Жеңіс Қасымбек бастаған Қазақстан делегациясы Өзбекстанға барады
Қысқа сілтеме алу
Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдауды жоспарлап отыр
АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек бастаған делегация Ташкентте үкіметаралық комиссияның 18-отырысына қатысады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осы аптада Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысы өтетінін хабарлады.
«Қос елдің ресми өкілдері арасында бірқатар іс-шаралар, әрі Орталық Азия мемлекеттері арасында көпжақты форматта кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Яғни Ташкентте 15 наурызда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-отырысы өтеді. Қазақстан делегациясын премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, ал Өзбекстан тарапын премьер-министрдің бірінші орынбасары-көлік министрі Ачилбай Раматов басқарады», — деді ол Астанада өткен брифингте.
Отырыстың күн тәртібіне қос ел арасындағы тауар айналымын арттыру, ауыл шаруашылығы, су-энергетикалық, ғарыш және ақпараттық салалардағы өзара іс-қимыл, транзит-көліктік ынтымақтастық, өңіраралық және шекара маңындағы байланыстарды дамыту мәселелері кірген.
«Тараптар сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, білім, ғылым, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Отырыс барысында 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылын өткізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдау жоспарланып отыр», — деп түйіндеді сөзін Айбек Смадияров.
Айта кетейік, биыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы өтіп жатыр.
sputniknews.kz