Намазалы Омашев | өмірбаяны
Намазалы Омашұлы Омашев 1950 жылдың 19 қаңтарында Жамбыл облысының Мерке ауданы Ойтал ауылында дүниеге келген. Ол филология ғылымдарының докторы, профессор, 2003 жылдан Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық Ғылым Академиясының толық мүшесі (академик), 2002 жылдан Қазақстан журналистикасы академиясының толық мүшесі (академик), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Н.О. Омашев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген (1974), Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертациясын (1984), докторлық диссертациясын (1992) қорғаған.
Қызметінің негізгі кезеңдері. Қазақ радиосының редакторы, аға редакторы (1974-1977), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы (1977-1979), аға оқытушысы (1979-1986), доценті (1986-1992), радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор (1993-1995), ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша Дүниежүзілік ОРБИКОМ ұйымының 1995 жылдан мүшесі, журналистика факультетінің деканы (1995-2001), ЮНЕСКО-ның бұқаралық байланыс және журналистика кафедрасының меңгерушісі, журналистика бойынша Диссертациялық кеңестің төрағасы (1996), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры (2001-2008), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры (2009), Журналистика және саясаттану факультетінің деканы (2010).
Н.О. Омашев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне басшылық жасаған жеті жылдың ішінде факультет халықаралық деңгейге көтерілді. Факультет республикадағы барлық БАҚ-тарға журналист мамандар даярлайтын нағыз ұстаханаға айналды. Жеті кафедрада 80-ге жуық профессорлар мен оқытушылар қызмет атқарды, 1000-ға жуық студенттер білім алды. Факультетте радио-теле-фотостудия, компьютерлік класс, шағын баспахана, пароболистикалық антенна орнатылған ЮНЕСКО кафедрасы жұмыс істеді.
Білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде журналистік білім дамуының Тұжырымдамасы жасалынды. “Журналистика” мамандығы бойынша мемлекеттік білім стандарты, бакалврлар мен магистрларға арналған квалификациялық стандарттар мен типтік оқу жоспарлары жасалынды. Сол сияқты жаңа мамандықтар: “Баспа ісі”, “Қоғаммен байланыс”, “Халықаралық журналистика”, сондай-ақ радиожурналистика, халықаралық журналистика, баспа ісі мен редакциялау, БАҚ менеджменті мен жарнамасы кафедралары ашылды.
Н.О. Омашев – қазақтың көрнекті ғалымдарының бірі. Ол 13 монографияның, 3 оқулықтың, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 9 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы. Оның жетекшілігімен 6 докторлық, 18 кандидаттық диссертация қорғалды. Н.О. Омашевтың ғылыми еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де үлкен резонанс тудырған. Ол Лас-Вегаста (АҚШ, 1998), Париж (Франция, 1999), Монреал (Канада, 2000), Ресей (Москва, 1980-1992) және т.б. халықаралық конференцияларда жоғарғы кәсіби бағаға ие болды.
Ғылыми жобалары. Профессор Н. Омашевтың жетекшілігімен 2007-2009 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған “Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты даму негізі” атты бағдарлама аясында «Ұлттық идея қайнар көзі – Алаш публицистері мұраларын жинастыру, жүйелеу, талдау және жариялау» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.
2010-2011 жылдарға арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Алаш баспасөзі тігінділері мен нөмерлерін іздеп табу, жарияланымдарын араб әліпбиінен кириллицаға аудару, академиялық жинақ етіп шығару» атты ғылыми жоба (Ғылыми жетекші: Н.Омашев) бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұнда ғасыр басында араб қарпімен жарыққа шыққан қазақ басылымдары: “Айқап”, «Қазақ», “Қазақстан”, “Серке”, «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай», «Бірлік туы», «Алаш», «Ақ жол», «Сана», «Қазақ тілі», “Таң”, “Шолпан”, «Жас Түркістан» газет-журналдарында жарияланған Алаш қайраткерлерінің құнды көземсөз мұраларын кириллицаға түсіріп, академиялық 10 томдық кітап шығару ісі қолға алынды. Осы жоба аясында 2010 жылы «Алаш көсемсөзі» 10 томдығының алғашқы 4 томы жарық көрді.
Н.О. Омашев – танымал публицист, оның мақалалары республикалық газет-журналдарда жарық көріп тұрады, радио және телебағдарламаларға жиі қатысады. Публицистің қаламынан туған жолсапар және портреттік очерктері мен түрлі эсселері, ғылыми-танымдық мақалалары мен деректі фельетондары оның шығармашылық дарыны мен публицистік шеберлігін айғақтайтын “Ақпарат әлемі” атты таңдамалы шығармаларының екі томдығына топтастырылған (2006). Публицист очерктері сезімге әсер ететін суреттер мен нәзік лиризмге толы. Ал фельетондары оның сықақшылдық қырын танытады: оқырмандардың есінде ирониялық тапқыр тіркестерімен, сәтті қолданылған юморлық эпизодтарымен, күлкілі диалогтарымен қалады.
Марапат белгілері. Үш мәрте Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының (1989, 2000, 2006) лауреаты.
2001 жылы Н.О. Омашевқа Кембридждің (Англия) Халықаралық Өмірбаяндық Орталығы “Жыл адамы” деген атақ берді, “Тану декларациясы” мен “Құрмет медалімен” марапатталған.
2001 жылы Қазақстан Республикасының 10 жылдығына ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
2002 жылы журналистика саласындағы ерен еңбегі үшін “Алтын самұрық” төс белгісіне ие болды.
2003 жылы “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төс белгісі берілді.
2004 жылы Жамбыл облысы Мерке ауданының “Құрметті азаматы” атағы берілді.
2004 жылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан қомақты үлесі үшін “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілді.
2005 жылы “Қазақстан Конституциясына 10 жыл” мерекелік медалімен марапатталды.
2005 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғысымен марапатталды.
2007 жылы Н.О.Омашев республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін дамытудың өзекті мәселелеріне арналған мақалалар топтамасы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты атанды.
2007 жылы Кембридждің (Англия) Халықаралық Өмірбаяндық Орталығы ХХІ-ғасырдағы аса көрнекті тұлғаларының тізіміне енгізді.
М.О. Әуезов атындағы Семей университетінің Ғылыми кеңесінің 2007 жылғы 23 сәуір күнгі шешімімен (№ 6 хаттама) құрметті профессоры атағы берілді.
2009 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды.
2009 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында аянбай қызмет еткені үшін «Қазақ тілінің жанашыры – 2009» төс белгісімен марапатталды.
2010 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен марапатталды.
2012 жылы отандық ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Еуразия жұлдызы» атағымен марапаттады.