Өскен Бөрғазы | өмірбаяны

0

Өскен Бөрғазы 1943 жылы 3 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында дүниеге келген. Осы ауылда орта мектепті бітірген.

1965 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық, 1974 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институттарын тамамдаған. Инженертехнолог және математика пәнінің мұғалімі мамандықтарын алған. Еңбек жолын 1966 жылы Павлодар облысындағы Бозшакөл астық қабылдау пунктінде директордың орынбасарытехнолог болып бастаған. 

1967 жылдан Шымкент қаласындағы облыстық астық өнімдері басқармасында инженер болып қызмет еткен.

1968–1969 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы Ғ.Мүсірепов атындағы орта, А.С.Макаренко атындағы сегіз жылдық мектептерде мұғалім, 1969–1975 жж. оқу ісінің меңгерушісі, 1975–1984 жж. мектеп директоры, «Сызған» пионер лагерінің бастығы, 1984–1986 жж. «Созақ» кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1986–1991 жж. «Шу» кеңшары партия комитетінің хатшысы, 1991–2007 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы №1 кәсіптік мектептің директоры болып қызметтер атқарған. 

Бірнеше жыр мүшәйралардың жүлдегері. «Заманай» (1992), «Киелі топырақ»(1996), «Теріскей толғауы» (1999), «Сағыныш» (2003), «Толғаныс толқындары» (2005) атты жыр жинақтарының авторы. Созақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің грамотасымен марапатталған. Облыстағы 2005 жылдың ең үздік ақыны атағына ие болған.