Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (Өмір)
Мана көкті қаптап еді қара бұлт,
Күн күркіреп қорқытып, ұшырып құт:
Көк тұнжырап мұңайып, қабақ жауып,
Көз ашқанда аспанда жарқылдап от.
Бұрқыратқан екпінді дауыл еді,
Сабап құйған жиіркеніш жауын еді.
Қорқып-сасып, жан-жануар есі шығып,
Бәрі-ақ іздеп баспана тауып еді.
Бұлт айықты, көк жүзі болды ашық,
Бар нәрседен қайғы-мұң кетті қашып.
Күн сәулесі жер жүзін құшақтады,
Қосылуға қашаннан болған асық.
Бейне алтындай көкте бұлт тұр ғой жайнап,
Енді жел жоқ мазалар оны айдап,
Жанға рақат гүлдерден хош иіс аңқып,
Жан беріп кең далаға, құстар сайрап.
Өмір осы — бірде ол болар бұлтты,
Қатты желді, дауылды, кейде отты.
Құрып дымың, қайғырып, жас төгерсің,
Бұлт ашылар — қайғының бәрі бітті.