Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Елшісін қабылдады

0

Мәжіліс Төрағасы екі елдің сындарлы және достық қатынастары одан әрі тереңдеп, кеңейе түсетініне сенім білдірді.

Бүгін, 7 наурыз, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тацухико Касаиды қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрлан Нығматулин Елшіні Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, екі елдің сындарлы және достық қатынастары одан әрі тереңдеп, кеңейе түсетініне сенім білдірді.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның Премьер-Министрі Синдзо Абэнің тұрақты байланыстары елдер арасындағы ықпалдастықтың дамуына қуатты серпін беріп, оны кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткенін Палата Спикері атап өтті.

Осы орайда Нұрлан Нығматулиннің ядролық қауіпсіздік пен орнықты даму саласындағы ынтымақтастықпен қатар екі жақты және «Орталық Азия + Жапония» диалогы аясында жоғары технологиялар, байланыс, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы саласындағы өзара серіктестікті күшейтуге назар аударды.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Жапония парламентшілерінің өзара іс-қимылы Астана мен Токио арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде, Тацухико Касаи Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарының даму қарқынын жоғары бағалап, біздің еліміздің барлық салаларындағы белсенді дамуын атап өтті. Сондай-ақ, Жапон Елшісі Қазақстанның және Президентіміздің ауқымды бейбіт бастамаларының маңыздылығына тоқталды.

Сонымен бірге Тацухико Касаи екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту үшін бірге жұмыс істеуге толық дайын екендігін жеткізді.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz