Даму күнтізбесі: екі жарым жасар балада қандай дағдылар қалыптасады — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Екі жарым жасқа келгенде балалар өздерінің атынан «мен» деп сөйлей бастайды. Сондай-ақ, бала үш дөңгелекті велосипедпен серуендеп, допты лақтырып, ұстауды үйренеді. Және пластилинмен түрлі пішіндер жасап, қызығушылықпен сурет сала бастайды, деп жазады Stan.kz.
2,5 жастағы бала еденде жатқан кедергілерді аттап өтуді біледі. Тепе-теңдік сақтап, аяқтың ұшымен тұрып, жүре алады. Бұл жастағы балалар жүгіріп, екі аяғымен секіреді және тізерлеп отырады. Сондай-ақ, доппен ойнауды біледі. Допты бір немесе екі қолмен лақтырып, ұстайды және кедергілерден лақтырады.
Танымдық дамуы
Заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай ажыратуы:
— Үлгідегі заттарды бірдей түсте жинайды, бірақ әртүрлі пішінде таңдайды. Бұл жастағы балалар көбіне төрт түрлі түстер мен реңктерге бағдарланған және оларды үлгі немесе үлкендердің өтініші бойынша таңдайды.
— 2,5 жастағы бала 1-2 түсті ғана дұрыс атай алады.
— 4-6 геометриялық пішінге бағдарланған. Көлемді геометриялық пішіндерді сәйкес тесіктер бойынша таңдап, қолданады.
— Жалпақ геометриялық пішіндерді үлгіге қою арқылы таңдайды.
— Түрлі пішіндегі мөлшерге бағдарланған.
— 2,5 жастағы бала 4-8 сақинаны ретімен жинап, пирамида құра алады.
— 10 немесе одан да көп текшелерді түрлі өлшемдер мен түсі бойынша бір-бірінің үстіне қояды.
— Қарындаш ұстай алады. Ересектердің әрекетін қайталауға тырысып, қисық, дөңгелектелген сызықтар сызады.
— Ересектердің суретіне сызықтар мен сопақша сызып, картинаны аяқтайды.
— Не салғанын немесе не жасағанын сұрап біліп, қызушылық танытады.
Ойын әрекеттері (сюжетті ойындар):
— 2,5 жастағы балалар жынысына қарай еліктейтін болады: қыз балалар анасына, ұлдар әкесіне.
— Кімге еліктейтінін сюжет арқылы көрсетеді.
— Кімді сомдап отырғанын айтпастан, анасы немесе дәрігер ретінде қатарынан екі немесе үш іс-әрекет жасайды.
— 2,5 жасқа толған бала өзі қатарлы балалармен бірге ойнайды. Олар ойыншықпен бірдей әрекет етеді немесе бірге бірнеше әрекеттерді орындайды.
— Басқа балалардың ойын әрекеттерін имитациялайды. Және бірнеше балама заттарды пайдаланады.
— Ересектердің сұрауы бойынша немесе өзі үлгіге қарап түрлі пішіндер мен өлшемдегі текшелерден үй, қоршау жасап, конструктивті әрекет етеді.
— Текшелерден жасалған ғимараттарды кішігірім сюжетті ойыншықтармен үстел ойынын ойнау үшін пайдаланады.
— Ойында тәжірибе жасайды.
— Басқа балалармен топтасып қимылды ойындар ойнайды. Сондай-ақ, қарапайым ережелерін есте сақтай алады.
Екі жарым жасар баланың эмоционалды және әлеуметтік дамуы
— Сергектену кезеңінде эмоционалды байсалды жағдайын сақтайды.
— Көңілді, белсенді, тынымсыз, шулы, әуесқой, енжар, сабырлы, немқұрайлы, ерке және т.б. балаға тән қасиеттер көрсетеді.
— Өз жағдайын анықтай алады. Ол жеке даралығын өзінің эмоционалдық сезімі арқылы қабылдайды. Мысалы, мен ауырдым, маған көңілді, мен мынаны жасағым келеді деген сөздер айтады.
— Ұзақ уақытты эмоционалды жад пайда болады. Ол әртүрлі жағдайда болғанда өзінің бұрынғы эмоционалдық сезімін еске түсіреді: мысалы, мерекеде, қонаққа барғанда – көңілді; ауру кезінде жаман деген сөздер айтады.
— «Осылай жасау керек», «күте тұр» және т.б. нұсқаулар кезінде өзін эмоциялық түрде ұстай алады.
— Қызықты ойынға қызығушылық танытады, тіпті кейде көңілін басқа нәрсеге аудару қиын болады. Сондай-ақ, бұған дейін жасаған әрекеттерді сабырмен орындайды.
— Қызықты емес, түсініксіз ойындарға қарамайды. Бұл ойын оған қызықты болмаса, оған түсіндіру қиындық тудырады.
— Шала таныс әрекеттерді орындау кезінде дұрыс жасай алмаса ашуланып, көңілі түсіп қалады.
— Таныс әрекеттерді жасап, нәтижесін көргенде қатты қуанып, күлімдейді.
— Ересектермен және балалармен көңілді ойындар ойнаса қуанады.
— Таныс музыка мен әндерді тыңдағанда эмоционалды түрде сүйсініп, рахаттанады.
— Бұған дейін бірнеше рет естіген музыканы тани алады және белгілі бір таныс қимылдарды жасап, билейді.
— Би қимылдарын орындау кезінде шаттық пен қуанышты сезінеді.
— Сұлулықты сезіне бастайды.
— Өздеріне тән нәзік эмоционалдық жай-күйде болады. Екі жарым жасқа толған балада нәзіктік, жақын адамдарына деген сүйіспеншілік, аяушылық, біреуге жаны ашу, өкпе-реніш, қызғаныш, сағыныш, қуаныш, ашу (агрессия), қорқақтық, жануарлар мен өсiмдiктер әлеміне, табиғи құбылыстарға деген қызығушылығы туа бастайды.
— Ересектермен тілектестік жақсы қарым-қатынаста болуға, олардан жағымды сөздер естуге мұқтаж болады.
— Анаға, әкеге, жақын адамдарға деген ынтықтық сезім сақталады. Олар бір жерге кетіп қалса мазасызданады, бірақ тез тынышталады.
— Жақын адамдары үшін эмоционалды түрде уайымдайды.
— Басқа баланың қуанышын немесе қайғысын түсінуге қабілетті.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz