«Атажұрт еріктілері» ұйымының кеңсесіне тінту жүргізілгені хабарланды

0

Наурыздың 10-ы күні полиция «Атажұрт еріктілері» ұйымының Алматыдағы кеңсесін тінтіп, компьютер, камера және өзге де заттарды тәркілеп алып кеткен.

«Ол компьютерлерде [Шыңжаңда қысым көрген] азаматтардың куәліктері сақталған еді» деген ұйым өкілі Гүлжан Тоқтасын AFP агенттігіне жексенбі күні.

AFP тілшісі кеңседен шыққан полиция қызметкерлерінің қара түсті пакетпен заттар алып бара жатқан сәтін түсіріп, Twitter-де жариялаған.

Кейінірек «Атажұрт еріктілері» кеңсесі мөрмен бекітіліп, жабылған. Полиция тінтуге байланысты әзірге Азаттыққа жауап бермеді.

Бұған дейін құқыққорғау органдары ұйымның жетекшісі Серікжан Біләшті ұстап, Астана қаласына жеткізген. Астана қалалық полиция департаменті оны «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікпен ұстағанын хабарлаған еді.

Серікжан Біләштің әйелі Лейла Әділжанның айтуынша, полиция Серікжан Біләшті кепілдікпен босату үшін 3 500 АҚШ доллар талап еткенін, ұйым еріктілерінің сол үшін қаржы жинауды жоспарлап отырғанын жеткізген.

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті «тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті» деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келеді.

Азаттық