«Ақжайық» екінші оқу-жаттығу жиынын тәмамдады
«Ақжайық» ФК екінші оқу жаттығу жиынын аяқтады. Түркияда өткен жиында негізгі күш команданың құрамын жасақтауға жұмсалды. Қаралымға келген шетелдік және отандық ойыншылар сыналды. Бапкерлер қосынының көңілінен шыққан тәжірибелі шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов, қорғаушы Ильнур Мангуткин және болашағынан үлкен үміт күттіретін Арман Смаилов және Наурызбек Жагоров сынды ойыншылар келісім-шартқа отырды. Cондай-ақ команда қосынына бразилиялық Мелло Корбеллини қосылды.
Бұл жиын барысында да команда бес жолдастық кездесу өткізді.
Алғашқы ойынды Арменияның «Ширак» клубымен өткізген Сергей Зайцев шәкірттері 2-0 есебімен жол берсе, павлодарлық «Ертіске» қарсы ойында Әділет Болатовтың соққан голының арқасында жеңіске жетті. Ал, «Слога Македония» командасына қарсы өткізген ОЖ жиынындағы үшінші ойын 1-1 есебімен аяқталды.
Ал, команда құрамына биыл қосылған жастарды сынаған беларусьтық «Гомель» футбол клубына қарсы ойын өте тартысты өтті. Бапкерлік штабқа өздерінің бар қырын көрсетуге тырысқан жас ойыншылар аянған жоқ. Терезесі тең өткен ойынның тек соңғы минуттарында өзекті өртеген гол жіберіп алды жастар. Дегенмен, бұл ойынға қатысқан әр футболшы мақтауға лайық екенін бас бапкердің өзі атап өтті.
ОЖЖ-дағы соңғы ойынын «Ақжайық» украиналық «Днепр» клубына қарсы өткізді. Алғаш болып гол жіберіп алғанына қарамастан, Сергей Зайцев шәкірттері ойын тізгінін қолдарына ала алды. Украиндардың тез голына қарымта голмен жауап қатып, артынша есепте алға шыққан «Ақжайық» ойыншылары кездесудің алғашқы бөлігін өз пайдасына аяқтады. Гол авторлары: Роман Павинич және Арман Смаилов. 2-1 есебі ойынның 75-минутына дейін сақталып тұрды. Алдымен «Днепр» ойыншылары пенальтиден есеп теңестірді. Кейін қарымта шабуылды тамаша түйіндеп, жеңіске жетті.
Екі шетелдік оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бірнеше клубпен жолдастық кездесу өткізген «Ақжайық» клубының маусымға дайындығы туралы бас бапкер Сергей Зайцев:
— ОЖЖ-дағы барлық ойындарды ауыр жағдайда, қиын жаттығулардан кейін өткіздік, қандай да бір ойынға арнайы дайындалған жоқпыз. Осы екі жиынға жоспарланғанның барлығын орындадық. Екі ОЖЖ ұйымдастыру мен өткізуге көмектескен әкімшілігімізге үлкен алғыс білдіреміз. Биылғы «Ақжайық» жаңадан құрылып жатыр. Командаға жас ойыншылар қосылды, оларды бір-бірімен ұйымдаса ойнауға жұмылдыру қажет. Біздер үлкен жұмыс атқардық. Қазіргі уақытта команда 80 пайызға жасақталды деп айта аламыз. Маусым басталғанша бір ай уақыт бар, ойынымызды жақсартып, құрамымызды одан әрі нақтылай түсеміз. Ал бүгінгі ойынға қайта оралар болсақ, соңғы минуттарда гол жіберіп алуымыздың себебі де ұзақ жаттығулардан қажығандықтың белгісі. Әр жеңілістен оң сабақ шығара алсаң, ол жемсін берері сөзсіз, десе, команда капитаны Бауыржан Омаров:
— Екінші ОЖЖ аяқталды. Көп жұмыс жасадық. Бірнеше кездесу өткіздік. Осының барлығы командамызды күшейте түсті. Соңғы ойынды украиналық «Днепр» командасымен өткіздік. Өздеріңіз білетіндей, «Днепр» командасы — Украинаның өте жақсы командаларының бірі. Еуропа Лигасының финалында өнер көрсеткен ұжым. Қандай құрамда болса да, өздерінің тарихы бар команда. Соған қарамастан, біздер өзіміздің жақсы жақтарымызды көрсеттік. Ендігі уақытағы жоспарымыз: екі жиында жасаған жұмыстарымызды Қазақстан чемпионатында іске асыру. Біздің мақсатымыз тек қана Жоғары Лигаға шығу және біз сол бағытта жұмыс жасаймыз,-деп команданың екінші оқу жаттығу жиынын қорытындылады.
Дереккөз: prosports.kz/kz