Прокурор Оюб Титиевті төрт жылға түрмеге қамауды сұрады

0

Шешенстандағы сот процесінде 11 наурызда прокурор судьядан құқық қорғаушы Оюб Титиевті төрт жылға бас бостандығынан айырып, 100 мың рубль айыппұл салуды сұрады. Бұл туралы Ресейлік «Мемориал» құқық қорғау орталығы Telegram мессенджері арқылы хабарлады.

Ресейлік «Мемориал» құқық қорғау орталығының Грозныйдағы филиалы басшысы Оюб Титиевтің ісі бойынша процесс Шали аудандық сотында өтіп жатыр. Тергеу орындары Титиевке 200 грамға жуық марихуана сақтаған деген айып таққан.

2018 жылы қаңтарда Шешенстанда ұсталған құқық қорғаушы содан бері тергеу абақтысында қамауда отыр. Титиев өзіне «есірткіні әдейі тастағанын» айтып, тағылған айыпты мойындамайды.

Оюб Титиевтің әріптестері оған қолдан жасалған айып тағылды деп санайды. Олар Шешенстан билігі республиканы құқық қорғаушылардан тазартқысы келеді деп мәлімдейді. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бірнеше рет құқық қорғаушылардың қызметін қатты сынаған.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Оюб Титиевке ара түсіп, бірнеше рет мәлімдеме жасады. «Мемориал» қоғамы Титиевті саяси тұтқын деп таныды. Amnesty International халықаралық құқық қорғау қызметі оны ар-ождан тұтқыны деп атаған.

Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ЕКПА) құқық қорғау саласында тағайындаған Вацлав Гавель атындағы сыйлығы өткен жылы Оюб Титиевке берілді. Титиев адам құқығын қорғаудағы батылдығы үшін Мәскеу Хельсинки тобының сыйлығымен марапатталды.

Азаттық