Мұқан Мамажанов | өмірбаяны

0

Мұқан Мамажанов (1929–1996) 10 ақпанда Алматы облысы, Талғар ауданы, Калинин атындағы колхозда туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармашылық еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері, аудармашы редактор болып бастады. Осы газеттің және «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаш») бөлім меңгерушісі, 1955–1958 жж. «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, бұдан соң 1986 жылға дейінгі аралықта БЛКЖО Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасының Бас редакторы, директоры, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, бас редакторы, төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. 

«Советтік Қазақстанның кітаптары», «Листовкадан энциклопедияға дейін», «Достар арасында» (1959), «Кітаптан түскен шуақ» (1997), т.б. еңбектері жарық көрді. Көркем аударма саласында еңбек еткен. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың игергені үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. 

Аудармалары: С.Георгиева. Повестері мен әңгімелері. А., ҚМКӘБ, 1956; Бонч-Бруевич. Ленин туралы әңгімелер. А., «Қазақстан», 1958; С.Заресной. Жеті күн туралы повесть. «Жазушы», 1965; В.Песков. Таңғы шық. А., «Қазақстан», 1966; В.Котик. Ол пионер болған еді. А., «Жазушы», 1967; Нгуен Динь Тхи. Сөгілген көбе. А., «Жазушы», 1973; Нгуен Динь Тхи. Бұрқанған дария. А., «Жазушы», 1980; Петрусь Бровка. Тоғысқан арналар. А., «Жазушы», 1984.