Қазақстандағы ұжымдастыру — Тарих
Қазақстандағы ұжымдастыру
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Мазмұны [жасыру]
1 Қазақ қоғамын таптық негізде жіктеу саясаты
2 «Кіші Қазан» курсы
3 Отырықшыландыру, қазақ байларын тәркілеу
4 «Қазақ ұлтшылдарын» жазалау
5 Пайдаланылған әдебиет
[өңдеу]Қазақ қоғамын таптық негізде жіктеу саясаты
Бірінші дүниежүзілік соғыс, оның артын ала келген
революциялық өзгерістер, бүкіл Кеңес елінің кеңістігін қамтыған азамат соғысы
қазақ даласына да орасан зор ауыртпалықтар ала келді. 1916—1921 жылдар арасында
аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен
көшіп кеткендердің саны 200 мың адамға жетті. Бұл сол кезеңдегі қазақ халқының
шамамен бестен бір бөлігі еді. Ал 1921— 1922 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын
біржолата тұралатып кетті. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт
өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын ұлғайтып жіберді. Жаңа ғана
орнаған кеңестік билік күйзеліске ұшыраған қоғамның әл-ауқатын жөндеу және
жақсарту қамына кірісудің орнына ең алдымен саяси мәселелерді шешуге басымдылық
берді. Қоғамдық құрылыстың мұндай сипат алуы 1923 жылы 17—22 наурыз күндері
Орынбор қаласында болып өткен Қазақ партия ұйымының III конференциясында анық
байқалды. Ресей Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский
мен Қазақ үкіметі төрағасының орынбасары А.Вайнштейн өздерінің баяндамалары мен
сөйлеген сөздерінде ендігі уақытта ұлттық мүддеге қатысты мәселелерге
басымдылық беруден бас тартып, назарды бұқара халықтың таптық санасын көтеру
ісіне бұруды талап етті.
Бұл іс жүзінде Қазақ елінің өзін-өзі басқару, мемлекеттік
басқару ісінде жергілікті ерекшеліктерді ескеру, мемлекеттік аппаратты
қазақтандыру және басқа осы сияқты жалпыұлттық мәселелерді тым көп көтеруді
тоқтату жөнінде орталықтан берілген нұсқау еді. Сонымен бірге ұлт мәселесінде
«ұстамдылыққа» шакырған орталық, оның есесіне тапаралық қатынастар мәселесінде
ымырашылдыққа жол бермеуге, қазақ кедейлерінің «әлі оянбаган таптық түйсігін»
шайқап, оларды байларға қарсы қоюға үндеді. Бұл қазақ қоғамында үлес салмағы
болар болмас (0,5%-ға да жетпейтін) байлар табына және олардың меншігіне «қызыл
гвардиялық шабуылға» өтуге жасалған даярлықтың көрінісі еді.
Орталық пен оның Қазақстандағы өкілдерінің мұндай ұстанымына
ашық қарсылық көрсеткен жеке қазақ басшылары аз болған жоқ. Солардың бірі —
Смағұл Сәдуақасов қазақ қоғамындағы таптық қайшылықтармен тым әуестенушіліктің
жағымды нәтиже бермейтіндігін, қазақ шаруаларының сол тарихи кезеңде таптық
қанаудан емес, жұмыссыздықтан, шаруашылығын жандандыруға қажет қаржының
жоқтығынан азап шегіп отырғандықтарына, яғни ендігі уақытта елдің революциялық
сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж екенін түрлі дәреже-деңгейде
дәлелдеуге тырысты.
Сондай-ақ С.Сәдуакасов қазақ байларымен күресті төтенше
революциялық шаралар арқылы емес, бейбіт әдіс-тәсілдер арқылы жүргізуді ұсынды.
С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, Ы.Мұстанбаев, Ж.Мыңбаев, С.Қожанов сияқты қазақ саяси
қайраткерлерінің бұл ортак ұстанымын большевиктік басшылық социалистік
құрылысқа қарсы көрсетілген жергілікті ұлтшылдардың қарсылығы ретінде
қабылдады. Ал ұлт қайраткерлері болса ендігі уақытта мұндай ұстанымдарының
ұлтшылдық пиғылдан емес, жергілікті өмір ерекшеліктерінен туындап отырғандығын,
соған байланысты өздерінің шынайы интернационализм ұстанымынан ауытқымағандықтарын
ылғи да дәлелдеп отыруға мәжбүр болды.
[өңдеу]«Кіші Қазан» курсы
Голощёкин Филипп Исаевич
1925 жыл Қазақстан халқы үшін саяси жаңалықтармен басталды.
Қазақстан құрамына Сырдария және Жетісу облыстарының енуі, Орынбор қаласы мен
губерниясының бөлініп шығуына байланысты республиканың әкімшілік құрылымына
өзгерістер енгізілді. Ендігі уақытта Қазақ АКСР-і Адай уезі, Ақтөбе, Ақмола,
Орал, Семей, Қостанай, Жетісу және Сырдария губернияларынан, Қарақалпақ
автономиялық облысынан тұратын болды. Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің
1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен астана Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Жаңа
астанада 15—19 сәуір күндері өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі қазақ
халқының тарихи есімінің патшалык билік тұсында бұрмаланып қырғыз» аталғанын
ескеріп, халыққа өз атын қайтарды. Соған байланысты Қырғыз АКСР-і ендігі
уақытта Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы аталатын болды.
Республиканың жаңа астанасы Ақмешіт каласының аты (бұрынғы Перовск) Қызылорда
болып өзгертілді.
Қазақ қоғамына алаш зиялыларының ықпалының артуынан
қауіптенген орталық билік республикадағы саяси тәртіпті қатаң бақылауға алу
жолына түсті. 1925 жылдың 29 мамырында И.В.Сталин партияның Қазақ Өлкелік
Комитетінің бюро мүшелеріне «Ақ жол» газетінің саяси ұстанымына байланысты
хатын жолдады. Онда И.Сталин өзінің «Ақ жол» газеті материалдарымен танысып,
жарияланған материалдардың мазмұн жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа
Шоқай мақалаларымен сабақтас, жақын екенін айта келіп, мұндай сынға кеңестік
басылымдарда орын берілуге тиіс емес деген тұжырымын білдіреді.
И.Сталин хатындағы екінші мәселе алаштық зиялылар жөнінде
болды. Кеңестік басшы партияда жоқ ұлт зиялыларын саяси және идеологиялық
қызметтерден біржола аластатуды ұсынды.
И.Сталин хатынан соң Қазақстандағы саяси билікке ұлттык
кадрларды тек таптық тегіне қарап тарту кең етек алды. Сонымен бірге бұқара
арасынан іріктелген қызметкерлердің өзін ұлттық сезімі мен ұстанымына
байланысты жіктеу орын ала бастады.
1925 жылы жазда республика басшылығына Орталық Филипп Исаевич
Голощекинді жіберді. Жергілікті жағдаймен танысып алған соң Ф.Голощекин
И.Сталинге арнайы хат жолдап, онда ендігі уақытта басымдылық жалпыұлттық
міндеттерге емес, қазақ ауылын кеңестендіруге, республика өмірінде
коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппараттарын
жергіліктендіруге, яғни қазақ бұқарасына қазақша қызмет жасауға, сондай-ақ
«үлкен саясатқа» емес, калың қазақ бұқарасаның күнделікті мұқтаждықтарын
қанағаттандыруға берілмек екендігін тәптіштеп айтты. Ф.Голощекин ұсынған «Кіші Қазан»
концепциясы осындай тұжырымдардан тұрды және ол И.Сталиннің толық қолдауын
алды.
Қазақстандағы кеңестік мемлекеттік автономия қызметіне
ұлттық сипат, мазмұн беруге күш салған саяси топ (С.Қожанов, С.Сәдуақасов,
Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, т.б.) Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» бағдарламасын қазақ
ауылында «азамат соғысын» тудыру әрекеті есебінде қабылдады. Қазақ
қайраткерлері арасындағы келесі бір топ (О.Исаев, І.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов,
т.б.) ендігі уақытта басымдылықтың жалпыұлттық емес, таптық саяси мәселелерге
берілгенін жөн санады. Республика өміріндегі саяси тартыс, негізінен, осы екі
топтың арасында жүрді.
Ф.Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын
кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді. Сондықтан
да 1926 жылы 20 мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және
жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу
туралы» заң қабылдап, байларды мал жайылымынан айыру шарасын осы жылдың маусым
және шілде айларында бастап кетті.
