Алматыда жылына 2% ипотекаға құжат қабылдау қашан басталады

0

Өмірлік қиын жағдайға душар болғандарға бір рет берілетін жәрдемақы 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге көтерілмек.

Алматы билігі әлеуметтік осал топқа жататын халықты қолдау жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кірісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қала әкімі Бауыржан Байбек тұрмысы төмен, оның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдауға жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты.

– Мемлекет басшысы айтқандай, әрбір отбасы реформалардың нәтижесін ұзақмерзімді болашақта емес, дәл қазір сезінуі тиіс. Табысы төмен азаматтардың табысын көтеру үшін, баспананы қолжетімді ету үшін, сапалы білім мен сапалы медицина, сондай-ақ өңірлерді дамыту үшін Президент қосымша 2 трлн теңге бөлуді тапсырды. Сол мақсатта Алматыда нақты іс-жоспар жасалды, оның ішінде қалалық әлеуметтік «Бақытты отбасы» бағдарламасы қабылданды. Бұл дегеніміз – жеңілдетілген ипотека, мектеп оқушылары мен студенттерге стипендия, бір реттік төлемдер, жұмыспен қамту және т.б. Жалпы, тұрмысы төмен, оның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдауға жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек, – деді әкім.

11 наурыздан бастап Алматыда қалалық «Бақытты отбасы» арнайы баспана бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталады. Бастапқы жарна пәтер құнының 10% құрайды, ставкасы — 2%. Кезекте тұрған көпбалалы және толық емес 1276 отбасының көпшілігінде ақша жоқ болғандықтан, қала бюджетінен 1 млн теңгенің баспаналық сертификаттары бөлінеді.

Сол күннен бастап Алматыдағы жағдайы төмен отбасылар үшін екінші баладан бастап балабақша тегін болады.

Ал 20 наурыздан бастап тұрмысы төмен отбасылардан 4 мыңға жуық оқу озаты тұңғыш рет стипендия ала бастайды. Мектеп оқушыларына ай сайын 5 мың теңгеден, колледж бен университет студенттеріне –10 мың теңгеден беріледі.

Өмірлік қиын жағдайға душар болған адамдарға берілетін бір реттік жәрдемақы сомасы 25 мың теңгеден 50,5 мың теңгеге дейін көтеріледі. Көтерілген төлемдер 15 наурыздан бастап беріле бастайды, оны шамамен 5 мың адамға беру жоспарланған. 15 наурыздан бастап тұрмысы төмен отбасылардың ыстық және суық су есептеуіш құралдарын орнатуына берілетін төлем 70% өседі, ол 5 мың теңгеден 8,6 мың теңгеге көтерілмек. Сонымен бірге ондай отбасыларға коммуналдық шығындарының 5% қайтарылады.

1 наурыздан бастап жұмыссыз аналар үшін кәсіби оқыту курстары ашылып, ай сайын 16,7 мың теңгелік стипендия тағайындалған.

Сәуірде бір терезе қағидатымен қызмет көрсететін Көпбалалы аналар орталығы ашылады. Аналардың ыңғайы үшін орталықтың ішінде мини-балабақша да ұйымдастырылады.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz