«Маған қандай көмек көрсетесіздер?»: Дәрігерлерді тексерген Біртанов науқастың рөлін сомдады — Қазақстан жаңалықтары

0

Аймақтарды аралап жүрген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ойламаған жерден Ақтөбенің дәрігерлерін сынақтан өткізді. Әріптестерінің біліктілігін тексеру үшін, тіпті «науқастың» рөлін сомдаудан да қашпады. 

«Маған қандай көмек көрсетесіздер?»: Дәрігерлерді тексерген Біртанов науқастың рөлін сомдады

Елжан Біртановтың жұмыс сапарына егжей-тегжейлі дайындалып шыққаны байқалады. Қолындағы қағазда тек облыс қана емес, тіпті кішкентай ауылдағы амбулаторияда отырған медбикенің қанша жалақы алатынына дейін анық жазылған. Министрдің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сай арнайы оқудан өткен медицина қызметкерлердің жалақысына биылдан бастап 20 пайыз үстемақы қосылған. Алайда, кей жерлерде оның небәрі 10 пайызы ғана төленіп отыр екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Ғаламтор арқылы сіздердің қызметкерлеріңіздің айлығын көріп отырамын. Кім алды, кім алмады. Сіз ойлайсыз біз оны бақылаудан түсірді деп. Ай сайын қарап отырамын», — дейді денсаулық сақтау министрі.

Мамандардың жетіспеушілігі Ақтөбенің денсаулық саласына да тән проблема. Сондықтан, жас дәрігерлерді ауылдық жерде ұстап отыру үшін атқарушы билік тарапынан қолдау керектігін айтты. 

Біртанов барған жерінде бірінші назар аударғаны  ауыл-аймақ болсын, аудан болсын, ондағы амбулатория, ауруханалардағы медициналық көмектің сапасы болды. Құр тексеріп ғана қомай, дәрігерлерді сынақтан өткізді. Мысал ретінде өзін «есінен танып, көкпеңбек күйде түскен науқас деп қабылдауын сұрады». Маған қандай көмек көрсетесіздер деп ситуациялық сұрақты төтесінен қойды. Хромтау аудандық ауруханасының науқастарды қабылдау бөлімінің мейірбикесі сынақтан сүрінді. 

«Сіздерде ТРИАЖ жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Шұғыл сырқатпен түскендерді сол жерде қабылдап, көмек көрсетулеріңіз керек! Әйтпесе, сіз реаниматологты шақырып, ол төмен түскенше 3 минут, мені жоғары көтергенше 5 минут өтеді, өліп кетемін», — дейді Біртанов.

Осылайша, әріптестерін бір сілкіп алған министр артынша халыққа сапалы қызмет көрсетіп, қазіргі технологияларды барынша меңгеруге үндеді. Денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан реформаның мақсатын түсіндірді. 

«Осы медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін көтеру мақсатымыз. Себебі  ол өте маңызды. Қазір ғылыми зерттеудің арқасында бұрын болмаған көп технология келіп жатыр. Соның бәрін үйрену қажет. Әрине, оның бәрін дәрігер, мейірбикелер үйренуі керек, оған уақыт керек», — дейді еліміздің бас дәрігері.

Министрдің шілдеден бастап 225 мыңнан астам медициналық қызметкердің жалақысы көтеріледі деген сүйінші хабарына дәрігерлер қуана қол соғысты. Соңыра басшымыздың сынынан нәтиже шығарамыз деп уәде берген дәрігерлер министрмен селфи жасауға кезекке асықты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz