Заң жобалары мақұлданды
Соның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Оның айтуына қарағанда, заң жобасы кейбір заңнамалық актілерге бұрын есірткілердің қатарына енгізілмеген тез жасалатын синтетикалық психотроптық заттарды айналыстан дереу алуды қарастыратын толықтырулар енгізеді. Мұндай тәртіптер қазір әлемнің көптеген елінде қолданылады екен.
Жиында депутат Ерсұлтан Бектұрғанов қазір синтетикалық есірткілердің түрлері өте көбейіп кеткендігі белгілі екенін, ал сол заттар біздің елімізге қандай жолдармен енгізіліп жатқанын айтып беруді сұрады. Оған синтетикалық есірткілердің Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен келетіндігі айтылды. Осыған дейін синтетикалық есірткіге байланысты 125 қылмыстық іс қозғалған екен. «Соның 89-ын жабуға мәжбүрміз, өйткені біздің заңдарымызда оларға қатысты қылмыстық іс арнайы қарастырылмаған», деді министр. Сонымен бірге ол синтетикалық есірткілерді сатуды қылмыскерлер интернет арқылы өздеріне ғана түсінікті әдістермен хабарлайтынын айтты. Депутат Михаил Чирков қолданыстағы заңнамамен оларды құрықтауға нақты не бөгет екенін сұрады. Оған министр қолданыстағы есірткіге қарсы күрес туралы заңнамада синтетикалық есірткілер нақты аталмағанын, тек есірткінің аналогі деген термин көрсетіліп, олардың тізімі берілгенін айтты. «Сондықтан адам ағзасына теріс әсер беретін психотроптық заттар, синтетикалық есірткілер дегенді енді атап көрсететін боламыз, сонда оларға қарсы заңнама шеңберінде шара қолданылатын болады», деді ол.
Депутаттар бұдан кейін де көптеген сұрақ қойып, көп мәселені анықтап, қосымша баяндама мен талқылаудан кейін заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Жалпы отырыста бірінші оқылымда қаралған екінші заң жобасы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Заң жобасы туралы баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы Елбасының жұмыспен сапалы қамту және әлеуметтік қамтамасыз етудің әділетті жүйесін қалыптастыру туралы берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Заң жобасы жұмыспен бейресми қамтылған тұрғындарды жүйелі шаралар жасау арқылы елдің экономикасына тартуды көздеген. Бұл шаралар азаматтарға өзінің іс-әрекетін ашық жүргізіп, зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік және медициналық қамсыздандыру жүйелеріне мүшелік жарна төлеу арқылы қатысушы болуды мақсат еткен.
Депутаттар баяндамашыға сұрақ қойып өздеріне түсініксіз мәселелерді анықтады. Әсіресе, жеке адамдардың біртекті жиынтық төлем төлеуі туралы норманы депутаттар ұзақ талқылады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де осы норманың аяғына дейін жетілдірілмегенін тілге тиек етті. Норманың негізгі мақсаты барлық жұмыспен қамтылғандарды есепке алу ғой, ал біртекті жиынтық төлем міндетті емес. Бірақ ол азаматтардың тегін медициналық көмек алу сияқты ынталандыруларды қамтуы керек, сонда ол міндетті медициналық қамсыздандыру жүйесінің қатысушысы болады. Сонымен бірге ынталандырулар азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуына жағдай туғызуы керек, деді ол. Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы әлеуметтік төлемдерден босатылғандарға (мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.) мұндай ынталандырулар керек емес, өйткені өздерінің зейнеткерлік жарналарын олар төлеп болған, ал міндетті медициналық қамсыздандыруға олар үшін мемлекет төлейді дей келіп, Төраға заң жобасын екінші оқылымға дайындағанда осы норманың қажеттілігіне назар аударуды ұсынды.
Осындай талқылаулардан кейін заң жобасы бірінші оқылымда толықтай мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»