Жәннаттан екі сарай алған кедейдің оқиғасы / Алау ӘДІЛБАЕВ
Бір күні бала-шағасына нан алатын ақшасы қалмаған бір әке қасындағы бай көршісіне барып:
– Өте қиын жағдайда қалдым. Маған жәрдем етіңіз, – деп мұңын шағады. Бұны естіген байдың өңі құбылып сала береді. Шекесін тыжырайтып, жақтырмаған қалпы:
– Бауырым, соңғы кездері жұмыс оңға баспай қойды. Қарық қылып тауып жатқан табыс жоқ. Айыпқа бұйырма, менен көмек күтпе, – деп шығарып салады.
Бала-шағасы аштықтан бұратылған әке, амал жоқ, шығып кетеді. Терең ойға батып келе жатқанда, жолай өзі сияқты жағдайы жоқ досының үйіне соғады. Ол досына:
– Бауырым, сенің жағдайыңның қандай екенін білемін. Алайда, мәжбүр болғандықтан саған келдім. Күні бойы бала-шағам екі көздері төрт болып аштан-аш мені күтіп отыр. Оларға нан аларлық ақша таба алар емеспін, – дейді. Өзінің де жағдайы мәз емес досы түпкі бөлмедегі тартпаны ашып, бар ақшасын алып досының уысына салып жатып:
– Қадірлі бауырым, Алла тағала ешкімді таршылыққа ұшыратпасын. Бала-шағаның ашыққанын мен жақсы түсінемін. Біз, үлкендер үйіндінің ішінен болса да бір нәрсе тауып жерміз. Бірақ, кішкентай бүлдіршіндер оны түсіне ме?! Сен мына ақшаға жолдағы дүкеннен азын-аулақ нәрселер алып, балаларыңа жеткізерсің, – дейді.
islam.kz