Шабындық және егістік жерлерді кайта бөлуде бірқатар
қиындықтар кезікті: жерді өлшеу даярлықсыз жүргізілді, болыстық атқару
комитеттері мен ауылдық кеңестерде бұл шараның мақсаты мен мәнін толық түсініп,
оны ақырына дейін жеткізуге мүдделі қызметкерлер аса көп байқалмады.
«Кіші Қазан» бағдарламасы аясында шабындық және егістік
жерлерді қайта бөлу арқылы қазақ ауылында тапаралық «майдан» ашудан үміттенген
кеңестік басшылык бұл үміті ақталмаған соң, жаңа ауқымды да қауырт шараларды
іске асыруды қолға алды.
[өңдеу]Отырықшыландыру, қазақ байларын тәркілеу
1927 жылы ақпанда БОАК төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі
қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Голощекин Қазақстандағы
егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке
қоюға тырысты. Бұл Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков сияқты қайраткерлердің заңды
қарсылығын тудырды. Сол 1927 жылы қарашада өткен VI Жалпы- қазақтық партия
конференциясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттарды жаппай жерге орналастыру
қажеттігі жөнінде қаулы қабылдады. Ол қаулыны БОАК өзінің 1927 жылы 12
желтоқсандағы қаулысында толық мақұлдады. Соның нәтижесінде Қазақстан үкіметі
1928 жылы 4 наурызда «Қазақ АКСР-де жерге орналастыру тәртібі және жерді
пайдалануды ретке келтіру туралы» арнайы қаулы кабылдады.
Бұл қаулыны іске асыру барысында басымдылық қоныс
аударушыларға берілді. Ал көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын
отырықшы тұрмысқа аудару мынадай қарқында жүргізілді: 1930 жылы — 87 136, 1931
жылы — 77 508, 1932 жылы — 77 674 және 1933 жылы — 242 208 қожалықтар арнайы
белгіленген жерлерге орналастырылды. Қазақ қожалықтарын жаппай отырықшы
тұрмысқа аудару оларды мемлекет тарапынан материалдық және қаржылай қолдаусыз,
құр науқаншылық шаралар арқылы жүргізілді.
Бұл зор ауқымды шараларды қауырт түрде іске асыру идеясы,
авторларының көздеген басты мақсаттарының бірі — қоныс аударушыларға молырақ
қазақ жерлерін босатып беру болды. БОАК-тың 1928 жылғы 29 наурыздағы қаулысында
қазақтардың белгіленген мөлшерден артық жерлерін кесіп алу көрсетілді. Осылайша
Кеңес үкіметі қазақ жерін отарлау ісіне жаңа қарқын берді. Бұдан кейін
қабылданған шешімдер мен қаулылар патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау
саясатының қайта тіріліп, кеңестік заманда жаңа бағытта жүргенін байқатады.
1927 жылы желтоқсан айында тәркілеу туралы заң дайындау үшін
арнайы комиссия құрылды. Ал келесі 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын
тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін
қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп
аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу
белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары — соқа-сайман,
арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал
тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың
туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру саясаты
тереңдей түсті.
[өңдеу]«Қазақ ұлтшылдарын» жазалау
Мағжан Жұмабаев
Ә.Бөкейханов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері мен
белсенділерінің Кеңестік билікпен арақатынасы күрделі сипат алды. Мемлекеттік
автономия алудан үміттенген ұлт-азаттық қозғалыс басшылары жаңа билікпен тіл
табысуға ұмтылыс жасады. Өз ретінде кеңестік билік кешегі қарсыластары — Алаш
зиялыларына қатысты екі жакты саясат ұстанды. Алғашқы кезеңде арнайы білімі бар
мамандарға зәрулікті сезіне отырып билік орындары санаулы қазақ зиялыларын
кеңестік кызметке тартуға әзірлігін байқатқанымен, осымен бір мезгілде алаш
қайраткерлері билік тарапынан саяси сенімсіздікке ұшырап, қудалауға алынды. Өз
ретінде ұлт зиялыларының өз ішінде ауызбірліктің болмауы, әсіресе билікке
тартылған кейінгі буын — тәжірибесіз элитаның топшылдық дертіне шалдығуы
империялық күштердің Алаш қайраткерлерімен есеп айырысуына қолайлы жағдай
туғызды. А.Байтұрсынұлы және басқа Алаш көшбасшыларының зиялы топ өкілдерін
татуластыру әрекеттерінен ештеңе шықпады.
