Головкин мансабын қашан аяқтайтыны белгілі болды

0

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин DAZN компаниясымен келісімшартқа отырғанын мәлімдеді.

Жаңа келісімшарт бойынша Геннадий Головкин үш жылдың ішінде жылына екі жекпе-жектен өткізетін болады. Әр айқасы үшін GGG қомақты қаржы алады. Келісімшарттың мерзімі аяқталғаннан соң Геннадий Головкиннің де мансабы аяқталады. Бұл туралы DAZN компаниясы ресми мәлім етті. Геннадий Головкин сәуір айында 37 жасқа толады, демек 40 жасында бокспен қош айтысады.

Сондай-ақ, GGG-дің қашан жекпе-жек өткізетіні белгілі болды. Ол 8-ші не 16-шы маусым күні жекпе-жек өткізуі қажет. Әзірге қарсыласы белгісіз. Бастапқыда қазақстандық боксшы WBO чемпиондық белбеуінің иегері Деметриус Андрадемен кездесуі мүмкін екені хабарланған еді. Алайда америкалық боксшы 24 маусым күні жекпе-жек өткізетін болды. Ал Геннадий Головкиннің екінші айқасы қыркүйек айында мексикалық Сауль Альвареске қарсы өтуі қажет. 

Өткен жылдың желтоқсан айында орта салмақтағы әлем чемпионы Сауль Альварес DAZN компаниясымен 365 миллион долларға келісішартқа отырған болатын. «Канело» 5 жыл ішінде 11 жекпе-жек өткізуге міндеттелді.

Естеріңізге сала кетейік, орта салмақта WBC, WBA Super, IBF және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін өткен жылдың қыркүйек айында өткізген болатын. Мексикалық Сауль Альвареске қарсы кездесуде қазақстандық боксшы төрешілердің шешімі бойынша жеңіліс тапты.



Дереккөз: prosports.kz/kz