АҚШ-та өткен әлем чемпионатында бес зілтеміршіміз топ жарды
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жас спортшыларымыз керемет өнер көрсетіп қайтты.
Мұхиттың арғы бетіндегі айтулы додаға еліміз атынан бес жас зілтемірші қатысқан. Жарыс қорытындысында қазақстандықтардың бәрі алтын медаль жеңіп алды.
Алғашқы алтынға 61 келіге дейінгі салмақ санатында сынға түскен Ақмолда Сайрамкез қол жеткізді. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 257 келіні ( 112 келі — жұлқа көтеру, 145 келі — серпе көтеру) көтерді. Бұдан бөлек, Ақмолда жұлқа және серпе көтеруде кіші күміс медаль алды.
67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайхан Тайсуев чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты.
Жұлқа көтеруде 127 келіні, серпе көтеруде 161 келіні еңсерген Тайсуев қоссайыс қорытындысы бойынша 288 келіні бағындырып, алтын медаль алды. Оған қоса, Сайхан Тайсуев серпе және жұлқа көтеруден кіші алтын жүлдені де өз еншісіне жазды. Серпе көтеруде жасөспірімдер арасында әлем рекордын орнатты — 161 келі
81 келіге дейінгі спортшылар арасында бақ сынаған Сәпи Есенкелді қоссайыс қорытындысы бойынша 309 келіні еңсеріп, өз салмағында ең үздік шықты. Ол жұлқа көтеруде 134 келіні, серпе көтеруде 175 келіні бағындырды.
96 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рахат Бекболат 323 келі (144+179 келі) зілтемірді басынан асыра көтеріп, қарсыластарының бәрінен басым болды
Ал қыздар арасында 81 келіге дейінгі салмақ санатында сынға түскен Ольга Пастухова 215 келіні (92+123 келі) бағындырып, алтын медаль жеңіп алды.
Осылайша, әлем чемпионатына қатысқан бес спортшымыз да жеңімпаз болып оралды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бапкері — Бақыт Ахметов.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz