Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұтфолла Шәкеновты еске алу кеші өтті
1928 жылы Павлодар өңіріндегі өмірге келген Нұтфолла Шәкенов 1943 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің дайындық курсын, содан кейін тіл әдебиеті факультетінде оқи жүріп «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып, одан кейінгі жылдарда «Пионер» журналында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1948 — 1949 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында аға оқытушы, 1949 — 1953 жылдар аралығында қазақ радиосы, әдеби-драма хабарлары бөлімінің бас редакторы, ал 1953 — 1955 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
Нұтфолла Шәкеновтің өлендері 1944 жылдан бастап республикалық және ресейлік басылымдарда жариялана бастады. Ақынның «Біздің жыр» алғашқы өлеңдер жинағы 1949 жылы жарық көріп, оған еңбек адамдарының ерлік істері жайындағы лирикалық өлеңдер енді.
Іс-шараға қатысқан ақын, сатирик Мыңбай Рәш, әдебиеттанушы-ғалым Темірхан Тебеген, жазушының жұбайы Нұрғиза Шакенова, ақын Бақыт Беделхан қатысып, өз естеліктерімен бөлісті. «Тұран» университетінің журналистика факультетінің студенттері Нұтфолла Шәкеновтің өлеңдерін оқыды.
Еске алу кеші аясында Нұтфолла Шәкеновтің шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