Смағұл Сәдуақасов биліктегі топты Мәскеулік әкімшілік
алдында ұлттың ішкі өміріндегі кейбір мәселелерге байланысты толық сыр ашпауға
шакырды. Ал, бірақ Орталық билік қазақ коғамы ішіндегі саяси ағымдар мен
ұстанымдар жөнінде толық мәліметті сол қазақ қызметкерлерінің өздерінен-ақ алып
отырды. Басқаша айтканда, империялық ұстанымдағы орталыққа қазақ қоғамының ішкі
өміріндегі процестерді бақылап, өзіне тиімді бағыт-бағдар беріп отыру қиынға
түскен жоқ.
1926 жылы 12 жоне 14 қараша күндері Мәскеуде, Бүкілресейлік
Орталық Атқару Комитетінің кезекті сессия жұмысына қатынасуға келген ұлттық
автономиялық құрылымдардың 49 басшы қызметкерлері «националдар кеңесі» аталған
жиналыс өткізеді. И.Сталиннің келісімінсіз өткізілген бұл кеңесте тыңдалған
баяндамалар мен жарыссөзде орталық биліктің Ресей федерациясы құрамындағы
ұлттық, автономиялық құрылымдарға жергілікті халықтардың мүддесі сол бұрынғы
күйде ескерусіз аяқ асты қалып қойғандығы жан-жақты талқыға алынады. Кеңес
жұмысына Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Т.Рысқулов басшылык
жасайды. Бір ауыздан қабылданған қарарда кеңеске катысушылар ұлттық
автономияларда қалыптасқан жағдайды өзгерту мақсатында ұлттық мәселелер бойынша
кезекті кеңесті шақыруды талап етеді.
И.Сталиннің наразылығын туғызған бұл кеңес туралы орталықтың
ызғарлы ұстанымын Ф.Голощекин тез арада «қазақ ұлтшылдарын» жазалау мүмкіндігі
ретінде пайдаланды. Мәскеудегі «националдар кеңесінің» ізін ала Қызылордада
өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің III Пленумы (1926 ж. 25—30 қараша)
құрамында С.Сәдуа- қасов, С.Қожанов және Ж.Мыңбаев бар «ұлтшылдар» тобының
қызметі жөнінде мәселе қарап, «қазақ ұлтшылдығын» үзілді-кесілді айыптаған қаулы
кабылдайды. Бұл іс жүзінде республикадағы жоғарғы билікті «ұлтшылдардан»
біржола тазарту шарасының өзі болатын. Саяси қудалауға ұшыраған Ж.Мыңбаев пен
С.Сәдуақасов көп ұзамай өмірден өтті (1929, 1933 жж.), ал С.Қожанов болса,
біржола саяси қызметтен ығыстырылды.
Жоғарғы басшылықтың құрамындағы «ұлтшылдарды» қызметтен
аластай отырып, Ф.Голощекин 1927 жылдың күзінен бастап Мәскеудің қолдауына
сүйеніп, ұлт-азаттық козғалыс қайраткерлерін соттау шараларын іске асырды. 1928
жылы қазанда Қызылорда абақтысында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасов
бастаған 44 Алаш зиялылары қамауда отырды. Олардың төртеуі атылды, біреуі
конц-лагерьде өлді, қалғандары он жыл түрмеге камау жазасына кесілді. 1930 жылы
М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев және басқалар бар 40 Алаш қайраткерлері
қамауға алынып, олардың он бесі бес жылға Воронежге жер аударылды. М.Әуезов,
Ә.Ермеков және М.Жұмабаев «ұлтшылдық» идеологиясынан бас тартатындықтары
жөнінде баспасөз арқылы мәлімдеді.
Большевиктік режім осылайша қазақ ұлт-азаттык қозғалысының басында
тұрған зиялылар тобын, олар қалыптастырған азаттық идеологиясын жойып тынды.
Қазақ қоғамы мәскеулік биліктің ұлт-азаттық қозғалыс басшыларына көпе-көрнеу
жасаған қиянатын көзімен көрді, ендігі уақытта оның айтқанына көнбеген күнде
сол алашордалықтардың кебін киетіндігін жаксы түсінді. Бұл қоғамның рухани
азып-тозуына апармай қоймайтын жол еді.[1]
[өңдеу]Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми
мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык- гуманитарлык бағытындағы
11-сыныбына арналған оқулық / М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. —
Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 304 бет,суретті. ISBN 9965-36-106-1