Әңгіме: Құмарбек Қалиев | Айтайын дегенім
2003 жылы сәуір айының басында мені сол кездегі аудан әкімі Қ.Төлеубеков қабылдауына шақыртыпты. Ол кезде Күршім өндірістік-жол бөлімшесін басқарып жүргенмін.Көктемгі су тасқыны қаупі күшейіп тұрған мезгіл, жолдардың жайы да қай кездегідей, мәз емес.Әрине, басшы шақыртуына қуана қоймағаным рас-ты. Күткенімдей, Қонысбай Қойшыбайұлы әңгімені жұмыстан бастап,мені біраз тығырыққа тіреп терлетіп алған соң:
-Мақалаңызды оқыдым, маған ұнады,өте қажетті мәселені уақытында көтергенсіз.Мені бұрыннан осы сұрақ мазалап жүрген-ді, енді бір шешімге келгендеймін.-деді.
Мен, шыны керек,абдырап қалдым. Аудандық газетпен тығыз байланыста екенім рас, жазғандарымның редакцияда жатқандары да баршылық,оның қайсысы қажетті болғанын қайдан білейін?.. Әкім бетіме бажайлап қарап, менің ештеңе ұқпағанымды байқады-ау деймін, сөзін әрі жалғады:
-Мен Абай ауданында әкім боп тұрғанымда, марқұм Жәнібек Кәрменовті есте қалдыру мақсатында, «Жәнібектің көктемі.., жазы.., күзі..,қысы…»-деп жылдың төрт кезеңінде Жәкең орындаған Арқа әндерінің байқауын өткізіп тұрдым. Жұртшылықтың да,әншілердің де ынтасы керемет болды, өкінішке орай, менен кейін бұл үрдіс жалғасын таппады-Біраз уақыт столға тесіліп отырды да кенет орнынан атып тұрды-Мен Оралханға да сондай байқау жасаймын. Әлі шешкем жоқ қалай аталатынын, бірақ, көріңіз де тұрыңыз, осы жоба жүзеге асады. Ал, Сізге менің ойымды дөп басқан мақалаңыз үшін көп рахмет!-Жылдам басып кеп маған қолын берді…
Мен кабинеттен шыққан соң барып, өткен жылдың аяғына таман өзімнің Оралхан Көшеров туралы мақала жазғанымды, оның әлдебір себептермен жарты жылдай уақыт жарияланбағанын, ал, Қонысбай Қойшыбайұлының жаңағы айтып отырғаны, өзім әлі көрмеген сол мақала екенін ұққандай болдым. Шынында, оны жазуға себеп болғаны-сол кезде Ошан жарықтықтың аты ұмытыла бастаған сыңайлы еді, бірер рет оны еске алу кештері өткізілгенімен, одан әрігетереңдей қоймаған шақ болатын. Мен өз өремде оқушылар мен көркемөнерпаздардыңаудандық байқауларында О. Көшеровтің әндері айтылса, мектептерде оның творчествосына арналған факультативтер өткізілсе.., т.с.с. ұсақ ұсыныстар айтқанмын-ды. Және менің ойым-менің жазғанымды кейбір оқырмандар қолдап өз ұсыныстарын жарияласа, сөйтіп көпшілік арасында резонанс туса, ол жоғарғы билікке жетсе, содан әлдебір шаралар жүзеге асса деген шамада еді… Ал, мақалаға елдің алдымен аудан әкімі үн қатады, ол мынандай үлкен шараны жобалайды деген ой менде болған емес. Шынын айтқанда, онша сеніңкіремегенім де рас.
…Кейіннен білсем, бұл мақаланы «Рауанның» жауапты хатшысы Кәдірбек Айдарханұлы Оралханның туған күніне орайлап өткен жылдан биылғы сәуір айына дейін ұстап келген екен. Ал, газетті бірінші болып Қонысбай Қойшыбайұлы оқиды екен.Мені қайран қалдырғаны-бұл адамның өте шапшаң шешім қабылдайтындығы болды. Оны айтып отырғаным-бұл әңгіме таңертеңгілік жұмыс басталғаннан кейін болған-ды. Сол күні түстен кейінгі әкімдіктің кеңейтілген отырысында алдағы мамырдың ортасында «Оралхан көктемі» атты ән байқауы өтетіні, соған әр ауылдық округтен екі әншіден сазгердің әндерін дайындауын бақылауға алу тапсырылды…
Бұрынғыдан жеткен «Жүйрікте де жүйрік бар-қазанаты бір басқа, жігітте де жігіт бар-азаматы бір басқа»-атты аталы сөз кезіндеМақаншы,Абай, Күршім аудандарының әкімі, облыстық жер қатынастары басқармасы мен ауылшаруашылық басқармасының басшысыболған Қонысбай Қойшыбайұлы Төлеубеков сынды, бірегей жандарға арналған сияқты.Оның тек қана Жәнібек Кәрменов, Оралхан Көшеров сияқты таланттардың рухын халық көңілінде жаңғыртып, олардың айшықты өнерін ғұмырлы еткен осы еңбегінің өзі ғана қай мақтауға лайық-ау…
Құмарбек ҚАЛИЕВ