Қостанай облыстық орыс драма театры: тарихы мен қызықты деректер
Соғыс жылдары театр көрерменінің саны күрт өсіп, бір жарым есеге артты
Театр тарихы
Өзінің ғимараты бар тұңғыш репертуарлық театр 1922 жылдың сәуір айында ашылды. Бұған дейін Қостанай қаласында спектакльдер Халық үйі, училище мен әйелдер гимназиясында өткізілетін. 1922-1923 жылдардағы мұрағат құжаттарында Қостанай театрының болғаны жазылады. Алайда оның тұрақты труппасы болмаған. Тек 1937 жылы ғана театр труппасы қайта құрылып, актерлер құрамы қалыптасты.
Соғыс жылдары театр көрерменінің саны күрт өсіп, бір жарым есеге артқан. Соғыстан кейінгі кезең мен тың игеру кезінде де театрдың жұмысы жандана түсті.
Театр репертуарындағы туындылар
Театр өз көрермендерін «Ходят слухи», «Сирена и Виктория», «Примадонны», «Неугомонный дух» сынды заманауи пьесалармен қатар, классикалық драматургиямен де қуантады. Олардың қатарында «Леди Макбет Мценского уезда», «Учитель танцев», «Дядюшкин сон», «Панночка», «Женитьба Фигаро», «Женитьба Бальзаминова» қойылымдары бар. Өнер ошағының ұжымы классиканы қазіргі кезге батыл беймдеумен ерекшеленеді. Мәселен, «Двенадцатая ночь, или что угодно» спектаклі жаңаша көзқараспен қойылды.
Театр ұжымы Астана, Челябі, Пермь, Алматы, Қарағанды және өзге де қаладағы көрермен қошеметіне бөленген.
Театрдың шығармашылық ұжымы
Театр директоры — Юрий Ивлев. Қазіргі уақытта өнер ошағында дарынды әртістер жетерлік. Көрерменді өз өнерлерімен Р.Полухина, А.Олейникова, Л.Ромадина, В.Битюкова, Н. Дедюх, Ю.Кудряшова, А.Удесиани, О.Смирнов, О.Бабанов қуантып жүр. Олар жаңа премьералар әзірлеуден жалықпайды. Шығармашылық ұжым құрамында тұрақты көрерменге жақсы таныс Ольга Муляк, Александра Зинкова, Виталий Одинец, Руслан Бушинский, Максим Слепченков та бар.
Театр ТМД елдерінің режиссерлерімен тығыз байланыс орнатқан. Түрлі фестивальдерге белсене қатысады. Бірқатар грамота және дипломдармен марапатталған.
Өнер ордасының жүлделері мен марапаттары
Өнер ордасы әртістерінің кәсіби шеберлігі республикалық, халықаралық фестивальдерде оң бағаға ие болған. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына арналған IV республикалық театр байқауында «Абай» спектаклі І орынды иеленді. 1999 жылы А. Дударевтің «Сумерки» спектаклі Қарағандыдағы VII театр фестивалінде І орынға лайық деп табылды.
2002 жылы Павлодардағы X театр фестивалінде П. Шеффердің «Амадей» қойылымы көрермен таңдауы аталымында жеңіске жетті. 2007 жылы Астанадағы XV театр фестивалінде М. Ладоның «Очень простая история» қойылымы «Үздік қойылым және сахнада жастар мәселесін шебер көрсеткені үшін» сыйлығымен марапатталды.
2009 жылы Т. Әбдіктің «Нас было трое» спектаклі Қарағандыда өткен XVII театр фестивалінде «Заманауи қазақ драматургиясын табысты меңгергені үшін» дипломымен марапатталды.
Театр талай мәрте Ресейдегі «CHELoВЕК ТЕАТРА» халықаралық театр фестивалінің лауреаты атанады. 2016 жылы «Достық көпірі» халықаралық фестиваліне қатысты (Йошкар-Ола, РФ, Марий Эл республикасы). Оның қорытындысы бойынша театр екі аталымда дипломмен марапатталды.
2015 және 2017 жылдары театр ұжымы гастрольдік сапармен Израильде болды. Нәтижесінде «Театральный дивертисмент» фестивалінің лауреаты дипломын иеленді. Израильдің театр фестиваліне тұрақты шақырту алды.
sputniknews.kz