Оразхан Рахманбекұлы | өмірбаяны
Оразхан Рахманбекұлы Ахмет – 1938 жылдың тамызында Қытайдың Іле аймағы Қорғас (бұрынғы Сүйдін) ауданының Сарбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955-58 жылдары Шынжаң институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Сол жылы «Жерлік ұлтшыл» атанып, Тарымға айдалады. Кейін туған жеріне оралып, жергілікті билік өкілдерінің бақылауы астында еңбек етеді.Тек 1980 жылы ғана толық ақталып, шығармашылықпен емін-еркін айналыса бастайды. Содан кейін ұзақ жылдар бойы «Іле айдыны» журналында бас редактор, Іле қазақ облысы жазушылар қоғамының төрағасы қызметін атқарады. Алғашқы әңгімесі «Кішкене суретші» 1956 жылы «Шұғыла» журналында жарық көрген. Одан кейінгі шығармалары 1979 жылдан бастап қана жарияланды. Қаламгердің «Өзгерген өңір», «Құмдағы іздер», «Көк белес» романдары, «Аманат» трилогиясы, «Көктемгі ойлар», «Сөнбейтін шырақ», «Ең соңғы көз жас», «Жасыл бақша», «Тұлпардың соңғы тұяғы» секілді әңгіме-хикаяттары жарық көріп, көптеген шығармалары қытай, моңғол, корей, ұйғыр, қырғыз тілдеріне аударылған. Бұдан бөлек ішінара шығармалары жапон, ағылшын, араб тілдеріне тәржімаланған. Қаламгер Қытайдағы азсанды ұлт жазушыларына берілетін мемлекеттік сыйлықты (қазіргі «Тұлпар» сыйлығы) үш мәрте – 1981, 1986, 2012 жылы иеленген бірден бір жазушы. Бұдан өзге де көптеген сыйлықтар мен марапаттардың иесі.