Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім өзінен-өзінен қалыптаспайды, ол оқу-тәрбие үдерісінде мемлекеттік саясат негізінде жүргізілуімен қалыптасады. Білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті өз елінің азаматын, патриотын тәрбиелеу. Қазақстанның мектеп оқушыларына этностық ерекшеліктерімізді, халқымыздың тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ халықтың батыр ұл-қыздарының ерлік істерін насихаттау жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің жолы болып табылады. Адам баласының әрқайсының өз өмір жолы болатыны тәрізді, кез-келген халықтың, қоғам мен мемлекеттің өз тарихи ғұмыры бар. Ол көне тіршілік көшінде келе жатқан күрделі үдеріс. Әр ұрпақ өзінен бұрынғы ұрпақтың жалғасы. Менің ойымша, патриоттық тәрбие сүйенетін негізгі ұғымдар – «ұлттық патриотизм» және «қазақстандық патриотизм». Ұлттық патриотизм дегеніміз – ең алдымен қазақ халқына сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын адам бойына сіңіру. Оны қалыптастыруда салт-дәстүрлердің атқаратын орны ерекше. Ал Қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады. Бұнда жалпы еліміздегі тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінен тұратын Қазақстан азаматтарын, олардың ұлтын, шығу тегін, тілін, дінін, салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтеумен айқындалады.
Тарихымыз көрініс тапқан қазақ әдебиетіндегі туындылар ежелден қалыптасқан қазақтың отансүйгіштігін, ұлтжандылығын айқын көрсетеді. Оған қазақтың мақал-мәтелдері де дәлел. Мәселен, туған жер, отан туралы мақал-мәтелдер: «Отан үшін отқа түс — күймейсің», «Отанды сүю отбасынан басталады», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмады, т.б. Қазақ әдебиеті ішкі дүниені, рухани-адамгершілік келбетін қалыптастырады. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тапқан. Мұның өзі халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді. Мәселен, лиро-эпостық жырлар, қазақтың би-шешендерінің сөздері, жыраулар поэзиясы ұлттық таным патриоттық тәрбие берсе, ежелгі дәуір әдебиетіндегі Түрік қағанаты заманында қолбасшы болған Күлтегіннің, «Оғыз Қаған» дастанында Оғыз батырдың түркі елін жаудан қорғаудағы ерлік істері, әскери жорықтары, даналығы сана-сезімдегі патриоттық сезімнің қалыптасуына оң әсер береді. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсірген қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой-пікірлерін, үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде көп пайдаланамын. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың «Патша әмірі тарылды» өлеңі 1916 жылы Ресей патшасының жарлығымен қазақтың жігіттерін майданға қара жұмысқа алғаны жөнінде суреттейді. Ол жарлық рухы биік қазақ халқын қорлаумен бірдей еді. Халық наразылықтарын білдіріп, көтеріліске шықты. Бұл өлең қазақ халқының намысшыл, өз елінің ертеңгі жарық сәулелі күні үшін жан қияр халық екенін ұғындырады . Сондай-ақ, батырлық жырлардың да білімділік және патриоттық сезімді тәрбиелеудегі мәні зор. Қандай шығарма болса да, оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті – халықтың ой-санасы мен мінез-құлқын қалыптастыратын тарихи мектеп. Ұлы ойшыл Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»,– деп білім беру мен тәрбие ісін етене бірлікте алып, біртұтас жүйе ретінде қолдану керектігін меңзейді. Тәрбие адам тағдырын, оның рухани өмірінің негізін сақтайды. Ғасырлар бойы халқымыз ұрпағын ізгілікке, өз елін сүюге баулып келеді. Бүгінгі өскелең ұрпаққа отансүйгіштік ұлттық сана-сезім аса қажет. Осы қасиеттерді ұрпақ бойына дарытатын қоғам, орта екені даусыз. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие берудің түпқазығы — мемлекеттік рәміздеріміз болып табылатын Елтаңба, Ту, Әнұранды дәріптеу. Мемлекеттік рәміздер — елдің өмір-салтын, бүкіл болмыс-ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін, еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Әр елдің мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени-тарихи және геосаяси жағдайларына байланысты қалыптасады. Азаматтардың бойында ұлттық нышандарға — Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, сондай-ақ мемлекеттік мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауынының өзі елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Мемлекеттік нышандар мемлекеттің оң бейнесін жасаудың негізі ретінде, патриоттық сезімді танытудың нысанасы ретінде пайдаланады, ұлттық мақтаныштың белгісі болып табылады.
Тарихқа үңілсек, қазақ мемлекеттілігін қамтитын рәміздер тарихы үш кезеңмен айқындалады: Қазақ хандығы, Кеңес одағы құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы және Қазақстан Республикасы. Қазақстан Республикасының бас рәмізтанушысы Е.Шәймерден елтаңбаның қарапайым пішінінен күрделі түріне дейінгі дамуы бірнеше кезеңнен тұрады деген пікір білдірді. Бірінші кезең ерте әлеуметтік белгілердің пайда болуымен сипатталады. Қазақ қоғамында көнеден келе жатқан белгінің бірі — малға ен салу. Екінші кезең – тайпалық таңбалар, үшінші — мөрлердің пайда болуы, төртінші — рулық таңба, бесінші – аймақтық және қалалық герб, алтыншы, ең жоғарғы деңгей – ресми бекітілген мемлекеттік елтаңбаның болуы. Ол белгілер әр түрлі салт-жораларда пайдаланылып, ру-тайпалардың басын біріктіруге ықпал етті. Қазақстанның қазіргі таңдағы Елтаңбасы үлкен еңбектің арқасында, екі сәулеткер Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәли-хановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді. Елтаңбадағы шаңырақ — өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісін білдіріп келеді, еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз — Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді. Ал мемлекеттік туымыздағы бiрыңғай көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезi н елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартса, 1986 жылы бостандық аңсаған қазақ жастарының бейресми әнұраны болған «Менің Қазақстаным», бүгінгі күні әрбір Қазақстандық азамат түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып нағыз патриоттық сезіммен тебірене шырқайтын Әнұранымыз.
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие — ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып, әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Олар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толықтай Адам дәрежесіне жетеді. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана -сезім рухани байлықтан көрініс табады. Демек, рухани байлыққа ең алдымен — тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл — қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін,
салт-дәстүр-ұлт болуымыз үшін қажет.
Патриоттық тәрбиені ойға алғанда, бірінші санаға Отан түсінігі келеді. Олай болса, патриотизм — қоғамдық сананың бір формасы, ол қоғам дамуымен бірге дамып, жаңа мағынаға, мазмұнға толықтырылып отырады. Патриотизм — әлеуметтік тарихи қалыптасқан сезім. Ол Отанға деген сүйіспеншілік сезім,олай болса ол Отанға қызмет көрсетуден басталады. Ендеше, жас ұрпақ, ұлттық тілдің мерейін үстемдет, дінің мен салт-дәстүріңді сақта, өз еліңнің нағыз патриоты бола біл!


Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!