Мәди Айымбетов | өмірбаяны
Мәди Айымбетов Айтбенбетұлы 1946 жылы 14 қарашада Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Амангелді селосында туған. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін көп жылдар бойы республикалық газет-журналдар басылымдары — «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналында — кіші, аға әдеби қызметкер, бөлім, бастығы, жауапты хатшы; «Қазақстан коммунисі» журналында аға әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. 1986-1993 жылдар аралығында республиканың Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінде көркем әдебиет бөлімінің бастығы, «Ғылым» баспасының бас редакторы болдым. 1993-2003 жылдар аралығында республиканың жоғарғы заң шығару органы — Жоғарғы Кеңесте, одан соң Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенаты Аппараттарында Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2003-2011 жылдары — Сенат Аппратында Редакциялық-баспа бөлімнің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2009 жылы бері мемлекеттік қызметтен зейнетдемалысына шыққаннан бері — ҚР Әділет минстрлігі жанындағы Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері.
1986 жылдан — КСРО Жазушылар Одағының, тәуелсіздік жылдарынан бастап Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері (2006). Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Құрметті азаматы (2011)
«Тәтті мұң» атты алғашқы әңгімелері бірі жетпісінші жылдардың басында жарық көрді, содан бері жиырмаға жуық прозалық кітаптардың авторы болдым. Бірқатар кітаптары орыс тіліне («Голубая тропинка» (1978), «Чаша печали» (1997), «На тверди земной» (2004), «Элегия бытия» (2012), ал жекеленген шығармалар украин, белорус, молдован, түркмен, өзбек, қырғыз, ұйғыр, шешен және тағы басқа ұлт тілдеріне аударылған. Жекелеген шығармаларым Мәскеудің «Детская литература» баспасынан жарық көрген балаларға арналған шығармалардың жинағына (1995), «Художественная литература» баспасынан шыққан Қазақ прозасының «Домбыра и колыбель» антологиясына (2013) енген. Осы таяудағы жылдары «Дүние керуен», роман (2013), «Таңдамалы әңгімелер мен хикаяттар» (2014 ж.,«Ақтөбе» кітапханасы сериясы,23 том) атты кітаптары жарық көрді.
Қырық жылдан астам уақыт шығармашылық жұмыспен айналысып келе жатқан танымал жазушының бірқатар таңдаулы прозалық шығарамалары «Жазушы» баспасының «Қазіргі қазақ прозасы» кітапханасының сериясымен жеке кітап боп жарық көрсе, «Раритет» баспасы өзінің «Қазақ прозасының алтын қазынасы» сериясымен оның прозалық кітаптарын оқырмандарға қазақ және орыс тілдерінде ұсынды.
Жазушының шығармалары мен шығармашылық қызметі жөнінде әр жылдары «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Жалын», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Детская литература» (Мәскеу), «Сарыарқа» және басқа басылымдарда жазылып, әдеби орта мен оқырмандар тарапынан оң бағасын алып, әдеби ортаның толық сараптамасынан өтті.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, суреткерлік әлеуетімен оқырмандарға кеңінен танымал қаламгердің өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап күні бүгінге дейін жарық көрген прозалық шығармалары негізгінен повесть пен әңгіме жанрында жазылған. Прозаның бұл жанрында қаламгер өзінің басты стихиясы – әсіресе ауыл өмірін, кейіпкерлерінің өмірлік танымын, характерін, өзіндік болмысын әр қырынан көрсете біледі. Әңгімелердегі әртүрлі образдар адам әлемінің тұтастай бір галереясын жасайды. «Құла түздегі үнсіздік», «Кәрі жыланның азасы», «Ақша бұлт-Таңкөрік», «Құмөзектің Донкихоты», «Сырлы зерен» және тағы басқа да әңгімелерде прозашының кейіпкер жан-дүниесін психологиялық, әлеуметтік сипатын ұтымды иірімдермен аша біледі.
Қаламгердің 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың бірінші жартысында жазылған прозалық туындылары, «Дүние-керуен» романы мен «Шырақшы Қалжігіт» хикаяты қырқыншы-елуінші жылдардағы адамдардың тағдыры, олардың жақсылық, ізгілік мұраттар жолындағы әрекеті, озбырлықпен күресі туралы тақырыпты қозғайды. Жазушының образ сомдаудағы шеберлігі кейіпкерлерінің болмысын шынайы да шұрайлы тілмен аша білуінен айқын көрініс тапқан.
1980-1985 жылдар аралығында жазылып, жарық көрген балалар мен жасөспірімдер өмірінен жазылған «Бар болғаны он төрт жас», «Нәзік жаңғырық», «Ғашық болу бақыты», «Күнекей», «Көлге шомылған Ай» және тағы басқа хикаяттарда жас кейіпкерлердің адами болмысының қалыптасу ерекшеліктерін өміршең тартымды оқиғалар арқылы көркем әрі шебер өрнектеледі. Бұл шығармалардың барлығы да жазушының қазақ балалар әдебиетінің бейнесін ашықтауға қосылған айтарлықтай рухани зор үлесі.
Қаламдастары мен өнер қайраткерлері туралы портреттер, эсселер, қоғам өміріндеге әртүрлі өзекті проблемалары туралы мен очерктері мен мақалалары да — жазушының публицистика жанрындағы таңдаулы еңбектері.
Мемлекеттік бірнеше наградалары, атап айтқанда: КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен (1982), Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2001), «Ерен еңбегі үшін» (2010) медалімен, «Құрмет орденімен» (2015), Қазақстан Республикасы Президентінің «Күміс барыс» белгісі бар Алғысы, (2006), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) «ҚР Конституциясының 20 жылдығы» (2015), мерекелік медалдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамоталарымен (2008, 2009 жж.), Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Құрметті заңгер» медалімен (2013) марапатталды.
Әкесі Айымбетов Айтбенбет (1908-1958) қызметкер болған адам, шешесі — Айымбетова Тоқтар Сайыпқызы (1915-1980) үй шаруасы және бала тәрбиесімен айналысқан көп балалы ана. Бұл кісілер Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туып, сол жерде дүниеден өтті.
Отбасы — зайыбы Алпысбаева Роза — көп жылдары білім беру саласында қызмет істеген, қазір зейнеткер. Балалары — Ардақ (экономист-қаржыгер), Ернар (заңгер), Әсел (халықаралық туризм менеджері, халықаралық журналистика магистрі), жоғары білімді мамандықтары бойынша әртүрлі қызмет салаларынада еңбек етеді, әрқайсысы үйлі-баранды, олардан немерелері бар.