Астанаға қонған ұшақтағы азаматтың тырысқақ жұқтырғаны «расталмады»

0

Астанаға 11 наурызда 23.50-де Үндістан астанасы Нью-Делиден ұшып келген ұшақтағы азаматтың тырысқақ ауруына шалдыққаны расталмады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап, қазақстандық БАҚ хабарлады.

Министрлік хабарына қарағанда, әуелде тырысқаққа шалдықты деп болжанған азаматтың тамақтан уланғаны анықталған. Ведомство «украиналық азамат ауруханаға жатудан бас тартқан» деді.

11 наурызда түнде Air Astana компаниясының агенті «Үндістаннан келген ұшақта тырысқаққа шалдыққан адам болуы мүмкін» деп хабарлаған.

Министрлік айтуынша, мұнан соң науқасқа жеке әжетхана беріліп, оның борттағы 135 жолаушымен қатынасын «барынша азайтуға тырысқан». «Әуежайда азаматтарды тіркеп, дәрігерлер сұрақ қоюы үшін арнаулы орындар дайындалды. [Аурудың] қандай да бір белгісі болған жағдайда жолаушылар тексеруге жіберіледі» деп хабарлаған министрлік.

Тырысқақ – ағзаға Vibrio cholerae бактериясы бар сумен не тамақпен енген соң пайда болатын ішек инфекциясы. Дер кезінде ем алмаған адам бірнеше сағаттан соң қаза табуы мүмкін.

Азаттық