Қайран бауыр
— Мұқаш-ай!
Қарасазды сағындым-ау!
Сағындым-ау, суымды, тауымды да! —
…Қайран дос, барғанымда осылай деп,
Өрт кетіп өзегіне тарындың-ау!
Көңіліңнен көтеріліп ойран-дауыл,
Кемеңді бұрып еді қайраңға бір…
Сағынған сазын, әне, тауың, әне,
Жатырсың өзің, міне, қайран бауыр!
Үйірінен адасқан тентек едің,
Тентегім-ай, үзілді ерте демің.
…Қарасазың мінеки, әлдейлеуде,
Әлсін-әлі жаңартып көрпелерін.
Мұқағали Мақатаев