Үй, көлік, ақшаңызға есеп бересіз: Қазақстанда жаппай декларациялау кезең-кезеңімен жүреді — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Жеке табыс пен мал-мүлкіңіз жайында ашық жариялап, декларация тапсыруға бір жыл қалды. Уақытында есеп бермегендер жауапкершілікке тартылады деген жаңалықтың талқыланып жатқанына біраз болды.
Құжат толтыру кезінде, тіпті, тойдан түскен не тойға жұмсаған қаражатты көрсету керек деген де алып қашпа әңгіме бар. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Бұл дүние бізге қайдан келді, не үшін керек десеңіз айтайын. Біздің атқарушы орган өкілдері ойланып, толғанып, ақыры әдетке айналған тәсілмен өзге елдерге қарап АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, тіпті Чилидің осы жүйесін зерттеген екен. Енді озық үлгілерді зерделеген мырзалар қазақстандықтарға жаңа ұсыныс тастады».
«Табысың мен мал-мүлкің жайлы ақпаратты жарияла! Ашық айт та, абыройлы бол!» деген науқанның ауылы алыс емес.
«Декларациялауды кезең-кезеңімен өткізуді қарастырып жатырмыз», — деді Әлихан Смайылов.
Ел тұрғындары әрбір өзгерістен бір жақсылық күтеді. Бұл жолы декларациялаудың арқасында кей шенеуніктер қалай байығаны әшкере болар дейді.
Білместікте ұят жоқ. Қаржы министрлігі өкілдерінің бөліскен ақпараттарына сүйенсек, декларациялауға негізінен мына дүниелер жатады:
-Жылжымайтын мүліктер: Пәтер, үй, жер учаскесі, ғимарат, үй құрылысындағы үлесіңіз болса көрсетесіз. Мұның шетелдегі мүлікке де қатысы бар.
-Көлік, мотоцикл, қайық, тікұшақ, ұшақ және басқа да жылжымалы мүлкіңіз болса, оны да декларациялау керек.
-Депозитте, банк шотында, картада және қолда бар қаражаттарыңыз жайында да жасырып қалуға болмайды. Үйде тек 5880 АЕК көлемінде, яғни 2019 жылғы есеппен 14 млн 847 мың теңге көлемінде ақша ұстауға болады. Одан артық соманы декларациялап, депозитке салуға міндеттісіз.
-Құнды қағаздарыңыз болса тіркеуді ұмытпаңыз.
-Біреуден қарыз алып немесе берген кезде де көрсету керек.
Мәжіліс депутаттары декларациялауды енгізбес бұрын жауапты органдар дайын ба, осыны пысықтап алу алу керектігін айтады.
«Адамның былай айтқандағы жанындағы мүлігі болсын, жинаған дүниесін көрсету ғой. Өз өзін тазаландыру. Тығып алмай, бір жерге апарып қоспай, шетелдегі бірнеше банкке ақшасын барып құймай», — ҚР парламент мәжілісінің депутаты Бахтияр Мәкен.
Парламентке заң жобасын қорғауға келген министрлер де бұл бастаманы қолдап отыр.
Жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарда бар екен. Яғни, 2020 жыл бастала салысымен қазақстандықтардың барлығы бірдей есеп беруге кірісіп кету міндет емес көрінеді.
«Біріншіден саяси мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары. «Корпус А»-да тұрған мемлекеттік қызметкерлер. ҚР судьялары, парламент депутаттары және квази мемлекеттік мекемелердің басшылары. Олар ендігі жылдан бастап міндетті түрде өздерінің декларацияларын жария етуге міндетті болады», — деді ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Мамаев.
Жеке табыс пен мүлікті жариялау тәртібінде «прочее» яғни «тағы басқа» деген бөлім көп талқыға түсті. Бірі бар техникаңды көрсету керек десе, екіншілері той-томалақтан түскен ақшаны да жазу міндет екен деп жүр. Бұл ақпараттың өтірік екенін ресми органдар растады.
«Мысалы сізде бағалы бір мүлік болса, сіз соны жариялаймын десеңіз және оны дәлелдей алатын болсаңыз онда оны декларациялауға сіздің құқығыңыз бар. Бірақ, ол міндетті емес», — дейді премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов.
Айлығы шайлығынан астпайтын азаматтар үшін декларацияның келіп-кетері жоқ. Адвокат Жандос Тұяқов осыған дейін амалын тауып, барын жасырып келгендер бұл кезде де қарап қалмайды деп отыр.
«Бұл көп жағдайда бұл заң мына көлеңке бизнеспен мысалға, коррупция саласындағы азаматтарға қолайсыз болуы тиіс. Қандай да бір заң шықса, оны айналып өтетін жолдар әрқашан болады. Сол себептен бұнда нақты қазіргі таңда осы заңнан кейін бүкіл заңсыз байыған шенеуніктер әшкереленеді дегенге өзім күмәнданамын», — деді адвокат Жандос Тұяқов.
Табыс пен мүлікті жариялауды Қаржы министрлігі кезең-кезеңімен енгіземіз деп жоспарлауда. 2020-дан әрі қарай 5 жылдың ішінде декларациялауды жалпы халықтық сипатқа жеткізбек. Қыруар қаржы бөліп қолға алынған бастама орта жолдан өзгеріп, мың құбылып сала бермесе болғаны.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz