Серікжан Біләш «қытайлықтарға қарсы соғысқа шақырған»

0

Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген Серікжан Біләштің ұсталуына Алматыда 8 ақпанда өткен жиындардың бірінде белсендінің «азаматтарды «жиһадқа» — этникалық қытайларға қарсы соғысқа шақыруы» себеп болған. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура хабарына қарағанда, Біләштің үстінен тергеуді жергілікті тұрғынның арызы бойынша полиция департаменті биыл 21 қаңтарда бастаған.

Ведомство «Біләш сөзінде ұлттық алауыздықты қоздыруға шақырудың болғанын политологиялық сараптама қортындысы, әлеуметтік желіден алынған бейнежазбалар, куәгерлер жауаптары және басқа да құжаттар растаған» деп жазады.

10 наурызда Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде полиция ілінген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті ұстап, Астанаға алып кеткен. «Ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікке ілінген ол 11 наурызда уақытша қамау изоляторынан шығып, екі ай үйқамаққа алынды.

Қарай отырыңыз: Серікжан Біләшті тергеу басталды

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті «тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті» деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келеді.

Азаттық