Жыл басынан бері 126 таксистке айыппұл салынды
Тіпті Қырғызстаннан келіп таксист болып жүрген азамат ұсталды.
Жыл басынан бері еліміздегі әуежайлар мен теміржол вокзалдарында қоғамдық орында тиіскені үшін 600-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Zakon.kz көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
– Ағымдағы кезеңде ел полицейлері құқық бұзған 12 685 азаматты анықтады, оның ішінде қоғамдық орындарда тиісу бойынша 623 адам, оның 126-сы таксистер, – деді полициядағылар.
Мәселен, Алматы халықаралық әуежайының ғимаратының бірінші қабатына кіріп алып, жолашыларды қоймай мазалап, такси қызметін ұсынған ер адам ұсталды.
Тексеру барысында оның 40 жастағы Қырғызстан азаматы екені анықталды. Оған қатысты ӘК 449 бабы, 3 бөлімі бойынша әкімшілік іс жазылды.
Алматының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен құқық бұзушы 5 тәулікке қамалып, одан кейін елден шығарылды.
Таксистердің халықты мазалайтын әрекеті 5 АЕК (10 605 теңге) көлеміндегі айыппұлмен жазаланады, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, айыппұл 10 АЕК (21210 теңге) болады, немесе әкімшілік соттар қамауға отырғызады.
Аталған әрекеттерді шетелдік не азаматтығы жоқ адам жасаса, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz