Бөрліліктер «Туған өлкенің көрнекті жерлерінен –қасиетті жерлеріне» атты туристік жорыққа барды
Саяхат жасаған алыс сапар ел тарихымен танысуға, астарлы сырын ақтаруға, өз көзімізбен көріп-білуге қызықтырды.
«Рухани жаңғыру-туған жер тұтастығының негізі» тақырыбында аудандық іс-шаралар кешенін өткізу» әлеуметтік жобасы шеңберінде 2018 жылдың 23 -29 қазаны аралығында Түркістан қаласына «Туған өлкенің көрнекті жерлерінен –қасиетті жерлеріне» атты туристік жорық өтті.
Үш күнге созылған жорықтың алғашқы күні Бабтардың төресі Арыстанбаб кесенесінен бастау алып, Түркістанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Қожа Ахмет Яссауидің қызына арналған «Гаухар ана» кесенесіне барумен жалғасты.
Кесененің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдығын көрдік. Ары қарай саяхат ежелгі Отырар, Сауран қалаларына, Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 42 км жерде орналасқан Үкаша Ата мазарына ұласты.
Үкаша ата дегенде ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Ең алдымен барлығымыз Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқып, кейін барып тау басындағы құдықтансу алдық.
Екінші күні табиғаты әсем, жасыл – желекті табиғатымен әрбіреуіміздің жүрегімізді жаулап алатын Шымкент қаласына жол тартты. Саяхатшыларымыз қасиетті Әулие екі тас мекені «Ғайып ерен Қырық шілтенде» болып, Дендро, Наурыз саябақтарында дем алып,Домалақ ана кесенесіне жол тартты. Қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында Домалақ ана атанған Нұрила кесенесіне келіп зиярат жасадық. Соңынан тоқтаған мекен ол Ақ мешіт үңгірі.
Ақмешіт үңгірімен байланысты бірнеше аңыз әңгіме бар. Солардың бірі бұл үңгірде халық үшін маңызды үлкен мешіт болған. Орталық күмбезге келетін төрт жер асты жолдары болған. Жер қыртысының өзгерістеріне байланысты, жер асты жолдары жабылып, бірнеше жылдар жерастында қалған. Тек, ХХ ғасырдың басында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде күмбезді орын қалпына келтірілген. Ақмешіт атауын алған бұл үңгір, келушілерді өзінің ерекше тылсым дүниесімен қызықтыруда.
Үшінші күні Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне саяхаттады. Саяхат барысында XV ғасырда Қ.А. Яссауиге арнап тұрғызылған кесенесін аралап, ғажайып «Тайқазанды», Ахмет Яссауи мүрдесіне қойылған құлыптасты, Абылай хан ескерткішін көрді, тарихымен танысты. Одан соң Шығыс моншасында болып, ерекше әсер алдық.
Саяхат жасаған алыс сапар ел тарихымен танысуға, астарлы сырын ақтаруға, өз көзімізбен көріп-білуге қызықтырды. Саяхатшылар киелі мекенде тынығып, рухани байлықты бойларына сіңіріп, өз еліне деген сүйіспеншіліктері артып, әсерлі көңіл-күйде оралды.
Лаззат Сыикова
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!