Мамық күрткені қалай жуамыз?
Мамық күртке суда жүзетін құстар мамығынан жасалады. Алайда, қазір мамық күртке деп аталатындардың барлығы бірдей табиғи материалмен толтырылмаған. Сондықтан кез келген жылытқышы бар күрткені қалай жууға болтындығын ұсынамыз.
Күрткенің жазба белгісіндегі ақпаратты зерттеңіз. Көп жағдайда ол жерде бұйымды күтуге арналған ұсыныс болады. Этикетте күрткенің неден жасалғандығы жазылып тұруы мүмкін. Сыртқы қаптамаға жиі сыртқы әсерге қарсы тұра алатын синтетикалық мата қолданылады: полиэстер, полиамид, нейлон, экобылғары. Толтырғыш та синтетикалық (синтепон, холлофайбер) немесе табиғи (мамық, құс жүні, жүн) болуы мүмкін. Соңғысы ұқыпты күтімді қажет етеді, өндірушінің ұсынысын елемеуге болмайды.
— Мамық күрткені жууға қарапайым кір жуғыш ұнтақ қолдануға болмайды. Оның орнына сұйық кір жуғыш құрал пайдаланыңыз. Ал табиғи толықтырғышы бар күрткеге арнайы құрал алған жөн.
— Егер күрткеде табиғи тері (мех) бар болса, оны жуар алдында шешіп тастаңыз. Егер тері шешілмесе, жуып болған бойда және кебу процесінде оны сирек тістері бар тарақпен жақсылап тарау керек.
— Егер тері боялған болса және ол күрткенің түсінен басқа болса, ондай күрткені химиялық тазалауға берген жөн. Әйтпесе, терінің түсі кетіп, күрткені бүлдіруі мүмкін.
— Күрткенің қалтасы бос және жыртық еместігіне көз жеткізіңіз. Егер жыртық болса, міндетті түрде тігіп қойыңыз. Әйтпесе, толтырғыш бөлігі сол арқылы шығып кетуі мүмкін.
— Күртке өзгеріске ұшырамас үшін оның алдын және қалтасын бекітіп, ал капюшонын ағытыңыз.
Күрткедегі дақтардан қалай құтыламыз?
Әдетте, күрткенің ең ластанатын жерлері – жеңі, жағасы және етегі. Күрткені кір жуғыш машинаға салар алдында осы ластанған жерлерін сулап, кір сабынмен сабындап, жайлап уқалау керек.
Ал күрделі дақтарды бірнеше әдіспен кетіруге болады. Қай әдісті таңдасаңыз да, дақтың шетінен бастап ортасына қарай қозғала тазартыңыз.
1. Әмбебап дақ кетіргіш жасау үшін 1 стақан суға 2 шай қасық мүсәтір спирті мен 2 шай қасық сұйық кір жуғыш құрал құйыңыз. Оны көпіртіп, ластанған жерлерге жағыңыз. Бірнеше минут күтіп, сорғышпен (губка) сулаңыз.
2. Майлы дақты кетіру үшін тұз бен крахмалды 1:1 пропорцияда араластырыңыз. Аздап су қосып, паста тәрізді болғанша араластырыңыз. Оны даққа жағып, толықтай кепкенше қалдырыңыз. Содан соң ылғал сорғышпен жуып тастаңыз.
3. Егер ақ күрткеде дақ пайда болса, оны ағартуға болады. Ол үшін мүсәтір спирті мен сутек тотығын 1:1 пропорцияда араластырып, ластанған жерді сүртіңіз. Бұл әдіс түрлі түсті күрткелерге келмейді.
Дақтарды кетіретін әдістер жасаған соң күрткені толықтай жуып алған жөн. әйтпесе, күрткеде іздер қалып қоюы мүмкін.
Күрткені кір жуғыш машинада қалай жуамыз?
Күрткені кір жуғыш машинаға саламыз. Толтырғыш бөліктерге бөлініп қалмас үшін барабанға арнайы 2-3 шар немесе теннис шарын салып жіберіңіз. Арнайы бөлімшесіне кір жуғыш сұйықтық пен кір шайғыш сұйықтық құйыңыз. Кей машиналарда сыртқы киім жууға арналған режим болады. Егер болмаса, ұқыпты күтімді қажет ететін жүнді, жібек киімдерді жууға арналған режимді таңдауға болады. Су температурасы 30°C-тан жоғары болмауы керек. Күртке жуылып болған соң, шаю режимін басып, қосымша тағы бір рет шайып алыңыз. Күрткеде кір жуғыш құралдың ізі қалмау керек. Сығу қатты болмауы қажет, минутына 400-600 айналым жарайды. Қатты айналым кезінде толтырғыш тігістен шығып кетуі мүмкін.
Күрткені қолмен қалай жуамыз?
Үлкен легенге немесе ваннаға су толтырыңыз. Су температурасы 30°C-тан жоғары болмауы керек. Суға кір жуғыш құралды араластырыңыз. Оның мөлшерін қаптамада көрсетілген нұсқама бойынша есептеңіз. Содан соң оны сорғышпен жайлап жуыңыз. Күрткені қарапайым киімді секілді өз-өзіне ысқылап жууға болмайды. Киімді таза сумен бірнеше рет шайыңыз. Күрткені орап сығуға болмайды.
Күрткені қалай кептіреміз?
Барлық ілгегін ағытып, қалтасын шығарыңыз. Күрткені ілгішке іліңіз. Егер оны қолмен жуған болсаңыз, суы аққанша ваннаға іліп қойыңыз. Процесті жылдамдату үшін төменгі жақтарын әлсін-әлсін сығып алуға болады. Күрткені батареяның үстіне қоймаңыз және фенмен кептірмеңіз. Жоғары температура мамықтың құрылымын бұзады, ол сынғыш бола түсіп, жылу оқшаулау қасиетін жоғалтады. Күрткені толықтай кепкенше қалдырыңыз және арасында күрткенің әр жерін алақанмен ұрып, ішіндегі мамығы бір жерге жиналып қалмас үшін қолмен реттеп жіберіңіз.